Жаңалықтар

2027 жылға дейін елордада 177 мың оқу орны пайда болады

2027 жылға дейін елордада 177 мың оқу орны пайда болады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 19.09.2023 09:36 771

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz хабарлайды.

Әсіресе сапалы білім беру қызметінің қолжетімділігі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, үш ауысымда оқытатын мектептерді жою, қалада жаңа білім ошақтарын салу, жақын қашықтықта балабақшалар желісін кеңейту және педагог кадрларын даярлау мәселелері қаралды.

Оқи отырыңыз:

Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін биылдың өзінде елордада 11 мектептің, соның ішінде Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 13 600 орындық 10 мектептің құрылысы басталды. 2023-2026 жылдар аралығында екі ауысымда оқытатын барлығы 177 мың орынға арналған 65 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

Өскелең ұрпақтың қауіпсіз және жайлы ортада жан-жақты дамуын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Министрлік өз тарапынан негізгі мәселелерді шешу барысында Астана әкімдігіне қолдау көрсетуге дайын. Білім беру инфрақұрылымын дамытумен қатар жоғары білікті кадрларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеміз, – деді Ғани Бейсембаев.

Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі елордадағы бірқатар мектептерді, соның ішінде үш ауысымда оқытатын білім ошақтарын жеке өзі тексерген болатын. Ата-аналар қауымымен кездесулер өткізіп, білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тегін тамақтандыру мен балалар үшін жайлы жағдай ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Елордада барлығы 171 мектеп бар, онда 260 мыңнан астам бала оқиды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға