Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде бірнеше жаңа міндетті пән мен курс енгізіледі. Сонымен қатар бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасы қайта қаралып, 1-сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап 5-7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» пәні оқытылады. Сонымен қатар 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі. Ал келесі оқу жылынан бастап 8-9-сыныптарға «Қазақстан географиясы» пәні қайта оралады.
Сондай-ақ бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» курсы барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналып, оның мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендіріледі.
Бастауыш сыныптағы өзгерістер
Жаңашылдықтар бастауыш білім беру деңгейін де қамтиды. Министрдің айтуынша, оқу бағдарламалары балалардың жас ерекшеліктеріне сай қайта қаралып, оқу жүктемесін оңтайландыру көзделген.
Негізгі мақсат – оқу жүктемесін оңтайландыру, оқу материалының сабақтастығын қамтамасыз ету және оқушылардың оқу, жазу, математикалық әрі функционалдық сауаттылығының берік негізін қалыптастыру, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Осыған байланысты 1 және 4-сыныптағы математика пәнінің 244 оқу мақсаты қайта қаралды. Жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін кейбір тақырыптар алынып тасталып, бірқатары жоғары сынып бағдарламасына ауыстырылды. Сонымен бірге пәннің практикалық бағыты күшейтіліп, күрделі теориялық бөлімдердің көлемі қысқартылған.
Жаңа оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізіледі. Бұған қоса әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа дейін ұзартылып, «Әліппе» пәніне 84 сағат бөлінеді. «Ана тілі» пәні екінші жартыжылдықта 102 сағат көлемінде оқытылады. Бағдарламада оқушылардың оқу, жазу, мәтінді түсіну және ауызша сөйлеу дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.
«Балалар мектепке тез үйреніп кетеді»
Астана қаласындағы №113 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нұрсәуле Азатқызының пікірінше, бірінші сыныпқа енгізілетін бейімделу кезеңі балалардың мектеп өміріне біртіндеп үйренуіне мүмкіндік береді.
Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған оқушының психологиялық тұрғыдан мектепке толық бейімделуі кем дегенде 3-6 ай уақытты алады. Осы аралықта бала өзін оқушы ретінде қабылдап, жауапкершілікті сезініп, мектепке деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан бейімделу кезеңінің енгізілуі өте дұрыс шешім деп ойлаймын, – деді ол.
Педагог бастауыштағы математика бағдарламасының қайта қаралуын да қолдайды.
Бастауыш сыныптағы ең маңызды міндеттердің бірі – математикалық сауаттылықтың негізін қалыптастыру. Сондықтан күрделі тақырыптарды оқушылардың жас ерекшелігіне сай жоғары сыныптарға ауыстыру дұрыс шешім деп есептеймін, – деді Нұрсәуле Азатқызы.
Оның айтуынша, «Әліппеге» бөлінетін уақыттың артуы мен «Ана тілі» пәнінің екінші жартыжылдықта оқытылуы балалардың оқу, жазу және сөйлеу дағдыларын жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.
Әліппе кезеңінде қалыптасқан оқу дағдылары кейін «Ана тілі» пәнінде одан әрі дамиды. Балалар әріптерді танып қана қоймай, оларды өмірмен байланыстырып, еркін оқуға, жазуға және өз ойын жеткізуге машықтанады. Бұл өзгерістердің оқушылардың жас ерекшелігі ескеріліп енгізіліп отырғанын көруге болады, – деп атап өтті бастауыш сынып мұғалімі.
«Жаңа пәндер оқушыларды дамытады»
Ақтау қаласындағы №13 гимназияның информатика пәнінің мұғалімі Сандуғаш Сағындықова жаңа пәндердің енгізілуі оқушылардың құқықтық мәдениеті мен қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді деп есептейді.
«Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» пәндері оқушылардың құқықтық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін және қауіпсіз өмір сүру дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе «Жеке қауіпсіздік» пәні киберқауіпсіздік, интернеттегі қауіпсіздік, буллингтің алдын алу және төтенше жағдайларда әрекет ету сияқты өмірлік маңызды дағдыларды үйретеді. Ал құқықтық бағыттағы пәндер заңға құрметпен қарауға және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді, – дейді ол.
Оның пікірінше, жаңа пәндердің тиімділігі мұғалімдердің дайындығына да тікелей байланысты.
Ол үшін мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру қажет. Арнайы курстар мен семинарлар өткізіліп, мектептерді заманауи оқу құралдарымен және цифрлық ресурстармен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен бірге сабақтарда өмірлік жағдаяттарға негізделген тапсырмалар мен пікірталастар көбірек қолданылса, оқушылардың қызығушылығы артып, алған білімдерін күнделікті өмірде пайдалана алады, – деп атап өтті Сандуғаш Сағындықова.
Біз бұған дейін BINOM мектебі мемлекет қарамағына өтетіні туралы жазған едік.