Жаңалықтар

«Келесі жобам – «Компьютерлік дамытушы ойындар»

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарының бірі Сымбат Әбдрахмановамен сұхбат
«Келесі жобам – «Компьютерлік дамытушы ойындар»
26.04.2019 16:32 6475

– Сымбат, сіздің жан-жақтылығыңызға қайран қаламын. Мультфильмдер жасап, қазіргі қоғамның басты тақырыбы – суицидті зерттеп, жасөспірімдер арасындағы психологиялық өзгерістерді анықтайтын тестті де құрастырып жүрсіз. Осылардың ішіндегі өзіңіздің ең ірі жобаңыз – балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мультфильмдер құрастыру идеясы қашан пайда болды?

2012 жылы Қызылорда облыстық оқу орталығының мүмкіндігі шектеулі, психологиялық өзгерістері бар балалармен жұмыс жасайтын бөліміне жұмысқа тұрдым. Бұл – дефектолог, логопед, психолог, әлеуметтік педагог секілді мамандарға әдістемелік көмек беретін бөлім. Шыны керек, сол уақытқа дейін мүмкіндігі шектеулі балалар туралы естігенім болмаса, олармен тығыз жұмыс істеп көрмеген екем. Мен жұмысқа тұрғаннан соң, алғаш рет оңалту орталығында мүгедек балалардың қатысуымен өткен семинарға қатыстым. Олар ән айтып, би билеп, бар өнерлерін ортаға салды. Балалардың ауыр жағдайын көргенімде көз жасыма ерік бердім. Бұл оқиға да әрі қарай шабыттана жұмыс жасауыма түрткі болған шығар. Жалпы, біздің міндет – дефектолог мамандарына әдістемелік көмек беру. Сол жұмысыма кірісейін десем, қолымдағы барлық материалдар орыс тілінде. Қызылорда қазақы өңір болғандықтан, оларды аударып, біраз әбігерге түсуіңе тура келеді. Оның үстіне жылына бір рет әдістемелік құрал жазуым керек. Осылайша, жұмысқа қызу кірісіп кеткенімде декреттік демалысым келіп қалды. Мультфильмдерді жасау идеясы осы уақыттары келді. Бір күні үлкен қызым теледидардан «Саяхатшы, Дара» мультфильмін қарап, берілген тапсырмаларды орындап отыр екен. Осы сәтте «неге әдістемелік құралымды осы мультфильм арқылы дайындамасқа» деген ой келді. Мүмкіндігі шектеулі балаға педагогтың түсіндіргенінен гөрі, мультфильм кейіпкерлері айтып отырса қызықты емес пе? Оның үстіне ол жылдары (2014 жылы) youtube желісінде қазақ тілді мультфильмдерді саусақпен санап алға болады. Сонымен, ғаламторды мың ақтарып, өзіме қажетті бағдарламаларды тауып, мультфильм жасауды үйрене бастадым. Көп күттірмей алғашқы өнімім де дайын болды. Оны алып, өзім жұмыс жасайтын орталықтың басшылығына жетіп бардым. Олардың тарапынан жақсы сөздер күткенім рас. Алайда, мен күткендей мақтау сөздер жаудырмай, елеусіз қалдырды. Өзім де ыңғайсызданып қалдым. Сонда да, бұл ісімді доғармай, мультфильмдерімді дайындап жүрдім.

2017 жылы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысып, осы мультфильмдерімнің арқасында жеңімпаздардың бірі болдым деп ойлаймын. Сол үш жылдың ішінде менің де әдістемелік құралдарымның саны көбейіп, қолданылу  шекарасы да кеңейді.

Осы орайда, назар аудартарлық мына бір мәселені айтқым келеді. Қазір көп ата-аналар балаларын алдандыру үшін қолына телефон ұстатып, youtube-тан видео қосып береді. Ал ол жерде орыс тілді мультфильмдер көп. Соны көріп өскен балалардың тілі орысша шығып, қазақшаға шорқақтау болып жатқанын көріп жүрміз. Дәл осы проблема өз балаларымда да бар. Сондықтан, ғаламтордағы балаларға арналған қазақша контенттерді көбейтіп, бүлдіршіндерімізді сапалы дүниелермен сусындандаруымыз керек. Мультфильмдердің бала психологиясын қалыптастыруына зор ықпал ететінін ескере отырып, осы бағытта талмай жұмыс істеу керекпіз деп ойлаймын.

Бүгінге дейін неше мультфильм көрерменге жол тартты?

– Қазірге дейін отызға тарта мультфильмдер жасаппын. Оның кейбірі осы жобамды енді қолыма алғанда дүниеге келгендіктен, аса қатты көңілімнен шықпайды. Ал бірлі-екілісі тапсырыспен дайындалып, қазір «Balapan» телеарнасынан көрсетіліп жатыр. Өнімдерімнің республикалық деңгейге шығып жатқаны мені үшін зор қуаныш, әрі қарай тағы да еңбектене түсуіме серпін береді.  

Оларды құрастыру жолында қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

– Жаңа айтып кеткенімдей, бірінші шыққан туындыларым –  өте күлкілі. Кейіпкерлердің бір жерде аяғы бар, бір эпизодтарда қырқылып кеткен. Пропорцияларды дұрыс сақтамағам. Кәсіби түрде дайындауға мультификаторлық білімім де жоқ. Ең қатты қиындық тудырғаны – дыбыстау болды. Бұл жұмыс кезеңі өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, дыбыстайтын адам анық сөйлеп, әрбір дыбысты жеткізе білуі керек, екіншіден актерлік шеберлік те қажет. Мұндай адамдарды табу қиын болды. Алғашында достарым мен жолдасым көмекке келіп, үй жағдайында дыбыстадық.

Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

– Олардың барлығы танымдық болып келеді. Бір мультфильмдерім тілді дамытуға арналса, бірі түстер жайлы болды. Сол сияқты өткен жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы болғанын білесіздер. Осы өңірдің тумасы ретінде бұл мерейтойға не бере алам деп ойлана келе, туған елге тағзым ретінде «Сиқырлы кілт» атты толықметражды мультфильм жасап шығардым. Оның ұзақтығы – бір жарым сағат. Осы уақыттың ішінде туған жерімнің барлық қазба байлығын, киелі жерлерін көрсеттім.

«Компьютерлік психодиагностика» атты жасөспірімдер арасындағы психологиялық өзгерістерді анықтауға арналған жобаның ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз.

Қазір әр мектепке тек екі психологтан беріледі. Олар сол мектептегі барлық жұмыстарды жасап үлгермейді. Мәселен, балалардан 20 сұрақтық тест алу керек болса, сыныптарды түгел аралап бітем дегенше қанша уақыт жұмсалады. Сосын оның жауабын шығару керек. Оның қорытындыласаң, кей оқушыларда депрессия, стресс жағдайлары кездеседі. Олармен коррекциялық жұмыс жүргізу психологтардың уақыт тапшылығына байланысты мүмкін болмай жатады екен. Сондықтан сол тесттерді компьютер арқылы тапсырып, қорытынды жауап психологтың парақшасына бірден түсетіндей бір жоба дайындау керектігін ұғынып, «Компьютерлік психодиагностиканы» жасап шығардым. Қазір ол мектептерде, колледжерде қолданыста. Тағы бір айта кетерім, бұл жасаған жобаларымды тегін беремін. Бала біздің болашағымыз. Ертеңгі елдің тірекшілерін бүгіннен бастап тәрбиелеу керек емес пе? Бұл менің мемлекетіме де қосқан кішкене үлесім деп есептеймін.

Сізді толғантқан тақырыптың бірі – осы жасөспірімдер арасындғы суицид. Осы бағытта бірнеше халықаралық жиындарда болып, сөз сөйлеп қайтқан екенсіз. Қазір еліміздегі бұл проблема шешімін табайын деді ме? Немесе кері кетіп жатыр ма?

Суицид тақырыбымен 2015 жылдан бері айналысып келемін. Бұған баратын балаларға сырттан келер әсер өте көп. Баланың қоршаған ортасы, отбасысы, мектептегі достары, тұқымқуалаушылық факторы, кейбір аурулары (зоб, анемия) өз-өзіне қол жұмсауға итермелеп жатады. Ал болған суицидтерді талдай келе, олардың басым бөлігіне отбасылық кикілжің, ата-аналардың ажырасуы, көңіл бөлмеуі секілді факторлар әсер ететіндігіне куә болдым. Егер осы мәселелерге көңіл аударсақ, өз-өзіне қол жұмсаушылар саны расында азаяр еді. Осы тақырыпқа келгенге дейін өзім де балаларыма аса көңіл бөлмегенімді байқадым. Жұмыстн шаршап келген соң, «ана» деп бірнәрсе сұрауға ұмтылса, шала жауап беріп жүріппін. Расында, балаға менің тапқан ақшам да, әкелген құнды сыйлығым да маңызды емес екен. Маңыздысы – оларға деген мейірімділігім, көңіл бөліп, әңгімелесуім екен. Көп ата-аналар осыны түсінбей жатады.  Суицидті зерттейтін маманды суицидтің өзі таңдайтын сияқты. Бұл – өте ауыр тақырып. Кез келгеннің психикасы шыдас бере бермейді. 

Бір сұхбатыңызда «биыл Варшавада өтетін суицид тақырыбына арналған конференцияға қатысамын» деп едіңіз. Барып қайттыңыз ба? Оқитын баяндамаңызда қандай мәселелер көтеріледі?

Өкінішке қарай, Польша мемлекетіне бару бұйырмапты. Оның орнына Оңтүстік Африкада өтетін 2-3 қазанға жоспарланып отырған шараға қатыспақпын. Баяндамамда Қызылорда облысындағы суицидтің алдын алу жұмыстары, алдағы жоспарларымыз айтылатын болады.

Қазір немен айналысып жатырсыз?

Суицидтің алдын алу жұмыстарымен айналысып жатырмын. Қазір қоғамдық қорда жұмыс жасаймын. Сонымен қатар, «Компьютерлік дамытушы ойындар» жобасын қолға алмақпын. Оның жемістер, көліктер, ойыншықтар, киімдер деген секілді белгілі тақырыптары бар. Ол ойындар есте сақтау қабілетін дамытып, ойлау жүйесін жылдамдатып, сөздік қорды молайтуға күш салады. Яғни, бас қатырғаш (головоломка) ойынына ұқсас дүние болады. Түрлі сұрақтар қойылып, оған жауап алынады. Одан бөлек, екі қысқа метражды мультфильм жасауды жоспарлап отырмын. Оны жазда еңбек демалысында іске асыратын боламын.

Сұхбат соңында айта кетсем, менің өмірімнің күрт өзгеруіне «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы себепкер болды. Атқарған еңбектің, төккен тердің осылай жемісін көруге болатына көзім жетті.

Сұхбатыңызға көп рақмет. Балаларға арналған құнды жобаларыңыз бітпесін.

(Суреттер Сымбат Әбдрахманованың жеке мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға