Жаңалықтар

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда»: Әншілер неге өзі туралы кино түсіреді

Осы аптаның премьералар күнтізбесіне әнші Төреғали Төреәлі түскен «Ұлы дала комедиясы» деген фильм ілініпті. Осыдан келіп заңды сұрақ туындайды: біздің әншілер неліктен өзі туралы кино жасайды? Өйткені Төреғалидің оқиғасы алғашқы емес қой. Оған дейін де ұқсас жағдайлар болған, одан кейін де талай әнші өмірбаянын көркем жанрда ұсына бермек. Бұның себебіне үңіліп көрейік
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда»: Әншілер неге өзі туралы кино түсіреді
16.10.2018 15:23 11062

Әншілердің кинода өз-өзін ойнауы туралы айтқанда алдымен Баян Есентаеваның 2010 жылғы «Ғашық жүрек, или Коктейль для звезды» музыкалық мелодрамасы еске түседі. Асқар Ұзабаев режиссерлік еткен картинаны көпшілік жақсы қабылдады. Бұған дәлел ретінде прокаттағы табысын айтуға болады – 500 мың долларға түсірілген жоба үлкен экран арқылы 1 миллин доллар тапты. Яғни «Ғашық жүрек» - Қазақстан киносының тарихында өзін коммерциялық тұрғыдан ақтаған өте сирек киножобалардың бірі. Көрермендердің пікірлері де көбінесе оң болды. Бұндай жетістік екінші бөлімін жасауға себеп болды.

Осы бағыттағы кинотуындылардың көркемдік һәм техникалық кемшіліктеріне қарамастан көрермен алдында табысты қылатын екі факторды атауға болады. Біріншісі, «шын оқиғаға құрылғандығы». Көрермен экраннан көріп жүрген, сұхбатын журналдардан оқып жүрген әншінің жетістікке қалай жеткенін, өзі секілді қарапайым адамнан жұлдызға айналғанын көргісі келеді. Оның шын өмірде кездесетін кәдімгі қиындықтарға қалай төтеп бергені көрерменге қызық. Екіншіден, әншінің өзі айта бермейтін интим оқиғалар мен ел аузындағы қауесеттің шындығын көріп қаламын ба деген үміт пайда болады.

Кино жасаушыларға бұл факторлар таптырмас құрал. Жарнамасында халықтың қызыққанына  жауап табылады дегендей ишара білдіріп, қызығушылықты арттыра түседі. Оның үстіне әнші туралы кино – жақсы PR қадам. Басты кейіпкердің кейбір кемшіліктері мен ағаттықтарын көркем сюжет (ойдан құрыстырылған деп түсініңіз) арқылы жуып-шайып, әзілмен немесе жанашырлық тудыратын әрекеттермен ұмыттырып жіберуге болады.

Өйткені көрермен үшін фильмнің көркем жанрда екені маңызды фактор емес қой. Бірінші кезекте ол сүйікті әншісін көруге келеді. Бұндайда сюжеттің 10 пайызы шындыққа сүйенген де, қалғаны сценарийшінің ой жемісінің нәтижесі екені кейінгі планға ысырылады. Мысалы Төреғали Төреәлі түскен комедияны алайық. Жарияланған синопсисіне сенсек фильм фантастика элементтері бар комедия болады: атақты әнші үнемі ел аузында, жұрт алдында жүретін танымал өмірінен шаршап, ешкім танымайтын қарапайым адамға айналайыншы деп тілек тілейді. Сөйтіп тілегі орындалып, қарапайым шаштаразбен денесі ауысып кетеді. Бірақ фильм Төреғалидің басынан өткен былтырғы даулы оқиғадан кейін түсірілгенін ұмытпаңыз. Әнші сахнада ән айтып тұрып, залдағы көрерменмен сөзге келіп қалып еді ғой. Осы оқиғадан кейін оған біраз сын айтылғаны бар. Енді синопсисін тағы бір оқыңыз; ел алдында жүру, әр ісің мен сөзің талқыға түсетін тұлға болу оңай емес деген жасырын месседжді аңғару қиын емес.

«Ғашық жүректегі» Мөлдір Әуелбекова мен Мейрамбек Бесбаевтың қарым-қатынасы да, кинодағы Мөлдірдің өмірі де шындықпен жанаспайтыны белгілі ғой. Жаңа айтып кеткен кинодағы Төреғалидің оқиғасы да фантастика ауылынан әкелінген. Бірақ өмірде бар адамдардың кинода өзін-өзі ойнауы, сюжеттің шынайы еместігіне қарамастан, көрерменге бір табан жақындата түседі. Оның үстіне Баян Мақсатқызының да өз көздегені болған секілді, соның ішінде қазақстандық шоу-бизнестің сахна сыртындағы сырлары, қызғаныш пен көреалмаушылық,уәжсіз бәсекелестік мәселесі көрсетіледі.

Ұқсас жағдай Қайрат Нұртастың да басынан өтті. «Өкініш» деп аталатын драма әншінің өмірін суреттеп, жұрт біле бермейтін оқиғаларды баяндауы тиіс еді. Прокаты рекордсыз болмады: фильм ел ішінде 46 көшірмемен шыққан, бұл сол кезде қазақ киносындағы ең үлкен тираж болып саналды. Кәсіби сыншылардың негатив пікіріне қарамастан, «Өкініш» прокатта жеті апта көрсетіліп, нәтижесінде 95 миллион теңге (628 мың доллар) табыс әкелді (бюджеті шамамен 500 мың доллар). Бұндайда екі тарап – көрермен де, фильмді мақсатты түрде шығарушы да өз қалағанын алады: көрермен кумирін тани түседі, шығарушы өзінің маркетинг һәм PR қадамын іске асырады.

Біраз дау туғызған Ninety One тобы да бұл тенденциядан қалыс қалмады. 2017 жылы шыққан аттас өмірбаян картина тым ерте шығарылғандай болып еді. Өйткені топтың құрылғанына екі жылдай ғана уақыт өтті, айтылатын әңгіме әлі алда секілді болып еді. Бірақ продюсер жігіттер танымалдылықтың шыңында тұрған сәтті барынша пайдаланып қалуға тырысқан тәрізді. Фильм қаржылық тұрғыдан өзін ақтамаған шығар (Ticketon сайтының мәліметіне сенсек жалпы табысы 42 млн теңге, ал бюджеті 100 мың доллар – екі шаманы бір валютаға айырбастап салыстырсақ бірдей сома шығады), бірақ фанаттар үшін бұл керемет сыйлық болғаны анық.

Сонымен әншілер өзі туралы киноны қандай себеппен түсіреді екен:

- Өзін немесе өзіне қатысты брендті қосымша жарнамалау, сәтін салса – мүмкін прокат арқылы қосымша қаржылай пайда;

- Өзіне қатысты белгілі бір негатив ақпараттан немесе айыптан құтылудың жолы;

- Тыңдармандарымен жақындасудың тағы бір мүмкіндігі;

- Өмірінің немесе шығармашылық жолының белгілі бір кезеңін қорытындылау, есеп беру.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға