Абай облысында өткен «Қазақтың 100 дәстүрлі әнін кезекпен орындау» мәдени жобасы аясында дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев 5 сағат 29 минут ішінде 102 ән орындады. Осы көрсеткіш халықаралық «Global Best of Records» ұйымы тарапынан ресми тіркеліп, қазақтың дәстүрлі ән өнері тарихындағы жаңа рекорд ретінде мойындалды.
Сарапшылар бақылауымен өткен өнер додасы қазақтың әншілік дәстүрінің әлеуетін әлемдік деңгейде дәлелдеген маңызды мәдени оқиғаға айналды.
Рекорд туралы ой 2017 жылы туған
Қайрат Қабышевтің айтуынша, бұл жетістік бір күнде келген жоқ. Оның негізі бірнеше жыл бұрын қаланған.
2014 жылы туған жерім Қарауыл ауылындағы Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінде жұмыс істедім. Сол кезде таңғы тоғыздан кешкі беске дейін ән айтып жүретін күндеріміз болды. Әріптестерім «қалай шаршамайсың?» деп таңғалатын. Кейін түсіндім, ұзақ уақыт ән айтуға деген төзімділік сол жылдары қалыптасқан екен, – дейді.
Ал рекорд орнату туралы алғашқы ой 2017 жылы Көкшетауда өткен Біржан сал атындағы фестивальден кейін туған.
Ауыл-ауылды аралап концерт қойдық. Бір ауылда кешкі алтыдан таңғы төртке дейін ән айтқанымыз есімде. Сонда бір азамат: «Қазақта таңды таңға ұрып ән айтқан әншілер болған. Неге осы дәстүрді жалғастырып, рекорд орнатпайсыз?» деп сұрады. Сол сөз көкейімде қалып қойды, – дейді әнші.
Кейін бұл идеяны ЭКСПО кезінде жүзеге асыру жоспарланғанымен, ұйымдастыру және қаржы мәселесіне байланысты кейінге шегерілген. 2022 жылы мерейтойында қолға алмақ болғанымен, ол кезде де мүмкіндік болмаған. Тек биыл ғана халықаралық ұйымға өтініш жолданып, рекорд орнату рәсімі жүзеге асты.
100 емес, 102 ән
Рекордтық концерт барысында Қайрат Қабышев жоспарланған 100 әннің орнына 102 ән орындаған.
Сарапшылар сахнаға шығып, рекордтың тіркелгенін жариялағанша тағы екі ән айтып үлгердім. Соның бірі – Кемпірбай ақынның «Амандасу-қоштасуы». Бұл әнді Семей жерінде мәңгілік тыныстаған бабамыздың рухына арнап орындадым. Кейін Ақтанберді жырауға арналған туындыны шырқап үлгердім. Осылайша көрсеткіш 102 әнге жетті, – дейді өнер иесі.
Оның айтуынша, әндердің мәтінін ұмытып қаламын деген қорқыныш болмаған.
Халықаралық талап бойынша мәтіндер дайын тұрды. Бірақ оған қараған жоқпын. Бұл әндер – менің өмір бойы орындап келе жатқан шығармаларым. Дәстүрлі ән мамандығына 1991 жылы түстім. Содан бері 35 жылдан астам уақыт осы өнердің ортасында жүрмін, – дейді Қайрат Қабышев.
Ең қиын сәт қандай болды?
Көпшілік үшін 5,5 сағат бойы ән айту ең ауыр сынақ болып көрінуі мүмкін. Бірақ әншінің өзі басқа қиындықты атап өтті.
Залда желдеткіш қосылып тұрды. Әнші үшін терлеу маңызды. Концерттің басында денем қызбай, дауысым толық ашылмай қойды. Кейін желдеткіш өшірілген соң ғана жағдай түзелді. Тер шыққаннан кейін дауысым да ашылып кетті, – дейді.
Бастапқы жоспар бойынша әр 25 әннен кейін 15 минут демалу қарастырылған. Алайда Қайрат Қабышев көрерменнің ықыласын көріп, үзіліссіз жалғастыруды жөн санаған.
Халық қызығып отырғанда тоқтағым келмеді. Өзімді де жақсы сезіндім. Сондықтан демалмай жалғастырып кеттім, – дейді ол.
Өнер иесінің айтуынша, қазақтың дәстүрлі әндері тек фольклор емес, ұлттық классика ретінде бағалануы керек.
Біз көбіне «дәстүрлі ән» деп айтамыз. Бірақ Ақан сері, Біржан сал, Абай сияқты тұлғалардың мұрасы – қазақтың классикалық музыкасы. Итальяндар өздерінің ұлттық әндерін әлемдік классика деңгейіне көтерді. Біз де өз өнерімізге сол көзқараспен қарауымыз керек, – деді.
Оның пікірінше, қазақ әндерінің музыкалық құрылымы мен диапазоны әлемдік деңгейдегі туындылардан еш кем түспейді.
Құрманғазы күйлерін шетелде тыңдаған жұрттың таң қалғаны туралы көп айтылады. Сол сияқты әндеріміз де әлемдік сахналарда орындалуға лайық. Музыканың тілі жоқ. Жақсы өнерді барлық халық түсінеді, – дейді әнші.
Дәстүрлі әнге қауіп бар ма?
Қайрат Қабышев бүгінгі таңда дәстүрлі ән өнерінің алдында тұрған ең үлкен мәселе – білім беру жүйесіндегі олқылықтар екенін айтады.
Ауылдардағы музыка мектебінде дәстүрлі ән бағытындағы бөлімдер азайып кетті. Бұрын талантты балалар сол мектептерден шығып, колледждерге келетін. Қазір ондай жастарды табу қиындап барады, – деді Қайрат Қабышев.
Әншінің айтуынша, көптеген оқу орындарында күй мамандығы жақсы дамығанымен, дәстүрлі әнге жеткілікті көңіл бөлінбейді.
Кейде колледждерге дәстүрлі ән бөліміне бір ғана талапкер келетін кездер болды. Бұл – ойланатын мәселе, – деді.
Өнер иесі үшін дәстүрлі өнердің мақсаты тек кәсіби музыкант тәрбиелеу емес.
Домбыра үйренген баланың бәрі әнші немесе күйші болмайды. Бірі инженер, бірі дәрігер, бірі ғалым болады. Бірақ олардың бойында ұлттық рух қалыптасады. Бізге керегі де сол. Кейде сабаққа келген балалар қазақ тілін толық түсінбей жатады. Бірақ домбыра мен дәстүрлі ән арқылы олар тілге де, мәдениетке де жақындайды. Сондықтан дәстүрлі өнер – ұлттық тәрбиенің маңызды құралы, – дейді өнер иесі.
Ол Павлодар облысындағы байқаулардың бірінде Екібастұздан келген 70-тен астам баланы көріп таңғалғанын айтады.
Сол балалардың бәрі әнші болып кетпейді. Бірақ олардың домбыра ұстап, ұлттық өнерге жақын болуының өзі үлкен жетістік. Домбыра ұстаған бала ұлтын құрметтеп өседі. Ұлттық болмыс пен тіл мәселесін шешуде де дәстүрлі өнердің рөлі зор, – деді.
Дәстүрлі ән мектептері көбейсе деймін...
Ұстаз ретінде Қайрат Қабышевтің басты арманы – дәстүрлі ән бағытындағы білім беру жүйесін дамыту. Әрі шәкірт тәрбиелеуді өзінің ең үлкен мақсатының бірі санайды.
Бізге дәстүрлі ән мектептері көбірек керек. Әсіресе, қазақылығы сақталған ауылдарда ашылуы тиіс. Бұл тек өнер үшін емес, ұлт тәрбиесі үшін қажет. Өнердегі ең үлкен мұра – шәкірт. Ертең менің атымды өнерімді жалғастыратын шәкірттерім шығарса, одан артық бақыт жоқ, – деді.
Әлемдік рекорд иегері бұл жетістік ең алдымен қазақтың ұмытылып бара жатқан көне дәстүрін қайта жаңғыртуға бағытталғанын айтады.
Біз дүниежүзін таңғалдыру үшін емес, ата-бабамыздан қалған өнердің өміршең екенін көрсету үшін еңбек еттік. Егер осы рекорд жастардың дәстүрлі әнге деген қызығушылығын арттырса, онда мақсатымыздың орындалғаны, – дейді Қайрат Қабышев.
Қайрат Қабышевтің әлемдік рекорды – бір өнер иесінің жеке жетістігінен әлдеқайда ауқымды оқиға. Бұл қазақтың дәстүрлі ән өнерінің өміршеңдігін, бай мұрасын және бүгінгі қоғамдағы маңызын көрсеткен мәдени белес болды.