©El.kz коллажы

Зумерлер Олимпиада ойындарын қалай өзгертті

Тағы бір Ақ Олимпиада тарих қойнауына еніп кетті. Бірақ Ойындар сыйлаған қуаныш, эмоция, атмосфера көпке дейін жадымызда сақталатыны сөзсіз. Себебі биылғы қысқы Ойындар бізге көп нәрсені үйретті: қарсыласың үшін шынайы қуануға, эмоцияңды жасырмай көрсетуге, жеңіліске де жарыстың бір бөлшегі ретінде қарауға болатынын көрдік. Көрдік те бір сәтке уақыттың өзгергенін анық сезіндік. Ал оны өзгерткен – Z ұрпақ.

Энергия алмасқан Олимпиада

Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен Ойындар «зумерлер Олимпиадасы» атанды. Бұл жай ғана әдемі теңеу емес, бұл – мінез, атмосфера, «вайб».

Ал Олимпиаданың ресми ұраны – IT’s your vibe. Қазақшаға аударғанда «Бұл – сенің вайбың», «Бұл – сенің атмосфераң» немесе «Сенің рухың» деуге болады. Бірақ оның түбінде энергия алмасу процесі жатыр. Яғни сен өз энергияңды бөлісесің, ал Олимпиада сол энергиямен тыныстайды. Оның үстіне «IT» әріптерінің бас әріппен жазылуының да мәні бар. Бұл дегеніміз – Italy атауымен жасалған сөз ойыны.

© Milano Cortina 2026

Милан-2026 шынымен де вайбқа толы болды. Бірақ біз үйренгендей бір-біріне өшпенділік танытатын қарсыластардың емес, бір-бірінің жетістігіне шынайы қуана алатын, құшақтап қолдай алатын, қуанғанда айналасына нұрын шаша алатын, жыласа – жасырмай жылайтын ұрпақтың вайбы.

Шайдоров – сүйікті зумер 

Әрине, біз үшін бұл Олимпиаданың символы – Михаил Шайдоров.

Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған (92,94) жерлесіміз еркін бағдарламада тәуекелге барып, бес рет төрт айналымды таза орындау арқылы 198,64 балл жинады. Осылайша, жалпы есепте 291,58 ұпаймен алтын алуы – бұл тек спорттық сенсация емес, мінездің де жеңісі еді.

Себебі Шайдоров қысқа бағдарламадан соң бесінші орында келе жатқан. Ал жеңімпаз атағын көпшілік америкалық Илья Малининге үлестіріп қойған. Бірақ 1976 жылдан бері тыйым салынған артқа сальто тастау элементін орындап, жұрттың назарын аударған Илья еркін бағдарламасында бірнеше рет құлап, 8-орынға бір-ақ тұрақтады. Әрине, өте аянышты сәт. Бірақ соған қарамастан ол чемпион атанған Шайдоровты алғашқылардың бірі болып құттықтап, спортта бәсекеге ғана емес, достық пен құрметке де орын барын көрсетті.

Tim Clayton/Getty Images

Иә, сальто оны алтынға апарған жоқ. Медаль басты мақсат десек те, адамгершілік одан әлдеқайда жоғары тұратынына осы Ойындарда тағы бір көз жеткіздік.

Зумерлер Олимпиадасының ерекшелігі де сол, мұнда жүлде ғана емес, сәттің өзі де маңызды болды. Ал Шайдоровтың жеңістен кейін панда образында мұзайдынға шығуы, әлемді мойындатқан актер Джеки Чанды көргенде құшақтап балаша қуануы, кейін аңыз рэпер Snoop Dogg-пен биі – бәрі бір сәтте мемге айналды.

Біз көріп үйренген спортта драма, текетірес, бапкер мен шәкірт арасындағы шиеленіс көп еді. Ал бұл жолы бәрі өзгеше. Мұны сарапшылар ғана емес, жанкүйерлер де жарыса жазып жатыр. Мысалы, Threads желісінде santanabluzz есімді қолданушы былай деп пікір қалдырған:

Бұл Олимпиадада мәнерлеп сырғанаушылар мені таңғалдырып жатыр. Жақсы мағынасында, әрине. Жеңілген Малинин Шайдоровты бірінші болып құттықтады. Алтын алған Алиса Лью қола алған Амиді құшақтауға асықты. Бір-біріне қолдау көрсетеді. Шамасы, бірінші рет өз ісінен ләззат алатын адамдардың Олимпиадасына тап болған тәріздімін. Кестедегі саннан, кім-кімді басып озғанынан емес, процестен және бұл еңбектің артында не тұрғанын түсінетін өзі секілді жандардың барынан шабыттанады.

Алиса Лью: есеюден қорыққан қыздың спортқа оралуы

Көпшілікті күлкісімен баурап алған зумерлердің бірі – америкалық мәнерлеп сырғанаушы Алиса Лью. Ол Бейжіңдегі Олимпиада ойындарынан соң спорттан кетемін деп шешкен еді. Ол кезде небәрі 16 жаста болған Алиса ерте есейіп кетуден қорыққан еді. Ал биылғы Ойындарға ол мүлде басқаша болып оралды: пирсинг, ерекше шаш үлгісі, TikTok-тағы видеолар.

Jamie Squire / Getty Images

Оның тым еркін сезінуін ұнатпағандар да табылды. Бірақ ол бұған қымсынған жоқ, мұзайдында құдды жеңіске жетіп қойғандай сенімді қалықтады, күлімдеді, өзінің бақытты екенін жасырмады, сөйтіп жеңіске жетті де.

Иә, бұл – зумерлердің эстетикасы. Олар мінсіз болуға емес, шынайы болуға ұмтылады.

Эмбер Гленн: әріптесіне қорған болған сәт

Жапон спортшысының жылап тұрған сәтін фотографтар суретке түсіріп алмақ болды. Бірақ Эмбер Гленн оларға мүмкіндік берген жоқ. Қолымен «қазір емес» дегендей ишара танытты.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Фигурное катание ⛸️ (@figureskating_sportsru)

Тағы бір сәтте ол қазақстандық Софья Самоделкинаның өнеріне тамсанып, тіпті орнынан тұрып қол шапалақтап, залды да қолдауға шақырды.

Біле білгенге мұндай кадрлар алтыннан да қымбат. Себебі бұл – спорттағы мәдениеттің өзгеруі.

Ютта Лердам: рекорд және 59 миллион қаралым

Нидерландтық Ютта Лердам 1000 метрде олимпиадалық рекорд орнатты – 1:12.31.

Оның эмоцияға толы реакциясы TikTok-та 59 миллион қаралым жинаған.

Ютта Лердам / © Associated Press

Оны да жеке ұшақпен келгені үшін сынағандар көп болды. «Танымал блогердің сүйіктісі» деп спорттағы талай жылғы еңбегін жоққа шығарғысы келгендер де табылды. Дегенмен Лердам жұрттың сөзін елеген жоқ, алтын аламын деген мақсаты болды және соны орындады.  

Эйлин Гу: жеңіс пен қайғы қатар келген күн

Фристайл жұлдызы Эйлин Гу хафпайпте алтын алып, үш дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Forbes дерегінше, бір жылда 23 миллион доллар тапқан. Қысқы спорттағы ең табысты саңлақтардың бірі. Ол да АҚШ-та туып, кейін Қытай азаматтағын алғаны үшін сөз естіді. Сөйте тұра ол өзін сынайтындарға жарыс жолағында жауап қатты. Ал спортшының ой-өрісі, қайсарлығы, білім көкжиегі, сөйлеу мәнері жанкүйерлердің оған деген махаббатын еселеп жібергендей.

Баспасөз конференциясына кешігіп келгенде:

Жаңа ғана әжемнің бақилық болғанын естіп, сол үшін кешігіп келдім. Бала күнімнен ол кісінің орны бөлек болды. Мен әжеме ұқсағым келетін. Ол нағыз жауынгер болды. Ол өмірді өзі басқаратын. Қол қусырып отырмайтын, бәрін өзі қалағандай жасайтын, әжем мені шабыттандыратын, – деп жылап тұрып айтқан сөздері жүректі елжіретіп жіберді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Матч ТВ (@matchtv_channel)

Ван’т Ваут бауырлары: бір үйден шыққан төрт алтын

Мелле мен Йенс ван’т Ваут – шорт-тректегі сенсация. Екеуі бірігіп алты медаль алды. Соның ішінде үш алтын мен бір қола жүлде Йенске тиесілі.

Канадаға қоныс аударғанда спорттағы қадамын хоккейден бастап, кейін шорт-трекке ауысқан. Дәл осы спорт олардың өмірінің бір бөлшегіне айналды. Ал екеуінің бір-біріне деген қарым-қатынасы нағыз бауырдың қандай болу керектігіне үлгі. Йенс бір сұхбатында: «Мелле ағам ғана емес, ең жақын досым» деген еді.

Gettyimages

Франьо фон Альмен: дебют пен үш алтын

Зумерлерді жалқау, қиындыққа қасқайып қарсы тұруға дайын емес деп санайтындар бар. Бірақ 24 жастағы швейцариялық Франьо фон Альмен сол сөздердің бәрін жоққа шығарды. Ол дебюттік Олимпиадасында үш алтын алды. Ал супергигантта 1:25.32 нәтижесімен жеңді.

Франьо фон Альмен. Alexis Boichard/Agence Zoom/Getty Images

Бірақ оның өмірі мүлде басқаша өрбуі әбден мүмкін еді. Себебі 17 жасында әкесінен айырылған соң Альменнің карьерасы қыл үстінде тұрды. Себеп қарапайым – Франьоның спортпен әрі қарай да кәсіби түрде шұғылдануына жағдайы жоқ еді. Бірақ отбасы «краудфандинг ұйымдастырып, соның арқасында тағы бір маусым сырғанауға мүмкіндік алды. Ал сол мүмкіндігінде ол Швейцарияның ұлттық құрамасына ілікті.

Жас, батыл, тәуекел ете алатын буын.

Превцтер әулеті: бір әулеттен төрт Олимпиада жүлдегері

Словениялық Превцтер отбасы – Олимпиада феномені. Петер, Цене, Домен, Ника – төртеуі де жүлдегер.

Былай қарасаң, шағын ғана ауылдан шыққан балалар. Әкесі жиһаз дүкенінің иесі, анасы кітапханашы. Ал балалардың алғашқы трамплині – қолдан жасалған қар төбешігі. Соның арқасында Петер 2014 және 2022 жылдары топ жарса, Цене 2022 жылы күміс жүлдегер атанды.

Ал 2026 жылы Домен мен Ника аралас командалық турнирде алтын алды. Одан қалды Домен тұғырдан секіруде алдына жан салған жоқ.

Cemal Yurttas/Getty Images

Әдетте «болашақ – жастардың қолында» деп ұрандатқанымызбен, аға буынның өзінен кейінгілерге көңілі толмау деген үрдіс бұрыннан бар. Бірақ бұл Олимпиада ойындарында жастардың бойынан қайратты да, мінезді де, мейірімді де, эмоцияны да қатар көрдік. Көрдік де тамсандық. Себебі зумерлер әлемді бағындыру үшін ең алдымен айналаңды жақсы көру керектігін көрсеткендей.  

Трансляция да өзгерді

Бұл Олимпиаданы тек спортшылар емес, трансляция да өзгертті. 810 камера, 25 дрон, 360° қайталау, 8К сапа, ЖИ арқылы 0,1 секундта талдау.

Бірақ ең бастысы, аудитория өзгерді. Енді Z ұрпақ спортты телевизордан емес, TikTok, YouTube, Instagram арқылы ғана көреді.