1-сыныпқа қабылдау дауға айналды: мектептер ата-анадан қандай құжаттарды талап ете алады

 Коллаж El.kz
Фото: Коллаж El.kz

«Баланы мектепке беру үшін тағы қандай құжат керек?». Соңғы күндері әлеуметтік желілерде дәл осы сұрақ жиі қойылып жүр. Кейбір ата-аналар мектептердің қосымша анықтамалар сұрататынын айтса, енді бірі құжат тапсыру процесі еш қиындықсыз өткенін айтады. 1-сыныпқа қабылдау кезінде қандай құжаттар қажет? Қосымша талаптардың заңды негізі бар ма? El.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Астана қаласының тұрғыны Аида есімді ата-ана әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында мектептердің кейбір әрекеттеріне наразылығын білдірген.

Оның айтуынша, 1-сыныпқа қабылдау кезінде ата-аналардан нақты тұратын мекенжайын растауды сұрайтын жағдайлар кездеседі. Атап айтқанда, жалдау шарты, коммуналдық төлем түбіртектері, белгілі бір емханадан анықтама секілді құжаттар талап етіледі.

Мектеп директорына мектептің көші-қон полициясы да, анықтау органы да, тұрғын үй инспекциясы да емес екенін еске салғым келеді. Сондықтан нақты тұру фактісін дәлелдеуді талап ету сіздердің міндеттеріңізге кірмейді. Заңнамада нақты көрсетілген құжаттарды ғана сұраған жөн. Сондай-ақ өз бетінше тексеру жүргізіп, баланың сіздің мектебіңізде оқуға лайық немесе лайық емес екенін анықтаумен айналыспаған дұрыс, – деп пікір қалдырған.

Бұл пікір қоғамда қызу талқыланып, мектептердің құжат қабылдау кезінде қандай талап қоюға құқылы екені туралы сұрақтарды қайта көтерді.

Баланың білім алу құқығы бәрінен жоғары

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, қандай жағдайда да баланың білім алу құқығы шектелмеуі тиіс.

Оның пікірінше, мектептердің заңда көзделмеген қосымша құжаттарды талап етуі дұрыс емес.

Мен жалпы баланың құқығын шектеуге қарсымын. Бірінші кезекте бізде Конституция бойынша әр бала білім алуға құқылы және мемлекет оны қамтамасыз етуі керек. Сол себепті артық құжат сұрату артық нәрсе деп ойлаймын. Егер ата-ананың баласының құжатын қабылдамаса, жергілікті басшылық оны қамтамасыз етпесе, ертең көп мәселелер туындайды. Сондықтан ондай артық нәрсеге бармаған дұрыс деп есептеймін, – дейді депутат.

Оның сөзінше, мектептердегі орын тапшылығы немесе сұраныстың көп болуы сияқты мәселелерді басқа жолмен шешуге болады.

facebook.com/murataben

Мәселені басқаша шешу керек. Мысалы, кейбір сыныптарды конкурс арқылы жинап жатады. Мен бұған қарсы емеспін. Бұрын солай болатын. Ағылшын тілі сыныбы, математика деген сияқты. Сөйтіп қабылдаса, онда әңгіме жоқ, – деді Мұрат Әбенов.

Депутаттың бұл пікірі қоғамдағы маңызды мәселені көрсетеді. Соңғы жылдары халық санының өсуі мен урбанизация салдарынан Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда мектептерге түсетін жүктеме айтарлықтай артты. Кейбір білім ұйымдары сұраныс көп болғандықтан түрлі сүзгілерді қолдануға тырысады деген пікірлер де жиі айтылады.

«Орта білім міндетті, барлық бала қабылдануы керек»

Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов та мектептердің бірінші сыныпқа қабылдау мәселесінде барынша ашық болуы қажет екенін айтады.

1-сыныпқа балаларды міндетті түрде қабылдау керек. Мүмкін жергілікті атқарушы органдарда мәселелер туындап жатқан шығар. Мектептер тарапынан да болуы мүмкін. Ата-анасы Астана немесе Алматы қаласында тіркеуде ме, міндетті түрде 1-сыныпқа барып, сол мектепке қабылдануы керек. Өйткені бізде орта білім міндетті. Балалардың оқуына толық мүмкіндік жасап, оларға қолдау көрсетуіміз керек, – дейді депутат.

Шынында да Қазақстан заңнамасында орта білім алу міндетті. Сондықтан мектептердің негізгі міндеті – баланың білім алуына жағдай жасау.

Бұл тұрғыдан алғанда, құжат қабылдау рәсімі баланы мектептен шеттетудің немесе ата-аналарға қосымша кедергі жасаудың құралына айналмауы керек деген пікірлер басым.

Министрлік не дейді?

Оқу-ағарту министрлігі редакцияның сауалына берген жауабында 1-сыныпқа қабылдау рәсімі нақты қағидаларға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, бұған дейін құжаттарды қабылдау жыл сайын 1 сәуір мен 31 тамыз аралығында жүзеге асырылып келген.

Алайда бұл кезең оқу процесімен тұспа-тұс келіп, мектептер мен ақпараттық жүйелерге қосымша жүктеме түсірген. Осыған байланысты министрлік қабылдау процесін кезең-кезеңімен ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған.

Қазіргі таңда ата-аналар немесе заңды өкілдер құжаттарды екі тәсілмен тапсыра алады: электронды форматта немесе қағаз жүзінде. Онлайн өтініш беру үшін электрондық үкімет порталы пайдаланылады. Порталда өтініш толтырылып, қажетті құжаттар қоса тіркеледі.

Олардың қатарында:

  • №065/е нысанындағы иммундау паспорты;
  • №052-2/е нысанындағы бала денсаулығының паспорты;
  • баланың 3х4 көлеміндегі цифрлық фотосуреті бар.

Ал қағаз түрінде құжат тапсырған жағдайда ата-аналар мектепке:

  • өтініш;
  • баланың туу туралы куәлігі;
  • ата-ананың немесе заңды өкілдің жеке куәлігі;
  • №065/е және №052-2/е нысанындағы медициналық құжаттар;
  • 3х4 көлеміндегі екі дана фотосурет ұсынады.

Министрлік ең маңызды мәселеге де нақты тоқталған.

Қабылдау рәсімі қолданыстағы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады және білім беру ұйымдары тек белгіленген құжаттар тізбесін ғана қабылдайды. Азаматтардың құжаттарды тапсыру барысында қосымша анықтамалар немесе өзге де құжаттар ұсынуға міндетті емес екенін ескерген жөн, – делінген ведомство жауабында.

Яғни министрліктің ресми ұстанымы бойынша мектептер ата-аналардан заңда көзделмеген қосымша анықтамалар талап етпеуі тиіс.

Құжат тапсыруда қиындық көрмеген ата-аналар да бар

Дегенмен барлық ата-ана қабылдау процесінде қиындыққа тап болды деуге болмайды. Ақмола облысының тұрғыны, биыл ұлын 1-сыныпқа бергелі отырған Гүлмира Хадал құжаттарды рәсімдеу барысында ешқандай кедергі болмағанын айтады.

Оның сөзінше, қажетті құжаттарды жинау мен өтініш беру процесі көп уақыт алмаған.

Құжаттарды eGov арқылы ЭЦҚ көмегімен тапсырдым. Медициналық тексерулерден өтіп, қажетті құжаттарды жүктедім. Өтініш пен келісімшартты толтырғаннан кейін көп ұзамай 1414-тен баламның 1-сыныпқа қабылданғаны туралы хабарлама келді. Жалпы маған ешқандай қиындық туындаған жоқ, – дейді ол.

Ата-ананың пікірінше, қазіргі қабылдау тәртібі күрделі емес және қосымша өзгерістерді қажет етпейді.

1-сыныпқа қабылдау ережесін өзгерту қажет деп ойламаймын. Өйткені қазір айтарлықтай көп құжат талап етілмейді, – дейді Гүлмира Хадал.

Ал Астана қаласының тұрғыны, баласын биыл 1-сыныпқа бергелі отырған ата-ана Бақытгүл Әділханова құжаттарды онлайн форматта тапсырған.

Оның айтуынша, электронды жүйе арқылы өтініш беру көп уақыт алмайды және қажетті ақпараттардың басым бөлігі автоматты түрде көрініп тұрады.

Баланың құжатын онлайн платформа арқылы тапсырдым. Ондай артық ештеңесі жоқ екен, тіпті өте ыңғайлы жүйе. eGov порталында баланың медициналық құжаттары тіркеліп тұр. Мен тек 3х4 көлеміндегі суретін жүктеп, мектепті таңдап, келісімді растадым, – дейді ата-ана.

Ал әлеуметтік желілерде кейбір мектептердің тұрғылықты жерді растайтын қосымша анықтамалар сұратқаны туралы пікірлерге қатысты ол мұндай жағдайлардың туындауына қабылдау жүйесіндегі мекенжай мәселесі әсер етуі мүмкін деген болжам айтты.

Платформада баланың тіркелген мекенжайы бойынша мектептер автоматты түрде көрсетіледі. Кейбір ата-аналар уақытша тіркеуде тұрғандықтан немесе нақты тұратын жері мен тіркеудегі мекенжайы сәйкес келмегендіктен қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан мектептер қосымша мәлімет сұрататын шығар деп ойлаймын, – дейді ол.

Ата-аналар қайда шағымдана алады?

Министрлік мәліметіне сәйкес, егер мектеп тарапынан қабылдау қағидалары бұзылса, ата-аналар аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне жүгіне алады.

Ал мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі сақталмаса немесе заң талаптары бұзылса, мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағымдануға құқылы.

Жи арқылы жасалды 

Бірінші сыныпқа қабылдау – әр баланың өміріндегі маңызды кезең. Сондықтан бұл процесс барынша ашық, түсінікті және заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс.

Егер қолданыстағы қағидаларда көрсетілмеген құжаттар талап етілсе, ата-аналардың мұндай талаптардың заңдылығын сұрауға және өз құқықтарын қорғауға толық негізі бар.

Оқи отырыңыз