100 млрд доллар: Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа мақсатты жариялады

100 млрд доллар: Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа мақсатты жариялады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген эксклюзивті жазбаша сұхбатында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі деңгейі, сауда-экономикалық байланыстар, көлік-логистика, жасанды интеллект және гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективалары туралы айтты. Президент екі ел арасындағы сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізу міндетін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Мемлекет басшысы Қытайды Қазақстан үшін «айрықша достық ел» деп атап, екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестіктің сауда, инвестиция, энергетика, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениет сияқты көптеген саланы қамтып отырғанын айтты.

Қазақ-қытай қатынастары қазіргі уақытта бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сауда айналымы 50 млрд долларға жуықтады

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда көлемі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын атап өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы шамамен 50 млрд долларға жетіп, бір жыл ішінде 11 пайызға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 27,2 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен төрттен бірге артқан.

Қытай Қазақстанның сыртқы саудадағы негізгі серіктесіне айналып отыр. Сонымен бірге Президент экономикалық ынтымақтастықта тек сауда көлемін арттыру жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше, екі ел біртіндеп шикізаттық модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға көшуі қажет.

Бұл ретте бірлескен өндірістер құру, терең өңдеуді дамыту, жоғары қосылған құны бар өнім шығару және озық технологияларды трансферлеу маңызды.

Алдымызда өзара сауда көлемін 100 млрд долларға дейін жеткізу, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыру сияқты ауқымды, бірақ толық орындалатын міндеттер тұр, – деді Президент.

Қазақстан – Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды буын

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарының бірі ретінде атады.

Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлықтағы транзиттік тасымалдың шамамен 85 пайызы өтеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша трансшекаралық теміржол тасымалының көлемі 35 млн тоннадан асқан. Автомобиль көлігімен өткен жылы шамамен 8 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп.

Президент Қазақстанның географиялық орналасуын заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылыммен ұштастыру маңызды екенін айтты.

Осы бағытта «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, жаңа теміржол желілерінің құрылысы, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекара инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жақында Мемлекет басшысы Арал – Каспий жаңа магистралінің құрылысын бастауға пәрмен берген. Жоба Шығыстан Батысқа бағытталған өткізу қабілетін екі есеге арттырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау уақытын бес күннен үш күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Достық – Алашанькоу бағыты бойынша екінші теміржол желісін салу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған. Оның іске қосылуы маңызды шекаралық өткелдің өткізу қабілетін екі есеге арттырмақ. Ал Аягөз – Тачэн үшінші теміржолының құрылысы қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтып, қосымша 20 млн тонна жүк ағынын қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Қазақстан цифрлық хабқа айналуды көздейді

Сұхбатта жасанды интеллект пен цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын атап өтті.

Сонымен бірге жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілген.

Тоқаевтың айтуынша, Қытайдың технологиялық әлеуеті Қазақстан үшін аса маңызды.

Болашақтағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына өнеркәсіп пен тау-кен секторында жасанды интеллект қолдану, энергетикалық желілерді интеллектуалды басқару, ұшқышсыз көлік, цифрлық медицина, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, электронды сауда, деректерді өңдеу орталықтары және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жатады.

Президент Қазақстанның Еуразияның цифрлық хабына айналуға ұмтылып отырғанын айтты. Осы мақсатта Екібастұздағы «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасына және Alatau City бастамасына ерекше мән беріліп отыр.

Мемлекет басшысы алдағы жылдары Астанада дарынды балаларға арналған қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін құру жоспарланып отырғанын да жеткізді.

Қазақстанда қытай капиталы бар 9 мыңнан астам компания жұмыс істейді

Қазіргі таңда Қазақстан аумағында қытай капиталы қатысатын 9 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Бұл еліміздегі шетелдік кәсіпорындардың шамамен әр жетіншісіне тең. Қытайлық компаниялардың қатарында CNPC, CITIC, Huawei және басқа да ірі кәсіпорындар бар.

Өнеркәсіптік кооперация аясында инвестиция көлемі 62 млрд доллардан асатын 260 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Автомобиль жасау саласында BYD, Howo, Yutong, Golden Dragon, Shacman, JAC, Jetour сияқты брендтердің өндірісі жолға қойылған. Ал өткен жылы Changan, Great Wall Motor және Chery жеңіл автомобильдерін сериялық өндіру басталды.

Жасыл энергетика бағытында қытайлық компаниялардың қатысуымен қуаты шамамен 1,5 ГВт болатын 29 жоба іске асырылған. Тағы 11 жобаның жалпы қуаты 1,7 ГВт-тан асады.

Қытайдан Қазақстанға келген туристер саны 962 мыңға жетті

Президент екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстардың да қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

2026 жыл Қазақстан мен Қытай арасындағы Мәдениет алмасу жылы болып жарияланған. Өткен жылы Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы ашылды.

Білім беру саласында да байланыс нығайып келеді. Қазір Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Сонымен қатар қытайлық студенттердің Қазақстан университеттеріне қызығушылығы артып келеді.

Екі ел арасында визасыз режимнің енгізілуі туризмге де серпін берген. 2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 962 мыңға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 47 пайызға өскен.

Президент Қазақстанның Қытай азаматтарына елдің туристік және мәдени әлеуетін кеңінен таныстыруға мүдделі екенін айтты.

Қазақстан ШЫҰ мен «Орталық Азия – Қытай» форматын қолдайды

Сұхбат барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері де қозғалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі терең дағдарысты бастан өткеріп жатқанын айтып, БҰҰ-ның орталық рөлін күшейту, халықаралық құқық қағидаттарын сақтау және дауларды бейбіт жолмен шешу қажеттігіне тоқталды.

Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, «Орталық Азия – Қытай» форматы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.

Президент биыл ШЫҰ-ның құрылғанына 25 жыл толатынын атап өтті. Оның пікірінше, ұйымның басты құндылығы – өзара сенім, теңдік, диалог, мәдени әртүрлілікті құрметтеу және ортақ даму қағидаттарына негізделген «Шанхай рухын» сақтап қалуы.

Қазақстан мен Қытай дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығын атап өтеді

Келесі жылы Қазақстан мен Қытай дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Мемлекет басшысы осы уақыт ішінде екі елдің қарым-қатынасы орасан зор жолдан өткенін атап өтті.

Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтып, оны жаңа мазмұнмен толықтыруға және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға Қазақстан дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашағына сенім білдіріп, Қазақстан мен Қытай халықтарының достық пен ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті.

Сонымен қатар 25 қыркүйекте Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтетіні белгілі болды. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық және инвестициялық жобаларды іске қосуға арналған форумға қатысуды жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз