Қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Айбек Оралбай Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
+90 келі салмақта өнер көрсеткен Айбек Оралбай финалда өзінің бұрыннан таныс қарсыласы, Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировпен жұдырықтасты.
Жекпе-жектің алғашқы раундынан-ақ қос боксшы шаршы алаңның ортасын бермей, белсенді айқас жүргізді. Бәсеке барысында қазақстандық спортшы дәл соққыларымен басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Айбек Оралбай өз мансабында алғаш рет жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Айбек Оралбайдың Азия ойындарындағы жолы
Қазақстандық боксшы жарысты ширек финалдан бастады.
- 1/4 финал: Мирзакир Кошалиев (Қырғызстан) – 5:0
- 1/2 финал: Нарендер (Үндістан) – 5:0
- Финал: Жахонгир Зокиров (Өзбекстан) – 5:0
Айта кетейік, Айбек Оралбай – әлем чемпионы және үш дүркін Азия чемпионы. Алайда ол осыған дейін жазғы Азия ойындарына қатыспаған еді.
Қазақстан құрамасының нәтижесі
Айбек Оралбайдың алтыны ерлер арасындағы Қазақстан бокс құрамасының Азия ойындарындағы нәтижесін толықтырды. Қазақстандық боксшылар жарысты 2 алтын және 1 қола медальмен аяқтады.
+90 келі салмақта Қазақстан өкілдері Азия ойындарында бұған дейін де чемпион атанған. 1998 жылы бұл салмақта Мұхтархан Ділдәбеков, ал 2014 жылы Иван Дычко алтын медаль иеленген. Енді бұл тізімге Айбек Оралбайдың есімі де қосылды.
Бұған дейін 70 келіде өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан Азия ойындарында алтын медальін жеңіп алған еді.