30 ата-ана сотқа тартылды: Қазақстанда кімдер ата-ана құқығынан айырылады

30 ата-ана сотқа тартылды: Қазақстанда кімдер ата-ана құқығынан айырылады
Фото: AI көмегімен жасалды

Астанада балалардың қауіпсіздігін тексеру қорытындысы бойынша 30 ата-анаға қатысты ата-ана құқығын шектеу немесе одан айыру туралы талап-арыз сотқа жолданды.

Бұл жағдай қоғамда «ата-ананы қандай жағдайда құқығынан айырады?», «Балалар кейін қайда барады?» деген сұрақтарды қайта талқылауға себеп болуда. Қазақстан заңнамасы ата-ананы бірден құқығынан айырмайды. Алдымен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, ескерту жасалады. Тек баланың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнген жағдайда ғана мәселе сот арқылы шешіледі.

Ата-ана құқығынан айыру – ең соңғы шара

Елордадағы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері балалардың қауіпсіздігіне байланысты 400 шұғыл шығу тіркеліп, 32 бала уақытша арнайы мекемелерге орналастырылған. Ал профилактикалық жұмыстар нәтиже бермеген 30 ата-анаға қатысты сотқа талап-арыз берілген.

El.kz
El.kz

Қазақстанда ата-ана құқығынан айыру тәртібі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 75-бабымен реттеледі. Заң бойынша ата-ана мынадай жағдайларда өз құқығынан айырылуы мүмкін:

  • ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарса;
  • алимент төлеуден қасақана жалтарса;
  • баланы перзентханадан немесе балалар мекемесінен дәлелсіз себеппен алудан бас тартса;
  • ата-ана құқықтарын теріс пайдаланса;
  • балаға қатыгездік көрсетіп, күш қолданса немесе психологиялық зорлық жасаса;
  • баланың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы әрекет жасаса;
  • созылмалы маскүнемдікке немесе нашақорлыққа шалдықса;
  • баланың немесе жұбайының өмірі мен денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаса.

Құқықтан айыру туралы шешімді кім қабылдайды?

Ата-ананы құқықтан айыру туралы шешімді тек сот қабылдайды. Мұндай істі қарау кезінде прокурор мен қорғаншылық және қамқоршылық органы міндетті түрде қатысады.

Сот ата-ананы құқықтан айырған күннің өзінде оның бала алдындағы материалдық жауапкершілігі жойылмайды. Яғни ата-ана алимент төлеу міндетінен босатылмайды. Сонымен қатар ол баланы тәрбиелеуге, оның атынан шешім қабылдауға және ата-аналарға берілетін мемлекеттік жеңілдіктерді пайдалануға құқығын жоғалтады.

Фото: unsplash.com
Фото: unsplash.com

Балалар қайда орналастырылады?

Егер баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, оны алдымен қауіпсіз жерге шығару шарасы қабылданады. Мұндай жағдайда бала уақытша арнайы балаларды қолдау орталығына немесе өзге де мемлекеттік мекемеге орналастырылуы мүмкін.

Алайда заңның негізгі мақсаты – баланы міндетті түрде интернатқа жіберу емес. Қорғаншылық органдары ең алдымен баланы жақын туыстарының қамқорлығына беру мүмкіндігін қарастырады. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, бала патронаттық тәрбиеге, қорғаншылыққа немесе асырап алушы отбасыға орналастырылуы мүмкін. Тек басқа мүмкіндік болмаған жағдайда ғана арнайы ұйымдардың қызметі пайдаланылады. Баланы орналастырудың нақты нысанын жергілікті атқарушы органдар анықтайды.

Ата-ана құқығын қайта қалпына келтіруге бола ма?

Иә. Егер ата-ана өз мінез-құлқын өзгертіп, балаға қауіп төндіретін себептерді жойса, сот арқылы ата-ана құқықтарын қалпына келтіруге өтініш бере алады. Бірақ мұндай жағдайда сот ең алдымен баланың мүддесін басшылыққа алады. Егер құқықты қалпына келтіру балаға зиян келтіреді деп танылса, талап қанағаттандырылмауы мүмкін.

Баланың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Астанада қолға алынған профилактикалық шаралар – ата-аналарды жазалаудан бұрын, қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Биылдың өзінде 10 мыңға жуық заңды өкілге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлердің қауіпсіздігін тексеруге арналған чек-парақтар әзірленді.

Дегенмен ескертуге қарамастан бала өміріне қауіп төндіретін жағдайлар жалғаса берсе, мемлекет заңда көзделген ең қатаң шаралардың бірін – ата-ана құқығын шектеу немесе одан айыру рәсімін қолданады. Өйткені заң үшін басты құндылық – ата-ананың емес, ең алдымен баланың қауіпсіздігі мен мүддесі.

Оқи отырыңыз