2027 жылы қазақстандықтар қанша күн демалады

2027 жылы қазақстандықтар қанша күн демалады
Фото: AI көмегімен жасалды

2027 жылы бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін қазақстандықтар 247 күн жұмыс істеп, 118 күн демалады. Келер жылғы күнтізбедегі басты өзгерістердің бірі – Конституция күнінің 15 наурызға ауыстырылуы. Ал Наурыз мейрамында қазақстандықтар бес күн қатарынан демалады.  

2027 жылы қандай мерекелерде демаламыз?

  • 1-2 қаңтар – Жаңа жыл;
  • 7 қаңтар – православиелік Рождество;
  • 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;
  • 15 наурыз – Конституция күні;
  • 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы;
  • 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні;
  • 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні;
  • 9 мамыр – Жеңіс күні;
  • 16 мамыр – Құрбан айт (алдын ала белгіленген күн);
  • 6 шілде – Астана күні;
  • 25 қазан – Республика күні;
  • 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдын ала күнтізбесіне сәйкес, 2027 жылы Рамазан айы 8 ақпанда басталады. Ал Құрбан айт 16-18 мамыр аралығына белгіленген. Дегенмен діни мерекелердің нақты күні жаңа айдың көрінуіне байланысты өзгеруі мүмкін.

30 тамызда демалыс болмайды

2027 жылы қазақстандықтар алғаш рет Конституция күнін 15 наурызда атап өтеді. Бұған дейін бұл мемлекеттік мереке 30 тамызда тойланып келген.

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты 2026 жылғы 11 маусымда тиісті заңға өзгеріс енгізілді.

Келер жылы Конституция күні дүйсенбіге сәйкес келеді. Сондықтан қазақстандықтар 13-15 наурыз аралығында үш күн қатарынан демалады. Ал 30 тамыз әдеттегі жұмыс күні болады.

Мереке күндері қалай ауыстырылады?

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес, ұлттық немесе мемлекеттік мереке демалыс күніне сәйкес келсе, одан кейінгі жұмыс күні демалыс болып белгіленеді.

Мәселен, 2 қаңтар сенбіге сәйкес келетіндіктен, 4 қаңтарда қосымша демалыс беріледі. Сондай-ақ 21 наурыздағы демалыс 24 наурызға, 1 мамырдағы демалыс 3 мамырға, ал 9 мамырдағы демалыс 10 мамырға ауыстырылады.

Алайда бұл ереже діни мерекелерге қолданылмайды. Яғни православиелік Рождество мен Құрбан айт демалыс күндеріне сәйкес келсе, қосымша демалыс берілмейді.

2027 жылдың әр айында қалай демаламыз?

Қаңтар. Қазақстандықтар жаңа жылдың алғашқы төрт күнінде демалады. Сондай-ақ 7 қаңтарда православиелік Рождество мерекесіне орай жұмыс істемейді. Ай ішінде 18 жұмыс және 13 демалыс күні болады.

Ақпан. Бұл айда мерекелік демалыс жоқ. Қазақстандықтар 20 күн жұмыс істеп, 8 күн демалады.

Наурыз. Жылдағы мерекеге толы айлардың бірі. Халықаралық әйелдер күніне орай 6-8 наурыз, Конституция күніне байланысты 13-15 наурыз аралығында демалыс беріледі. Ал Наурыз мейрамында 20-24 наурыз аралығында бес күн қатарынан демалуға мүмкіндік бар. Жалпы айда 18 жұмыс күні мен 13 демалыс күні болады.

Сәуір. Мерекелік демалыс қарастырылмаған. Қазақстандықтар 22 күн жұмыс істеп, 8 күн демалады.

Мамыр. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай 1-3 мамыр аралығында үш күн демалыс беріледі. Ал Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне байланысты 7-10 мамыр аралығында төрт күн қатарынан демалуға болады. Айда барлығы 18 жұмыс және 13 демалыс күні бар.

Маусым. Мемлекеттік мерекелер жоқ. Бір айда 22 жұмыс күні мен 8 демалыс күні болады.

Шілде. Астана күні 6 шілдеде, сейсенбіде атап өтіледі. Қазақстандықтар бұл айда 21 күн жұмыс істеп, 10 күн демалады.

Тамыз. Конституция күнінің басқа датаға ауыстырылуына байланысты бұл айда мерекелік демалыс болмайды. Тамызда 22 жұмыс және 9 демалыс күні бар.

Қыркүйек. Қосымша демалыс қарастырылмаған. Қазақстандықтар 22 күн жұмыс істеп, 8 күн демалады.

Қазан. Республика күні дүйсенбіге сәйкес келеді. Осыған орай 23–25 қазан аралығында үш күн қатарынан демалыс беріледі. Айда 20 жұмыс және 11 демалыс күні болады.

Қараша. Мемлекеттік мерекелер жоқ. Қазақстандықтар 22 күн жұмыс істеп, 8 күн демалады.

Желтоқсан. Тәуелсіздік күні бейсенбіге сәйкес келеді. Жылдың соңғы айында 22 жұмыс күні мен 9 демалыс күні болады.

Қай айда демалыс көп?

2027 жылы қаңтар, наурыз және мамыр айларында демалыс күндері көп болады. Аталған үш айда қазақстандықтар 13 күннен демалады. Ең ұзақ мерекелік демалыс Наурыз мейрамына сәйкес келсе, Жаңа жыл мен мамыр мерекелерінде төрт күн қатарынан демалуға мүмкіндік бар.

Ал жылдық жұмыс уақытының нормасы 40 сағаттық жұмыс аптасында 1976 сағатты, 36 сағаттық жұмыс аптасында 1778,4 сағатты құрайды.

Оқи отырыңыз