Жаңалықтар

Өңірлік туризм мәселелері өзекті

Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің кіші ғылыми қызметкері Ғани Назарбекпен сұқбат
Өңірлік туризм мәселелері өзекті
Фото: strategy2050.kz 28.07.2022 10:00 4504

Туризм мәселесі – ең өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Мәдениет және спорт министрлігі биылғы жылда орналастыру орындары қызмет көрсеткен отандық туристер саны 21,5% (1,13 млн адамға дейін) өскенін айтты. Орналастыру нысандары 26,3 млрд теңгеге қызмет көрсетіп, 2021 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 25,7% артық нәтиже берген. Атап айтсақ, Щучинск-Бурабай курорттық аймағына 550 мың адам келген. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2 есеге жуық көп. 

Жазғы маусымда Шымбұлақта 240 мыңға жуық адам демалған. Бұл өткен жазғы маусыммен салыстырғанда 90 мыңға жуық адамға артық. Биыл ұлттық саябақтарға 2 миллионға жуық адам келеді деп болжанып отыр. 

Осы орайда өңірлердегі туризм бағыттары қандай, олардың артықшылығы мен кемшілігі не деп ізденіп көрген едік. Қазақстан табиғатының бары мен жоғын әлеуметтік желілерде тынбай жазып, насихаттап, зерттеп жүрген мамандардың бірі, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде кіші ғылыми қызметкері Ғани Саттарханұлы Назарбек Оңтүстік өңірдегі туризм туралы сауалдарымызға жауап береді.

– Оңтүстіктің турист ең көп баратын, көргісі келетін негізгі бағыттарын айтып өтсеңіз? Жалпы ол бағыттар туристі несімен баурайды? 

– Оңтүстікте халық ең көп келетін жерлер көп. Мәселен рухани туризм бағытында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстан баб, Укаша ата мекендері бар. Экологиялық туризм бағытында Ақсу-Жабағылы қорығы мен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркін атар едім. Тарихи орындар да өте көп. Біреуін ғана атап өтейін Отырар жұрты. Табиғаты тамсандыратын, таңдандыратын орман, көл, тау мен тас та оңтүстіктен табылады. Табиғат демекші, Қаратау Буралдай тау жүйелерінде флораның мол түрі өседі. Өсімдіктерді зерттейтін ғалымдар ғана емес, әуесқой туристер де осы мекенге келуге асық. Қа¬ратауда Жерорта теңізі класына жататын және Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін өсімдік түрі мол. Алайда осындай мол байлыққан енжар қарайтынымыз көңілге кірбің ұялатады.  

Сондықтан ең алдымен ішкі туризмге жағдай жасасақ деймін, туристер келгенде жататын жері, ішетін тамағы, жүретін жолы ыңғайлы болса, көп дүние өздігінен шешілер еді.

– Оңтүстік аңыз-әңгімелерінің қайсысы сізге көбірек таныс? Қандай аңыз-әңгімені турист көп ұнатады?

– Негізі ең көп айтылатын Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи аңызы. Мұны Оңтүстікке келген кез келген турист қызыға тыңдайды деп ойлаймын. Қарт Қаратау қойнауына көп аңыз бүккен. Бәйдібек баба, Домалақ ана, Ақмешіт әулие үңірі (оны айдаһар үңгірі деп атайды), Қырық қыз аңызы, Жылаған ата аңызы. Мұның әрқайсысын сағаттап отырып майын тамыза әңгімелеуге болады. Сұрағыңыз өте орынды. Оңтүстікке көп турист аңыз желісіне еріп келеді. Аңызда айтылған, өзі бала күнінен естіп өскен жерлерді көргісі келеді. Демек, Оңтүстік сол аңызын да туризм әлеуетін көтеру үшін сәтті пайдалана алады. Бізге ұнайтыны – ол аңыз атадан-балаға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткені. Ел барда, жер барда байырғының әңгімесі, өнегесі ұмытылмақ емес. Ендеше аңыз тұнған өлкені көруге келген туристің мейірін қандыра отырып әңгімелеп беретін мамандар даярлау ісі де өзекті. Ол әңгіме жай әңгіме емес, танымдық, тарихи, нанымды, деректі болса, шіркін! Өзіңіздің сұрағыңызға қосымша жауап ретінде айтайын, аңызы көп өлкенің аңыз-әңгімелеріне арналған туризм дамып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.  

– Өңірлік туризмнің ең негізгі мәселелері не деп ойлайсыз?

– Мәселе дейсіз бе? Мәселе көп қой. Ең негізгі мәселе қызмет көрсетудің кемшіндігі дер едім. Қызмет көрсету – сан салалы іс. Турист ең алдымен келетін әуежайдағы, пойыз, автобус бекеттеріндегі қызметтен бастап, гидтің өңірді таныстыру қызметі, асхана, мейрамханадағы тағам ұсыну қызметі, қонақүй қызметі, такси қызметі, байланыс қызметі... Бұл салаларда кемшілік те, алға ілгерілеу де бар. Несін жасырамыз, қазір біз үйренуге тиіс нәрсе өте көп. Қндай жағдайда да туристердің қауіпсіздігі мен жүріс-тұрысында кедергілердің болмауы бірінші кезектегі мәселеге айналуы керек деп ойлаймын. Ол мәселелердің шетін қозғасақ, бірнешеуі үйіліп-төгіліп шыға келеді. Сондықтан бәріне тоқталып жатпай, бірлі-жарымын ғана мысалға алайын. 

Ұлы сөзде ұяттық жоқ, қазір бізде дәретхана да үлкен мәселе болып шыға келетін жерлер бар, бар болғанда ондай жерлер өте көп. Дәретхананы үлкен жол бойына салып қою ғана жеткіліксіз, турист жүретін нысандардың барлығына бірдей дәретхана жасалса, көп мәселенің беті қайтар еді ғой.

Телефон байланысы мен интернет желісі де барлық туристік нүктелерге жетіп жатқан жоқ. Оңтүстікте дала көрген, ел мен жерді қыдырған шетелдіктер интернет сұрайды, телефон байланысын сұрайды. Көрген табиғат сұлулығын бірден әлеуметтік желіге салғысы келеді. Ал интернет көп жерде ұстамайды. Амалың жоқ, интернеті бар жерге жеткенше күте тұрыңыз деп жақауратасың...  

– Табиғи жағдайларға байланысты туристерді апаратын бағыттардың инфрақұрылымындағы кемшіліктер бар ма?

– Мына сұрағыңыз да өзекті. Жол ойқы-шойқы тұстар бізде көптеу. Жолдың жыры таусылмайтын тақырыпқа айналғалы қашан. 

Одан бөлек сол қара жолда нұсқаулықтар да жетпейді. Қай жаққа, қалай баруға болады, қалай жүрген дұрыс, қалай жүру қауіпті: осы жағдайлар толығымен жол бойындағы нұсқаулықтарда егжей-тегжейлі жазылып тұрса дейміз. Сайрам-Өгемдегі Назарбаев университеті студенттерінің адасып кетуі, Ақсу өзенінде ағып кеткен үндістердің мәселесі – барлығы да қауіпсіздіктің сақталмауынан, түсіндіру жұмысының кемдігінен, нұсқаулықтардың жетпеуінен болып отыр ғой. Электронды нұсқамалар, телефонға арналған қосымшалар да жасалса дейміз. Оны туристер жүктеп алса, көп дүние жеңілдер еді.

Тағы бір мәселе біздің өңірде жаз мезгілінің кейбір күндері аптап ыстық болып кетеді. Осындай ыстыққа байланысты қандай да бір шаралар қабылданса, қандай керемет болар еді? Көлеңкесі бар отырғыштар ма, салқындауға арналған арнайы орындар ма – қандай да бір іс-шаралар жасалып жатса ол да туристердің бізге көптеп келуіне мүмкіндік беретіні анық.

Саялы мекен демекші, Сайрам-Өгем ұлттық паркінде Сайрамсу бағыты және Сырдария өңірлік та¬биғи паркі аумағының Бу¬рал¬дай филиалында Тұтты¬бұлақ сарқырамасы бар. Туристер де, жергілікті халық та онша таныс емес жер. Жолы нашар, көпірлері жоқ. Міне, осы бағытқа туристік маршрут жа¬сп көрдік. Осы күні ол жерге табиғаттың тамашасын көруге келген туристер қатары көбейді. 

Осы орайда туристердің де жауапкершілігі туралы бірер сөз айтқым келеді. Туристер барған мекенінде өсімдіктерді басып, жерді ластап, бүлдіріп кетеді. Қоқыс тастамау керегін жиі айтамыз. Ол жердің флорасы мен фаунасына үлкен құрметпен қарауды да туристерге үйрету керек.  Жалпы, келушілердің туристік сауаттылығы дамы¬майынша, өлкенің әсем жерлерін көрсетпеу керек шығар деген ой мазалап жүр.

Қазір халықты бір күндік саяхатқа алып шығып, тур ұйымдастыратын жастар қатары артты. Оларға үлкен құрметпен қараймын. Міне, сол жастар халыққа туристік сауаттылық әліппесін де үйретіп жүр. Сондай алғыр әрі сауатты жастардың еңбегін ескеріп, мемлекет тарапынан қолдау жасалса деп армандаймын. Басқа жағдайды айтпағанның өзінде тау-тасқа шығатын арнайы көлік, ту¬ристік жабдықтар алып беру жа¬ғын қарастырса ғой. Сол кезде біраз жұмыс орны да ашылып, туризм да дамып, туристердің сауаттылығы да арта түсер ме еді? Туризм – табиғат аясына барып ішіп-жеп, суретке түсіп қайту ғана емес. Туризм дегеніміз – физикалық, рухани, мәдени, танымдық демалыс. 

Тауға шығып шаршап қайттым дейтіндер көп. Адам тауға шығып демалып қайтуы керек. Сонда ғана ол таудан денсаулығын шыңдап келеді. Туризм адам денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған дүние деп қарастырсақ, оны салауатты өмір салтының бір бөлшегіне айналдыруға тиіспіз.

Біздің өңірдің табиғаты сан алуан. Жазда аптап ыстық Түркістаннан жүріп өтіп екі сағаттық жол жүріп Сайрам-Өгемге барсаңыз қоңырсалқын мекенге тап келесіз. Біздің өлкенің климаты ғана емес, табиғаты да сан алуан. Үлкен шөл, аласа-биік тау, қырлы, құмды аймақтар да бар. Шардарадағы ғажайып теңізіміздің өзі керемет сұлулықты көрсетпей ме? Міне, осы сан алуан табиғи жағдайдың өзін дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Бұл өлкенің сұлулығы көзді қуантатын әде¬мілік қана емес, сол сұлулық ішіне де талай сырды бүккен көркемдік қой. Осының бәрінің қадіріне жетіп, көп жағдайды қазірден реттеп алсақ, Оңтүстіктің туризмі алыс-жақын шетелдерден келетін туристің санын бірнеше есе арттыратыны сөзсіз. 

– Оңтүстікке қай жыл мезгілінде барған ыңғайлы?

– Оңтүстікте төрт мезгіл де тамаша. Тіршіліктің оянған шағы көктем ғой. Көктемнен бастасақ. Үш айға созылған қызғалдақ маусымын туристердің таптырмайтын нысанына айналдыруға болады. Ал бізде ол мүлдем қолға алынбаған. Құстарды тамашалау туризмі де назардан тыс қалып келеді. Бізге құстардың сан түрі келетінін ескерсек, ол туризм де біраз пайда әкелер еді.

Жазғы маусым – шомылу маусымы. Оңтүстікте шомылу маусымы ең ұзаққа созылатын өңір. Сәуірдің ортасынан басталған шомылу маусымы қазанның басына дейін ұласады. Оңтүстік өңірдегі таулы аймақтағы мөлдір сулар, Шардара жағажайы жағажай туризмін дамытатын таптырмас орын. 

Күзде ұлттық табиғи парктерді араласаңыз ең ғажайып сұлулыққа кез болар едіңіз. 

Қыста тау шаңғысы туризмі бар. Оның да кереметі бөлек.

Біздің рухани туризміміз жыл он екі айға созылады. Себебі өңірдің климаты туристерге жайлы, ыңғайлы.  

– Әңгімеңізге көп рақмет!


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға