Жаңалықтар

«Семей» атауы «Жеті шатыр» сөзінен шыққан ба?

Тарихи деректер  
«Семей» атауы «Жеті шатыр» сөзінен шыққан ба?
26.04.2017 10:32 18453

«Семей» атауын көбінесе «Семь палат» –  «Жеті шатыр» сөзінен шыққан дейтініміз рас. Қала тарихын 1718 жылы орыстар салған бекініспен байланыстыру қаншалықты дұрыс? Мәдениеттанушы, ақын-сазгер Құсмілия Нұрқасым Семейдің 840-940 жылдары Қимақия мемлекетінің астанасы болғанын, осы ғасырда Ертістің оң жағалауында Қимақ Одағына кірген тайпа санына сәйкес жеті тас мешіт бой көтергені жайлы жазады. Ендеше, Құсмілия Нұрқасым сүйенген ғалым Асан Омаровтың «Қазақия» атты кітабындағы деректерді біз де қайталап көрейік:

840-940 жж. Көне Семей шаһары Қимақия мемлекетінің астанасы. Осы ғасырда Ертістің оң жағалауында Қимақ Одағына кірген тайпа санына сәйкес жеті тас мешіт бой көтереді.

X ғасырда көптеген араб саяхатшылары, ал, XIII ғасырда итальян жиһангері Плано Карпини Орта Ертіс шаһарына ат басын тірейді. Қала туралы жазба деректерін қалдырады.

1368 жылы өзінің қалың әскерімен Бұқара, Самарқанттан шығып, қазақ сахарасын қиып өтіп, Орта Ертіс бойына ат басын тіреген Ақсақ Темір құлап жатқан жеті тас мешітті қайта қалпына келтірген деп жорамалданады.

1616 жылдың 25 сәуірінде орыс патшасы Михаилдың Грамотасында «Ертіс бойында тас мешіттер бар, оларды тексеру керек» деп көрсетіледі. Бұл құжат – Грамотаны орыс ғалымы  Г.Миллер Тюмень архивінен тауып алып, ғылыми айналымға енгізді.

1653 жылы Қытайдағы орыс елшісі Ф. Н. Байков Ертіс жағалауындағы ірі құрылыс – «Жеті тас мешітті салдырған бұхаралықтар екен» деп ресми орындарға рапорт жолдайды. (ҚСЭ. 10-том, 114-бет)

1660-1758 жж. Көне сауда қаласы орнына Жоңғар мемлекетінің қаласы орнықты. Қала Тархан Доржы деген дінбасы атымен  Доржынкит (немесе Доржынкент) деп аталды. Қалмақтар будда дінінің  ламаизм деген бағытын ұстанған.

1670 жылдары Жеті мешіт Доржы прәдардың басшылығымен күрделі жөндеуден өтіп, будда монастырлерінің кейпіне енді. Бұл туралы XVII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген архэолог-зерттеуші Н. Абрамов дерек қалдырды.

1718 жылы Көне Семейден 10 шақырым төмен, оң жағалауда Петр Бірінші патшаның жарлығы бойынша әскери қамал – «Семьпалаттың» іргетасы қаланды.

1995 жылғы 7 тамызда Семейде Ұлы Абайдың 150 жылдық тойы ЮНЕСКО-ның туы астында басталды.

2007 жылдың 21 маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласы Семей қаласы болып аталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға