Жаңалықтар

«Сергек» астаналықтарды сергітті ме?

«Сергек» жүйесі енгізілгеннен бері жол-көлік оқиғасының саны 21 % азайған.
«Сергек» астаналықтарды сергітті ме?
14.08.2018 16:32 8362

2017 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Астанада «Сергек» фото-бейне тіркегіштер жүйесі іске қосылғаны белгілі. Осы уақыт аралығында «Сергек» темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілерді сергіте алды ма? Әкімдік берген мәліметке сенсек, «Сергек» жүйесі енгізілгеннен бері жол-көлік оқиғасының саны 21 % азайған.

Бұл ақпарат күні кеше ғана елорда төрінде өткен жергілікті атқарушы органдардың цифрландыру күні аясында белгілі болып отыр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды көздеген аталмыш ауқымды шараға Астана қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары әкімдігі өкілдері сондай-ақ «Зерде» Холдинг» АҚ және IT нарығы мамандары қатысты.

Шара неге цифрландыру күні деп аталды? Себебі, бұл – мемлекеттік органдар мен IT нарығы өкілдерінің арасындағы диалог. Негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың нарықтық ұсыныстарға ашықтығын көрсету. Әрі IT нарығын мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Астана қаласы әкімдігі берген мәліметке сенсек, «Сергек» фото – видеотіркеу жүйесі енгізілгеннен бері шаһарда жол-көлік оқиғасы біршама азайған.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, 2017 жылмен салыстырғанда Астанадағы жол- көлік оқиғасы 21 %, жол апатынан жарақат алғандар саны 20 %, азайса, оқыс оқиғалардың саны екі есеге төмендеген. Елорда әкімдігі тұрғындар үшін бас қаланы барынша жайлы әрі қолайлы ету үшін  цифрландыру бағытында тағы бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Мәселен, қылмыскерді болжау мен бағалау және бет-бейнені предиктивті талдау сынды тың сала енгізілмек.

«Сергек» жүйесі Астана қаласына «Смарт Астана» жобасы аясында орнатылғанын айта кеткеніміз жөн. Мамандардың айтуынша қазір шаһар бойынша 400 бейне-бақылау камерасы қойылған.

«Сергек» жүйесі жол ережесін бұзған жүргізушіні қандай қашықтықта анықтай алады?

Қаладағы көлік қозғалысын арнайы экрандар арқылы бақылап отыратын ТОО «Көркем-телеком» ЖШС директоры Әсет Ахметовтың айтуынша, «Сергек» жүйесі орта есеппен жол ережесін бұзушыларды 50 метр жерден жазбай таниды. Десе де бұл көрсеткіш түрлі факторларға байланысты өзгеруі де мүмкін. Әсет Ахметов көлік тізгіндеген жолаушыларға қашықтық санағаннан гөрі, мейілінше сақ болып, жол ережесін бұзбауға кеңес береді. Маманның пікірінше, түрлі нюанстар болуы мүмкін, фото-бейне бақылау жүйесі 80 метр максималды қашықтықта жол ережесін бұзған жүргізушіге анық фиксация жасаса, минималды көрсеткіш 30-40 метр.

 

«Сергек» фото-бейне бақылау камерасы жол ережесін бұзушы туралы ақпарды алдымен жол инспекторларына жібереді. Ал, жүргізушілерге жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл туралы ескертуді Астана қаласының Ішкі істер департаменті жолдайды. Әзірге бұл бағыттағы жұмыс әлі де жетілдірілуде.

«Сергек» видеотіркеу жүйесі жол ережесін бұзу фактісінің үш түрін  анықтай алады. Олар: жылдамдықты асырған көліктер, бағдаршамдағы «Stop» сызығына шығып кеткен көліктер және автобус жолақтарымен жүрген темір тұлпарлар. «Сергек» видеобақылау жүйесін «Көркем-телеком» ЖШС жасап шығарғанын айта кеткеніміз абзал.

Әсет Ахметов Астана қаласының жолдарында 300, ал жол қиылыстарында 400-ге жуық камера орнатылғанын айтады. Елорда көшелерінде жалпы саны 13 000 камера ілініпті. Бұған қоса қоғамдық көліктер қатынайтын жолдарда да «Сергек» камералары ілініпті.

Қазір Астана қаласының әкімдігі Smart – денсаулық, iKomek қалалық жедел мониторинг және ден қою сондай-ақ «Сергек» интеллектуалды көлік жүйесі және фото – бейне фиксациялау жүйесі сынды қала тұрғындары үшін маңызды төрт ірі жобаны жүзеге асыруда. Бұл жобалардың қай-қайсысы да «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында шаһар тұрғындарының өмірін қолайлы ету мақсатында жасалып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға