Жаңалықтар

«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды»

Қазақ қызына жасауды қалай дайындаған?
«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды»
31.07.2020 20:54 115385

Қазақ халқы ежелден-ақ қыз баланы «қонақ» деп атап, төрден орын беріп, «жат жұрттық» деп туған ұясынан қанат қағатын қызын өзге жұртта абыройлы келін, инабатты жар болуға кішкентайынан баулыған. Ал қыз бала қайын жұртқа барғанда жүзі жарқын болсын деген оймен қыз жасауын барынша сән-салтанатпен жасаған. Көшпелі кезеңде қыз жасауы мал-мүлікпен бағаланса, қазіргі заманда тұрмыстық техникамен, бөлме жабдықтарымен беріліп жатады. Ғасырлар бойы жалғасқан бұл дәстүрдің ерекшелігі неде? «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, бұл салт өзгеріске ұшырады ма?

«Бай мен бай құда болса арасында арба жүреді, кедеймен кедей құда болса арасында дорба жүреді» деген сөзді ұстанған қазақ халқы қыз жасауын да өз шама-шарқына қарай дайындаған. Бір сөзбен айтқанда, әркім өз көрпесіне қарай көсілген. Төлеген Жібегіне құда түскенде де, оның қыз жасауы малмен есептелгенін жырдың өзі айғақтайды. Яғни, сол заманда бір табын сиыр, бір отар қой, бір үйір жылқы сынды мыңғырған қалың мал қыздың жасауы есебінде беріле берген. Қазір бәрі басқаша. Жасау орнына тұрмыстық техника, үй сыйланып жүр. Тіпті, байлар арасында арба тұрмақ, автокөліктердің түр-түрі беріліп жатқаны да ешкімге жасырын емес.

Ал ежелде қыз жасауын арнайы үй тіктіріп, сәнін жарастыра келе, сол заманның бай-манаптары оның артынан алтын жамбы мен күмісті жіберген. Тұрмысы төмен саналған отбасының өзі қырық жылқы апарған. Қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров те бір өлеңінде: «Қыз туса, қырық жылқы деп қуанған елміз» деп екен. Мұның бәрінің түбінде өзге жұртта өз қызының абыройлы болып жүргенін қалаған ізгі ниет жатыр.

photo_241985.jpg

Бұрынғы және бүгінгі қыз жасауы

Ежелгі заманда қыз жасауын құда жақтың әкелген қалың малына қарап та жасаған. Яғни, көрші-қолаң, ағайын-туыс ең бірінші: «жасауға не бересің?» деп емес, «қалың малына не алдың?» деп сұраған екен. Жасау жігіт жақ қалың мал әкеліп, құда түскеннен кейін ғана барып дайындала бастаған.

Қыздың жасауын дайындау үшін арнайы базарға барып, сол базардағы заттарды бір күнде емес, айлап жүріп таңдап алатын болған. Әсіресе, күміс құмандар, жібектен жасалған шапандар мен қыздың бас киімдері, ұлттық нақыштағы белге, кеудеге нағатын бұйымдарын алған. Бұл заттарды ақшаға емес, мал басына шағып есептеп саудаласқан.

Бүгін таңда бәрі басқаша: әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, қажетті жасаудың түр-түрі бар. Ақшаңыз болса, үйіңізге дейін жеткізіп береді. Әдемі жиһаздар мен техникалардан көз сүрінеді.

Алайда ол замандағы мал мен теңге бағасының қазіргіден жүз есе құнды болғанын ұмытпауымыз керек. Мысалы, екі жүз елу күміс теңгеге бір құлынды бие айырбастап алған. Осы орайда қазақтың дәл осы құдандалыққа арналған алғашқы романы Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» шығармасы екенін қоса кеткеніміз жөн. Міне, сол шығармада бас кейіпкер Ғайшаны ұзатқанда қыз жасауына тоғыз құлын бергені айтылады.

Қыз жасауы ретінде қыздың көрпе-жастығын да қоса салған. Солардың ішінде «Құдағи көрпе» деген сый болған екен. Өкінішке қарай, бұл жоралғы қазіргі күні ұмыт бола бастағандай. Бұл салт бойынша қыз жақтан барған құдалар арнайы әкелген көрпеге құдағиды бір аунатып алған. Аталған жолдың мақсаты: «Жаңа түскен келін де енесі сияқты ұл мен қыз өсіріп, ұрпақ жалғастырсын» дегенге саяды.

Бұрынғы қыз жасауынан бүгінгі қыз жасауының басты айырмашылығы – заманауиланғандығы. Яғни, бұрын қазақ үшін «малы – жанының садағасы» болып, бағалы саналса, қазір үй-тұрмысына керекті заттарға сұраныс жоғары. Ол заттарға қыздың көрпе-жастығынан бастап, жиһаздары мен техникаларын кіргіземіз. Бүгінде көбінесе, қыз жасауын жасайтын кезде екі жақ ақылдасып, келісетін болған. Бекерге ысырапқа жол беріп, артық шашылмай қыз тарап жасау дайындағанда құда жақтың сұранысын да ескеріп жүр. Қазіргідей дамыған дәуірде қыз жасауын дайындау телефон қоңырауымен әп сәтте шешілетін мәселеге айналды, тек қалтаңызда жеткілікті қаражатыңыз табылса болғаны.

0eee95bcff55c48816b745a59dd3664a.jpg

Қыз жасауына берілетін заттар

Жасаудың ұзатылған қызға берілетін өз жұртының дүние-мүлкі екенін жоғарыда да айттық. Қазақ халқы қыз бала дүниеге келіп, бойжете бастағаннан-ақ көрпе, сырмағын дайындауға көшкен. Содан да болар халық арасында «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген сөз мақалға айналып кеткен. Соның ішінде сапалы жиһаздар, оюлы кілем-текеметтер, киім-кешек, сәукеле, ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдар қыз жасауына қосылған. Жасауды қыз баланың туған үйінен алған еншісі десе де болады. Қазақ дәстүрінде еш нәрсе бекер емес. Ұл жақтан қызды өсірген анасына ана сүті, қалың мал, киіт сынды бірнеше сый-сыяпат көрсетілсе, қыз жақ та қарап қалмай оның өзіне тиесілі еншісін артынан бөліп берген. Көп жағдайда қалың малға теңестіріліп есептелетін қыз жасауы кейде одан да көп болып қайтарылған.

Қыз жасауына әр өңір әртүрлі заттар қосып жатады. Негізінен қыздың өзіне арналған сәукеле, зергерлік бұйымдар, киім-кешек, аң терісінен жасалған кесе қаптар, ас үй мен төсек жабдықтары, сандықтар, киіз үй, ер-тұрман және қызға арналған төрт түлік мал сынды дүниелер берілген.

Қыз жасауына қай өңірде, қай заманда болмасын ашық немесе ақ түсті жерге төселетін кілем кірген. Себебі ақ түс байлық пен молшылықтың, ұрпақ жалғастығының белгісі саналған. Бұл ғұрып арқылы қалыңдық көп баланың анасы болып, туыс-туғандармен кілемдей жұмсақ болсын дегенді меңзеген.

Тарихшылар ежелгі қазақ қоғамы жасауды тоғыз түрлі етіп жасаған деп айтып жүр. Бұл дегеніміз, тоғыз түйе, тоғыз кілем, тоғыз шапан деп кете беретін тоғыздықтар.

Ұлын үйлендіру мен қызына жасау беру – ата-ананың үлкен парызы. Дәуірлер ауысқан сайын елдің тұрмыс-салтының басқаша сипат алуына байланысты қыз жасауының мазмұны мен мөлшері де жыл сайын өзгеріп келген. Бұл салтты жалпы қазаққа ортақ дәстүр десек те әр өңірдің өзіне ғана тән ерекшеліктері жоқ емес. Ендігі кезекте ата-баба жолындағы қыз жасауына берілетін дүние-мүліктің қандай болуы керек екеніне назар аударайық.

  • Төсек-жабдық

Бағзыдан келе жатқан бұл ғұрып бүгінгі күні де жалғасын тапқан. Қыз анасы жас жұбайларға арнап төсек берген. Оны екі кісілік құс төсек атап өз қолымен тіккен екен. Қазір мұның орнына жатын бөлменің жиһазын сыйлайды. Бұрын қыз жасауына аталған сандық пен әбдіренің орнын да қазіргі шкаф, шифоньерлер басқан. Жас жұбайларға арналған қалың көрпелер мен төсек жабдықтары да қыз жасауында болуға тиіс дүниелер. Шаңырағынан қонағы арылмайтын қазақ отбасы үшін төр көрпенің орны бөлек. Ал сол төр көрпені қыз жасауына тақ санмен ғана қосқан екен. Яғни, жасауға үш, бес, жеті тіпті тоғыз көрпе тіккен. Көрпелерді апарған қыз жақтың жеңгелері ұл жақтағы құдағилардан көрімдік алып, көпті көрген дана әйелді «келіннің етегінен жандырсын» деп ырымдап, жаңа салынған төсекке аунатқан. Жігіттің ата-енесіне арнап арнайы кілем төсеп, екеуін кілемге отырғызып, шетін тартып қалжыңдайтын салт та кездеседі.

Қазіргі таңда елдің көпшілігі үйінде қыз жасауына арнап көрпе-жастықты, төр көрпені тікпейді. Басым бөлігі базардан дайын күйінде сатып алатыны да жасырын емес. Сондай-ақ, қалалық жердегі жасау беру салты мүлдем өзгеше екенін көріп жүрміз. Тіпті, отау болар үйге той жасамай жатып жиһаздарды апарып, көрпелерді орналастырып тастайды. Мұны да қаладағы қайнаған тіршілік үшін уақыт үнемдеудің бір тәсілі деп түсінгеніміз жөн.

  • Ас үй жабдықтары

Ас үй жабдықтары дегеніміз ыдыс-аяқтар. Бүгінгі таңда көп аймақтарда жасауға қосатын ыдыстарды тек шай ішетін кесе, шәйнектермен ғана шектеп жүр. Ал дәстүр бойынша бұлай емес. Қыз анасы шамасы келгенше қызының ас үй жабдықтарын бүтіндеп, тегене, табақ, ожау, оқтау, дастархан, үстел аспаптары сияқты ыдыстарын қосып бергені абзал. Сондай-ақ, қазір қыз жасауына тоңазытқыш, кір машинасы мен үтік сынды техникалық жабдықтарды да жатқызамыз. Келін болып түскен үйінде қызының жұмысын жеңілдететіндей жасау беру анасының парызы саналмақ.

  • Киім-кешек

Дәстүр білетін жасауға қызының бір жылдық киімін түгендеп береді. Оны да артық ысырапқа салынбай, қызымен ақылдаса отырып алады. Кей аймақтарда қызына жеті яки тоғыз сияқты қасиетті сандармен байланыстырып қыстық, жаздық киімдерін салып жатады.

Жоғарыда аталған жасау жабдықтарын үлкен теңдеп түйіп, әр түйіннің бетіне жаулық, маталарын қыстырады. Мұны теңді ашқан әйелдер ырымдап алып отырған.

Жасау сөзі қайдан шыққан?

Әр қазақ отбасының басты арманы – ұлын ұяға, қызын қияға қондыру. Оларды ел қатарлы оқытып, тәрбиелеп, жар таңдап, немере сүю. «Балам – балым, немерем – жаным» дейді үлкендер. Ал сол немерелерінің анасын текті жерден алу, текті жермен құда болу қазақ үшін үлкен мәртебе.

Қазақ халқы қыз балаға кішкентайынан жақсы тәрбие беріп, үй шаруасына баулып өсірген. Міне, осындай тәрбиенің маңайына халықтың ерекше салт-дәстүрлері топтасқан. Солардың бірі, осы қыз жасауын дайындау.

«Жасау» сөзінің толық мағынасы «жаса» деген сөзден шыққан. «Үлкен мақсатты жүзеге асыр», «ұзақ ғұмыр кеш» дегенге саяды.

«Әрбір қазақтың баласы үшін дүние жиған отбасы қызына арнап неғұрлым сапалы заттарды таңдаған. Өйткені жасаудың аз болуы тіптен болмауы бақытсыздық деген ұғым бар»,- деп, қазақ дәстүрін жақсы білетін ғалымдар пікір білдірген.

1892 жылы Ф.Лазаревский есімді шетел ғалымы атақты Баймағамбет сұлтанның қызына отыз түйеге артылған жасау бергенін, әр түйедегі жүктің үстіне кілем жайылғандығын жазып қалдырған. Сондай-ақ оның артынан жүз жылқы қосқан екен. Біз бұл тарихи деректен қыз жасауының қалың малдан да асып түскеніне анық көз жеткіземіз.

08615d4f-a526-4991-97dc-e74eb0f091cb.jpg

Ауыз әдебиетіндегі деректер

Барлығымызға етене таныс «Айман-Шолпан» жырында да қыз жасауының сән-салтанаты көрініс тапқан. Жырда Көтібар батырдың Айманды Әлібекке ұзатқаны, Әлібектің өзі батыр, өзі асыл текті екені, Айманның жасауы ретінде елу нарға жүз-жүзден кілем, тон мен ішек артқаны айтылады. Ал лиро-эпостық дастан «Қыз Жібекте» сексен нарға артылған Жібектің жасауы сөз болады. Сондай-ақ, бәріміз білетін «Ер төстік» ертегісінде қыздың жасауына қару-жарақтың қосылғаны туралы да ақпараттар бар. Яғни, қыз жасауы салт-дәстүрінің бағзы заманнан-ақ келе жатқаны белгілі.

Ал XIX ғасырда қазақ қоғамына үлкен ағартушылығымен келген Ыбырай Алтынсарин қыз жасауы туралы өз шығармасында қызық мәлімдеме жасаған. Жазушының айтуынша, сол замандағы бай-манаптың қызының жасауы жүз жиырма бес жібек шапан, он алты қанатты ақ киіз үй, сол үйге керекті қымбат заттар жүз жиырма бес нарға артып тиелген екен.

Ежелгі заманда қыз ұзатыларға бір жыл қалғанда әке-шешесі үйіндегі төр сандыққа сәукеле қойған. Бұл осы үйде ұзатылар қыз бар деген белгі болса керек. Осындай жақсы жаңалықтар сол кездегі ауылдар мен тума-туысқа тез тарап жеткен. Қыздың жеңгелері сол үйге қонаққа келгенде сәукеленің жанына өздері жинап жүрген әртүрлі әшекейлерді әкеліп тастап отырған. Дәл осылай болашақтағы қыз ұзатуға өздерінің де қатысы бар екенін білдірген.

Жасауды дайындау жоралғысы

Қазақ қызына жасауды ерте бастан дайындаса да, нақты іске тек құда түскеннен кейін ғана кірісе бастайды. Қыздың анасы жасауға зат қосқан жақындарына дастархан жайып, қонаққа шақырған. Қонақтарға бір малын сойып, жасау дайындайтын күнді жариялаған. Сол күні әруақтар разы болсын деп жеті шелпек пісіріп, құран оқытқан. Осы кезге жеткен деректер бойынша олар құранын аңыз кейіпкері, шебер әйел Бибі Бәтимаға бағыштап, ісіне оңынан көмектесуін тілеген.

Қыз жасауын дайындауға ауылдағы шебер тігіншілер, кілем тоқитын көрші әйелдер мен қыз жеңгелері мен құрбылары қатысқан. Қыздың анасы бұл кезде ырымдап ең берекелі отбасының қыз-келіншегінен қолғабыс етуін сұраған. Өйткені, сол келгеннің барлығы шын ниетімен бақыт тілеп шаруаға кіріссе, қызының да болашағы қуанышқа толы болатынына сенген. Қыздың шешесі сонымен қатар, жасау дайындап жатқан әйелдерге өзі пісірген тамағын ұсынып, «қолдарың өнерлі болсын, тоқыған бұйымдарың бақыт пен жақсылық әкелсін, ғұмыр жастарың ұзақ болсын» деп ақ батасын берген.

Тігін тігіп жатқан қыз-келіншектерге, жасау дайындауға қатыспаған басқа туыс-туғандары тәтті дәмдер әкелген. Жұмыс кезінде іштері пыспас үшін әзіл әңгімелер айтылып, ойындар ойнатып, халық әндері шырқалып кішігірім жиын өткен деседі. Қыз жасауын дайындау бағзы заманнан-ақ туыс-туған, дос-жаран, көрші-көлемді рухани жақындастыру қызметін атқарып келеді.

5b9c8369-585a-4fae-a5d1-18dc5084ba80.jpg

Жасауы жақсы қыз – абыройлы

Жасауға керекті көп заттар зергерлер мен тігіншілердің қолынан шыққан қол өнер бұйымы болғандықтан көп уақыт пен мол ақшаны талап еткен. Қыз жасауы туралы көптеген жазушылар мен ақындардың қалам тербегенін жоғарыда да атап өттік. Солардың бірі, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында әпкесі Үбиянға құда түсіп келгенде әкесінің тойды бір немесе екі жылдан кейін ғана өткіземін деп қырсығып отырып алғандығын айтады. «Бұның екі себебі бар. Біріншісі, сол аралықта асықпай базар аралап қыз жасауын толық етіп жасау болса, екінші себебі, қызының қалыңдық дәуірін есте қаларлықтай өткізіп, өз жарын таныса деген ойы еді», - дейді жазушы.

Иә, жасау қыздың барған жұртындағы беделін көтеретін бірден-бір жолы. Жақсы жасаумен келген қыздың беті ашық, абыройы асқақ болады. Ал шын мәнінде қыздың мәртебесі мен мерейін өсіретін артынан келген жасауы ма? Әлде сол елді бақытты етейін, көсегесін көгертіп, отанасы болып, ұрпақ тәрбиелейін деген асыл ниеті ме? Бақыттың дүниеге байланбайтынын ескерсек, қыз жасауы тек ата-бабадан қалған әдет-ғұрыпқа құрмет көрсетудің, дәстүрді келер ұрпаққа көрсетіп, сабақтастырудың жолы екенін білгеніміз абзал.

Жасауға берілмейтін заттар

Қыз жасауына қосылатын әрбір заттың өзіндік орны мен мән-мағынасы бар. Егер тарихқа тереңінен бойласақ қыз жасауына қазан қосып беруге болмайды екен. Қазан – отбасының берекесі саналатын қасиетті ошақ. Егер оны қыз бала төркінінен келін атанған жұртына қосып алып кетсе, олардың ырыс-несібесін қоса әкетіп бара жатқан болып саналған. Яғни, қазан көтеріп кету – қыз үшін абырой емес, үлкен сын. «Отбасының несібесі қазанда» деген сөз де осыған келеді. Ал қайын жұрт төркінінен қазан алып келген қызға жақтырмай қараған. Өйткені, ол «қыз келмей жатып, қазанымды билейді» деген жаман ырымды білдірген.

Жасауға қоспайтын екінші зат – пышақ. Себебі, пышақтың жүзі өткір болғандықтан, келіннің тілі өткір болмасын, жаңа құдалар арасына кикілжің орын алмасын деген ниет. Ал егер қыз жасауымен пышақ ілесе келсе, екі тарап «сатып алу» рәсімін орындаған. Ол кезде құдағи: «Не әкелу керектігін білмесеңіздер сұраңыздар, айтудан жалықпаймыз» деп сөз бастаған. Дегенмен, қазақ қызына қазан-пышақтан басқа, ас үйге керекті барлық ыдыс-аяғын түгендеп берген.

Осы бір мақаламызда қыз жасауын дайындаудың ерекшеліктері мен тыйымдарына кішкене болса да назар аудара алдық деп ойлаймыз. Жасау жию дәстүрінің тарихымызда аталған мысал, деректеріне де тоқталдық. Біз жалпылай айтсақ та, әр үйдің, әр ата-ананың қыз жасауын дайындауда өзіндік ерекшеліктерінің бар екені де анық. Соған қарамастан, шама-шарқына қарай, сапалы заттар мен шынайы көңілмен жасалған жасау ғана болашақ отаудың беріктігіне негіз болатыны белгілі. Мұндайда дана халқымыз «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп, дөп басып айтқан.

(Суреттер baribar.kz және adyrna.kz сайттарынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға