5 «Е» сынып оқушысы Тұрман Аманжол халықаралық робототехника аренасында Қазақстанның абыройын асқақтатып, кезекті жоғары жетістігімен қуантты.
2026 жылдың наурыз айында FIRST LEGO League Singapore 2026 халықаралық чемпионаты Сингапур қаласында өтті. Аталған додада Аманжол Қазақстан атынан қатысып, жоғары деңгейдегі дайындығын көрсетіп, жүлделі 2 орынды иеленіп, жарыс кубогының иегері атанды.
Бұл чемпионатта LEAS орталығының командалары да ел намысын лайықты қорғады. Әсіресе Explore санатында өнер көрсеткен Bad Guys командасы ерекше көзге түсіп, 2 орын алып, жарыс кубогын жеңіп алды. Команда құрамында Лапкин Даниил, Жандосов Нұрсұлтан және Тұрман Аманжол болды. Команданың жаттықтырушысы – Ева Телисова. Оқушылар өздерінің креативті жобалары мен ұйымшыл командалық жұмысының арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, GearUp командасы да халықаралық алаңда сенімді өнер көрсетіп, Қазақстан мен LEAS орталығының деңгейін көрсете білді. Мұндай жарыстар оқушылар үшін үлкен тәжірибе алаңы болып табылады – олар өз жобаларын таныстырып, түрлі елдерден келген қатысушылармен тәжірибе алмасып, жаһандық STEM-қоғамдастықтың бір бөлігіне айналады.
Бұған дейін Аманжол Central Asia FIRST Championship 2026 чемпионатында 3 орын алып, өз командасына келесі кезеңге жолдама ұтып алған болатын. Нәтижесінде команда 2026 жылдың тамыз айында Бейжің қаласында өтетін FLL China Champion 2026 турниріне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл беделді додада Аманжол тағы да Қазақстан намысын қорғайтын болады.
Айта кету керек, өткен жылы Аманжол АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен XCEL халықаралық жеке жарысында (Pobotixcel бағыты бойынша) 1 орынды жеңіп алған еді.