24 күн комада: Бақытжан Базарбек шулы апаттан кейін маңызды ақпарат жариялады

24 күн комада: Бақытжан Базарбек шулы апаттан кейін маңызды ақпарат жариялады
Фото: Бақытжан Базарбектің парақшасынан

Бақытжан Базарбек қатысқан жол апатынан ауыр жарақат алған 36 жастағы Нұржігіт Қошанов ауруханадан шықты. Ол ауруханада 31 күн ем қабылдаған. Қазір оның жағдайы тұрақталғанымен, алда оңалту кезеңі бар.

Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында Нұржігіттің ауруханадан шыққан сәтін жариялап, оны емдеген дәрігерлерге алғысын білдірді.

Бұл – еліміздің мыңдаған адамы асыға күткен сурет, – деп жазды ол.

Суретте Нұржігіт Қошанов Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлерімен бірге тұр. Бақытжан Базарбектің айтуынша, дәл осы мамандар өз білімінің, кәсіби біліктілігінің және жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігіттің өмірін сақтап, есін жиып, қайта аяққа тұруына көмектескен.

Фотода Нұржігітпен бірге Тараз қаласы көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Хамит Саттарқұлұлы Мұрзақасымов, бас дәрігердің орынбасары Ербол Ордабеков, анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Ғамзат Афендіұлы Мусаев, дәрігерлер Д.Т. Джурабаев, Е.О. Еділбаев, Г.Э. Раимбекова, Е.Н. Баяшев, Б.М. Джапсарбаев, сондай-ақ медбике Б.Ж. Ермекқали мен кіші медбике П.К. Сағынтаева бар.

Бақытжан Базарбек Тараз қаласының көпбейінді ауруханасындағы реанимация дәрігерлерінің кәсіби деңгейін жоғары бағалаған.

Шыны керек, Тараз қаласының көпбейінді ауруханасы реанимация бөлімшесі дәрігерлерінің кәсіби біліктілігі мен деңгейі өте жоғары. Оларды бүкіл Жамбыл облысы медицинасының қаймағы десем, қателеспеспін, – деп жазды бұрынғы депутат.

Оның сөзінше, Нұржігіт ауруханада жатқан уақыт аралығында бұл мамандар өзге де ауыр халдегі науқастарға медициналық көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалу үшін еңбек еткен.

Нұржігіт жатқан уақыт аралығында бұл дәрігерлер қаншама адамның өмірін аман алып қалды. Жағдайы мүшкіл науқастардың сауығып, қайтадан аяққа тұруына себепші болып келеді, – деді ол.

Нұржігіттің жағдайы қалай өзгерді?

Нұржігіт Қошанов 15 тамызда Жамбыл облысында болған жол апатынан зардап шеккен.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Бакытжан Базарбек (@bakytzhan.bazarbek)

Алдын ала мәлімет бойынша, бұған дейін жолда көлік сиырмен соқтығысқан. Апаттан кейін бір топ ер адам жолда қалған малдың өлексесін алып тастауға әрекет жасаған. Солардың бірі жолмен келе жатқан Rav-4 көлігінің астына түскен. Әлеуметтік желілерде аталған көлікті бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек басқарғаны туралы ақпарат тараған.

Нұржігіт ауруханаға жеткізіліп, полиция жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғады.

Бұрынғы депутаттың қатысы расталған

Кейін Бақытжан Базарбек апатқа қатысқанын растады. Ол оқиғаның мән-жайы толық анықталмай тұрып, асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Ал денсаулық сақтау басқармасы Нұржігіттің алғашқы күндері өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады. Оның жағдайының ауыр болуына политравма мен травмалық шок себеп болған.

Кейін зардап шеккен азамат Құлан ауылындағы ауруханадан Тараз қаласының көпбейінді ауруханасына ауыстырылды. Бірнеше күннен кейін, жол апатынан 24 күн өткен соң, Нұржігіт комадан шықты.

Оның жағдайы біртіндеп жақсарып, кейін Бақытжан Базарбек Нұржігіттің туыстарымен бірге түскен видеосын жариялады. Сондай-ақ бұрынғы депутат дәрігерлермен және Нұржігіттің өзімен бірге түскен фотосын бөлісті.

Қазір Нұржігіт ауруханадан шыққан. Дегенмен оның аяғы сынғандықтан, толық сауығу үшін оңалту шараларынан өтуі қажет. Бақытжан Базарбек жазбасын дәрігерлерге алғыс айтумен аяқтаған.

Бұлар – заманымыздың нағыз қаһармандары десем, артық айтқаным емес. Өз өмірін өзге адамның өмірін сақтап қалуға арнаған ақ халатты абзал жандарды қадірлей білейік, ағайын! Дәрігерлерге мың алғыс! Еңбектеріңізге мың тағзым! – деп жазды ол.

Оқи отырыңыз