Жаңалықтар

Зооморфтық ою-өрнектер

Зооморфтық ою-өрнектер
11.11.2015 04:47 36552

Зооморфтық ою-өрнектер туралы Ә.Марғұлан «тұрмыс-тіршілігі негізінен мал шаруашылығы болғандықтан қазақ ою-өрнегінің негізгілері жануарлар бейнесі, малдың тұяғы, мүйізі, құстардың қанаты, іздері ұғымдарымен тығыз байланысты» деген. Сондықтан болар, арқар, киік, қасқыр, ат, түйе, бүркіт сияқты аң-құстар, жануарлар бейнесі ою-өрнектерде жиі кездеседі.

Зооморфтық ою-өрнек түрлеріне қос мүйіз, төрт мүйіз, сыңар мүйіз сынық мүйіз, бұғы мүйіз, бота мойын, қос алқа, түйе табан, түйе өркеш, бота тірсек, тышқан құлақ, омыртқа, қабырға, айыр бақай, аша тұяқ, ит із, жылан бас, тырнагүл, құстұмсық, қаз аяқ т.б. жатады.

Бірінші топ – жан–жануарлар дүниесін білдіретін ою–өрнектер. Бұл көбінесе киізден жасалған бұйымдарды өрнектеуге қолданылған. Тұрмыс – тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан халық арасында қолөнер бұйымдарын көркемдеуде мүйіз тектес өрнектер кеңінен таралған. Әр шебердің эстетикалық талғамына сай текемет бетінде ою-өрнектер орналастыру тәртібі бойынша кейде орталық бөлікке немесе жиек оюларына түсіп отырған. Қазақ халқы малды аса қастерлеп, қасиет тұтқан. Кездескен адамға «мал – жан аман ба?» деп бірінші саулықты малдан бастауы тегін болмаса керек.

«Мүйіз» - оюдың ең көне түрі. Бұл элемент мүйізді меңзеуден шыққан. «Мүйіз» өрнектері өте көнеден келе жатқан өрнек және ол көбінесе мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі не жартылай көшпелі елдердің қолөнерінде негізгі мәнер ретінде жиі кездеседі. «Мүйіз» өрнектерінің түрлері мен атаулары өте көп. «Мүйіз» ою-өрнек кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында қолданады. Ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданылады. Мүйіз элементтері «аймүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», «маралмүйіз», «еркешмүйіз», «қошқармүйіз» т.б. түрлерге бөлінеді. «Мүйіз» өрнегі үй жиһаздарында (кілем, сырмақ, текемет, алаша, көрпе, түскиіз, шымши), тұрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, оқшантай,торсық, сандық т.б.), сондай-ақ қару-жарақтарда (қынап, оқшантай, торсық, садақ), киім-кешек, ат әбзелдерінде (ертоқым, айыл) қолданылады, жалпы бұл элементтің қолданбайтын жері жоқ десе де болады. Мүйіз сындас өрнектердің мәнерлеріне қарай, қазақ арасында ғасырлар бойы қалыптасқан түрлері:

«Қошқармүйіз» - ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлаған тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмак, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек түрінде де тігіледі. Зерттеуші К.Ибраева қазақтарда мүйіз тектес өрнектердің басымдылығына назар аудара келіп, мүйіз бен шиыршық белгілерінің идеясы қошқармүйіз – қой өндіруші, қасиетті, өмірлік күші бар семантикалық жүйеден туындайды деп дәлелдейді.

«Арқармүйіз» - қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді. Бақыт – береке, байлық, мал-жанның көбеюі сияқты символдық мәні бар.

«Қосмүйіз» - ою-өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде «ырғақ», кейде «ілмек» деп аталатын оюларды «қосмүйіз» дейді. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды, киім-кешек, қару-жарақтарды безендіру үшін пайдаланатын қой, ешкі, сиыр, бұғы, марал сияқты жануарлардың қос мүйізін бейнелейтін ою-өрнек. Қазіргі кезде «қосмүйіз» ою-өрнегін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, қамзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салады.

«Қырықмүйіз» - ою-өрнегі біріне бірі жалғаса, тармақтала қосылған, көп мүйізден құралған ою-өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төртбұрыш ішінде бейнеленеді, кейде бұтақтың ағашы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады. Түскиіз, тон, кежім, сырмақ, текемет, архитектура сәулет өнерінде молырақ кездеседі.

«Түйеөркеш» ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Түйе түлігінің шыдамдылығы, күштілігі, пайдалылығы ескерілген. Халқымыздың бұл өрнекпен көбіне үй жиһаздарын, батырлардың қару-жарағын өрнектеп, отбасына тыныштық, батырға қайсарлық әкеледі деп сенген. Сырмақ, текемет, түскиіздерге салынатын ою-өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе-теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке-бірліктің, көбеюдің символын білдіреді.

«Сыңарөркеш» ою-өрнегі «сыңармүйіз» оюында айтылғандай, мүйіздің бір сыңары етіктің басына ұқсап, қайқиып, қайталанып, шексіздікке ұласа береді. Бұл өрнек негізінен «қошқармүйіз» элементінен жасалады.

«Түйетабан» - ою-өрнегі түйенің басқан ізін долбарлайтын күрделі ою-өрнек. Қатар тұрған S тәрізді екі сызық қатарласып қосылмайды, түйенің табанына ұқсас екі жарты сопақша дөңгеленіп келетін ою. Бұл өрнек ұзақ сапарға жолаушы жүретін адамға қайсарлық тілеп, арман-тілегіңе қол жеткіз деп берілетін өрнек.

«Құсқанаты» ою-өрнегі мүйіз оюымен не шахмат шақпақтарының ізімен бейнеленген құстың қанаты тәріздес ою-өрнек. Ал бұйымдарда көп қолданылатын бұл ою қанатын жайып, ұшып келе жатқан құсты тұспалдайды. Қазіргі кезде «құсқанаты» ою-өрнегін басқа өрнектермен аралас қолдана береді. Бұл өрнек ұзатылған қыздың түскиіз, сандық қап сияқты бұйымдарына, отау құрып шығатын ұлдардың жиһаздарына салынып «құс қанатымен ұшып құйрығымен қонады, ұясынан ұшқан балапандарым сендер әлі де қанат - құйрығымсыңдар» деген мағынаны білдірген.

«Құсмойын» ою-өрнегі құстың мойнын тұспалдаудан туған. Бұлар көбінесе мүйіз мәнерімен жасалады. Ол иіле келген доғал тармақты мүйіздерден, ромбтардан, сызықтардан құралады. Құс атына байланысты өрнектердің бәрі қолөнер үлгілерінің барлық түрлеріне тән.

«Құстұмсық» өрнегі құстың тұмысығын тұспалдаудан туған. Оюды қиғанда ортасындағы сызықтың басы құстың тұмсығына ұқсас қиылады. «Құстұмсық» жүзік немесе «топсалы» сәлемдеме ретінде туыстар арасында дәнекер қызметін атқарған. Тұрмысқа шыққан қызынан орамалға түйілген құстұмсық жүзік келсе, ата-анасы қуанып көршілерін шақырған. Жүзіктегі өрнекке қарап ата-анасы қызының ұзатылған жерінің жақсы екендігін біледі. Құс бейнесі халық түсінігінде азаттықтың белгісі.

«Құсізі» - бұл өрнек көбінесе әйелдердің киіміне орамал, баскиім сияқты бұйымдарға түсіріледі. Мұнда құстың жүрісінің әсем-сәнділігіне қарай әдепті, ибалы болуды, сұңғұла, сергек болуын тілесе, орамал сияқты бұйымдарға түсірілуі, отбасы әйелінің тәрбие көрген, әдепті екендігін аңғартады.

«Қазтабан» ою-өрнегі Маңғыстаудағы құлпытастарды өрнектеуде көп қолданылған, қаздың табанын тұспалдаған күрделі S элементтерінен тұрады. Бұл оюдың S үлгімен бейнеленетін «ботамойын» оюынан айырмашылығы екі қатар орналасқан SS екі қаздың бейнесін тұспалдайды. Қаздың басы, мойны анық байқалып тұрады. Қаз көбінде пәктікті, тазалықтың символы деп білетін халқымыз оны ерекше аялаған, әсіресе сарыала қазды киелі деп санаған. Сондықтан бұл өрнекті отау үйдің жиһаздарын өрнектеуге қолданған. Бұл өрнек арқылы халқымыз сүйген жарлардың бір-біріне адал пәк болуын, берекелі болып, тіршілікте ырыздықтарын тауып көңілді өтеулерін тілеген.

«Қазмойын» - әдемі мойынды тұспалдайды. Бұл өрнекті көбіне әйелдер көйлегінің етегіне, тонның, күртелердің өңірлеріне салып, табиғаттың ерке құсы сынды еркіндікті сұлулықты тілейді.

«Үкі құлақ» - үкінің қараңғыда көре алатын ерекшелігіне қарай сергектікті, алға қойған мақсатқа жетуін тұспалдауына байланысты әртүрлі бұйымдар мен киімдерге салынады.

«Өрмекші» - бұл өрнек көбінде әйелдердің көйлектерінің етегінде, алқа сырға сияқты зергер бұйымдарға салынатын тұмар қасиетіне ие өрнек. Өрнек негізінен пәле-жала, бақа-шаян, құрт-құмырсқадан сақтануды нышандайды.

«Жіліншік» ою-өрнегі малдың жілік сүйектерінің негізінде туған атау. Жіліншік өрнегі қатар екі сызық бейнесінен құралатын буынды өрнек (алаша, киіз, тысқап, баулар, басқұрларды безендіруге қолданылады).

«Тіс» ою-өрнегі малдың, аңның тісіне ұқсас, аққара түсті шақпақтан құралатын, шахмат тақтасына ұқсас ою-өрнек. Кесте тігуде бұрыштарын қарама-қарсы түйістіріп отыратын тік сынық сирек тігістердің өрнегінде қолданылады. Мұны «тіс», «иттіс» деп те атай береді.

«Таңдай» ою-өрнегі малдың таңдайының бедерін бейнелеуден шыққан, диагональ тәрізді өрнек. Бұл өрнек ағаш, мүйіз, сүйек заттарының шетіне, киімдердің жағасына, кимешектің жақтауына салынады. Таңдай өрнегі басқа түркі тектес халықтарда да кездеседі.

«Бөрікөз» ою-өрнегі бөрінің көзін, қасқырдың басын, құлағын, сондай-ақ «бөріқұлак» деп аталатын жапырақты бейнелейді.

«Жылан», «жыланбас» ою-өрнегі балалардың тақиясына «көз тимесін» деп тағатын, жыланның бас сүйегіне ұқсас ою-өрнек. Бұл ою-өрнек жыланның бейнесін тұспалдап тұрады.

«Ашатұяқ» өрнегі (кейде «айы» деп те атайды) сиырдың, қойдың, арқардың тұяқ іздерін бейнелеуден шыққан.

«Бөріқұлақ» - қасқырдың басын, құлағын бейнелейтін өрнек.

«Қазтабан», «қазмойын», «құсмойын», «құстұмсық», «құсмұрын», «құсқанаты», «құсқұйрық», «құсжолы» өрнектері аңщылық кәсіппен байланысты, құсты, құстардың дене мүшелерін тұспалдаудан туған. Бұлар көбінесе мүйіз мәнерімен жасалады. Мысалы, «қазмойын», «құстұмсық», «құсмұрын», «құсқанаты», «құсқұйрық», «құсжолы» өрнектері иіле келген доғал тармақты мүйіздерден, ромбалардан, сызықтардан құралады. Құс атымен байланысты өрнектер қолөнер үлгілерінің барлық түрлерінің әшекейіне тән. Соғып, құйып істелетін алтын, күміс сақиналардың бір түрін «құсмұрын сақина» деп атайды. «Құс жолы» мен «құс құйрық» өрнегі көбінесе шиге оралады, кестеге тігіледі, кейде ағаш, мүйіз, сүйек заттарын да әшекейлейді. Әсіресе күміс ердің қасын, ат-тұрмандарды, күміс кіселерді өңдеуде көбірек қолданылады.

«Қарта», «қосқұлақ», «қосмүйіз», «қостаңдай» өрнектері төрт түлік малдың дене мүшелеріне еліктеуден шығып, сол мүшелердің атымен аталып кеткен. Бұрын «қазмойын» деп келісті бәйге атын да атаған. Сондай-ақ бунақтардан түзелетін «қарта өрнегі», жүрекке ұқсаңқырап келетін «үлпершек» және «шұжық» өрнектері бір кезде аса сыбағалы мүше есебінде табаққа жасалынып ұсынылатын жал-жая, қазы-қарта, шұжық сияқты ұлттық тағам түрлерін еске түсіреді.

«Құсқанат» өрнегі мүйіз оюымен не шахмат шақпақтарының ізімен бейнеленген құстың қанаты тәріздес өрнек.

«Иттабан», «итемшек», «қарақұс», «көбелек», «шыбын қанат» - мұндай өрнектер көбінесе киіз үйдің есігіне, қораның қақпасына, жүкаяқ пен төсектің аяғына, шидің шеткі орауына жүргізіледі.

«Құмырсқа», «шөміш», «қосдөңгелек», «бесдөңгелек» өрнектері төрт түлік малдың ендері мен таңбаларынан шыққан.

«Ай», «жарты ай» өрнектері шынында да аспандағы айды меңзеп жасалынған. Бұлар көбінесе діни орындардың архитектуралық безендіруінде, мешіт-медреселердің мұнараларында, мазараттарында, жайнамаз сияқты жерлерде көбірек кездеседі. «Ай» өрнегінің ислам діні келуден көптеген жылдар бұрын шыққаны анық. Мұның себебі де жоқ емес. Бір замандарда көптеген қауымдар ай мен күнге, от пен жұлдызға табынған. Жаратылыс құбылыстарынан мағлұматсыз заманда ай да, күн де, жұлдыз да тәңірі болып көрінген. Осыған байланысты аспан әлеміндегі денелердің ең көрнектісі және құбылысы көп айды олар тәңірі тұтып жалбарынған, оған құрбандықтар шалған. Қазақтың тілек тілер, бата қылар жиындарда көк қасқа малды айтып союы да осы ескілік нанымнан қалған әдет. Көк дегенде, түсіне қарай аспанды тұспалдаса, қасқа дегенде сол көктегі (аспандағы) айды тұспалдаған.

«Айбалта» - ай сияқты құдіретті балта деген ұғымнан туған. Мұндай өрнек көбінесе ат-тұрмандарда, батырлардың қару-жарақтарында, кестелі киімдерде, кежімдерде, архитектуралық өрнектерде, әртүрлі мәнерлде кездеседі.

«Алақан» деп көбінесе көп тармақты өрнектердің ортасында солардың негізгі сабағын, алақанын, қамшының өрімін сапқа жалғап тұратын жалпақ былғарыны айтады. Қазақтан басқа қырғыз, қарақалпақ, дағыстан сияқты елдерде кәдімгі бес саусақты алақан бейнелі өрнек бар.

«Алақұрт» - көбінесе ши орауында, сырмақ шетіндегі жиектерде, төсек, жүкаяқ, кебеже, асадал сияқты заттардың шеттерінде, «су» өрнектерінің кейбір түрлерінде кездеседі. Ол ақ пен қарадан, қызыл мен жасылдан, көк пен сарыдан бунақталып келетін ұзынша желі. Соған қарай «қызылқұрт», «сарыалақұрт», «қаралақұрт», «бунақ», «буын өрнек» деп те аталады. Мұндай өрнектер кесте ісінде көп кездеседі.

«Алаша», «аламыш» өрнектері жарыса жасалған көп түсті жолақтардан құралады. Кейде сол жолақтардың ішінде геометриялық фигуралар тектес не «мүйіз» өрнектерінің желілі түрлерінен құралған түрлі түсті өрнектер болады. «Аламыш» өрнегі шахмат тақтасының сызығы сияқты жарыса салынған қысқа-қысқа, кейде көлемді ұзын сызықтардан (желілерден) түзіледі. Мұндай өрнектер ши орауында, терме бауларда, кілем-алашаларда, сүйек өрнектерінде көбірек кездеседі. Ондай өрнектерді кейбір жерлерде ендірме деп те атайды.

«Атауыз», «атерін» деп аталатын өрнектер малдың аузын, үстіңгі және астыңғы еріндерінің түйісіп тұрған бейнесін еске түсіреді. Көбінесе кесте, көркем тігіс, әр түсті маталарды оюластырып құрауда, сандыққап, аяққап сияқты мүліктердің жиегінде, киімдердің өңірінде кездеседі. Өрнек арқасымен түйіскен немесе түйіспеген жақындасып тұрған жарты шеңберлерден түзіледі. Кейде жарты шеңберлер ұзынынан ұзақ бір тұтас жолақ болып келеді де, бір заттың шет-шетін тегіс қоршаған жиек өрнегі болып тұрады. «Атерін» өрнегінде әрбір жарты шеңберлердің ортасында неше түрлі мүйіз, өсімдік, геометриялық фигуралар тектес ұсақ кестелер салынады. «Атауыз», «атерін» өрнектерін ірілеу етіп қиып, оны сырмақ оюына қолданады.

«Бағана өрнек» - («баған» деп те атайды) тіреу, діңгек деген ұғымды тұспалдайды. Бұл өрнек көбінесе үйдің үйдің босағасында, ішкі тіреулерінде(баған колонналарында), асадал мен кебежелердің аяқтарында, қырларында, айна қойғыштардың шетінде, піспек саптарының жоғарғы жақ басында, түрлі тіреулерде, адалбақанның бойында жиі ұшырайды. Бұл өрнек негізінен бірнеше жіліншік бунақтар мен шығырланған шарлардың қосындыларынан түзіледі және ол ылғи тік немесе ұзынынан бойлап салынады.

«Балға», «балта» өрнектері өздері аттас заттарға ұқсас келеді. Геометриялық ұзынша төрткүл, кейде мүйіз мәнерінде жасалады (көбінесе баспаша «г» әрпіне немесе «т» әрпінің бейнесіне ұқсас). Бір ескеретін жағдай, бұрын қазақта «балға таңба», «балта таңба» дейтін ру таңбаларымен аттас және соған ұқсас өрнектердің де жасалуы мүмкін. Өйткені қайсыбір шеберлер өз ісінің маркасы есебінде, осы өз руының таңбасын бейнелеген болуы керек деген жорамалдар да бар. «Балға», «балта» өрнектері түрлі кестелерде, қолмен тігілетін көркем тігіс өнерінде, өрмек істерінде диі кездеседі.

«Балдақ өрнек». Балдақ деп қазақ көзі жоқ жүзікті, жүзік сияқты шығырды атаған. Сондай шығырларды шымылдыққа бау өткізетін ілмек етіп пайдаланған. Кей жерлерде жұмыр білезікті де балдақ дейді. Бүркіт ұстаушының қолын сүйеп тұратын аша ауыз таянышын да балдақ дейді. Оның себебі бұл құралдың бүркіт ұстаған қолдың білегіне киіліп тұратын жоғарғы басы балдақ сияқты жарты шығыр формасында келеді. Кейде балдақтар бірімен-бірі қосыла, шеңберге шеңбер ілмелене келіп, күрделі өрнек түзейді. «Балдақ» өрнегі көбінесе кестеде, ағашта, алтын, күміс заттарында қолданылады.

«Бес дөңгелек» кейде қатар төртбұрыш түрінде келетін бұл өрнектер бір кездердегі ру таңбалары мен төрт түлік малға басылатын таңбаларды еске түсіреді. Мұндай өрнектер қолөнер істерінің барлығына тән. Сондай-ақ «бесжапырақ», «бесгүл», «төртгүл», «үшкүл» делініп өрнек атауларының бес буындары өрнек элементтерінң санын көрсетеді де, екінші буындағы сыңары сол өрнекте тұспалданып тұрған заттың атын көрсетеді.

«Су» өрнегі. «Су» деп әрбір өрнекті бөліп тұрған ұзын жолақты айтады. «Су» өрнегі кейде екі қатар сызық аралығында ирек сызық жасай отырып, дөңгелек, төртбұрышты бейнелерді жасайды.

«Бүлдірген», «бүркөз», «жармагүл», «жауқазын», «желі», «қоза», «селеубас», «түйетабан», «шытырман» дегендер сияқты бірталай өрнектер жерде өсетін шөп, жеміс, ағаш, бұталарды тұспалдап өрнектеуден қалыптасып, атаулары да осыған сәйкес аталған. Сол сияқты мүйіз өрнегінің көптеген мәнерлері кейде жер байлығына байланысты түрлене түседі. Ондай өсімдік тектес өрнектердің кейбірі жайлауды, орманды жерлерді, саялы жеміс ағаштарын, биік бәйтерек, қалың шырмауықты, гүл-бәйшешекті және т.б. меңзейді. Ал «қоза» өрнегі халқымыздың ежелгі кәсібінің бірі мақта шаруашылығынан туған (Қоза-мақтаның қауашағы).

«Ергенек». Қазақ тілінде киіз үйдің босағасының орта беліне жететіндей етіп бөлек тоқыған есік сияқты шарбақты немесе кереге көз етіп көктеген бірнеше сабау ағашты ергенек дейді. Киіз үйге мал, ит кірмеу үшін, кейде сол ергенекті көлденең қоя салатын әдет болған. Қазақ жақсы көрген баласын айналып-толғанғанда «есігіңе ергенек болайын» деп жатады. Онысы «есігіңе күзетші болайын» деп жатады. «Ергенек таңба» деген ру таңбасы, мал таңбасы бар. Соған байланысты Найманның бір руы «Ергенекті ел» деп аталады. Ергенектеу әдісі көбінесе кестеде, қол тігісінде, ши орауда, тал шыбықтардан түрлі заттар тоқығанда қолданылады.

«Егіз» немесе «жұп» деп аталатын өрнек өте арғы заманынан келе жатқан және бүкіл шығыс халықтарына ортақ өрнек. «Егіз» өрнегінің бейнесі шеңбер, әлем кеңістігі өлі және тірі табиғат, дүние деген ұғымды білдіреді. Шеңбердің іші бір балықтың қақ жарған екі жартысы сияқты болып бейнеленген. Ол әлемдегі заттар да, заттық ұғымдар да барлығы да егіз деген пайымдауды білдіреді. Бұл өрнектің мазмұны бойынша ешбір дара, бір жақты сыңар нәрсе де, ұғым да жоқ.

«Ендірме» өрнегі екі затты сыналап көлемдеу әдісінде қолданылады. Бұл көбінесе бір басы үшкір келген геометриялық үшбұрыштардан түзеледі.

«Ебелек» өрнегі. Кейде оны «қаңғалақ» деп те атайды, ал «қаңғалақ» деп ертеректе ұршықты айтқан. Археологиялық қазындылар мен ою-өрнек туралы жазбаларға қарағанда, бұл өрнек өзге өрнектердің бірсыпырасынан соңырақ шыққан.

«Жапырақ», «жармагүл», «жауқазын», «жетігүл», «жұлдызгүл», «үшқұлақ», «шытырман» деп аталатын өрнектер де өсімдік тектес бейнелерді тұспалдайды. Бірақ бұлар кейде заттардың натуралдық қалпында кестеленсе, кейде «мүйіз» өрнегімен, кейде геометриялық сынық сызықтар арқылы сипатталады. Мұндай өрнектер бірсыпыра заттардың бетіне жеке-жеке, кейде көп тармақ болып желіленіп келу арқылы бүтін сюжетті (жайлау, орман, жазық дала, кең сахараны) меңзеп жасалады. Кейде осы өрнектер жоғарыда айтылып кеткен өсімдік тектес басқаша атаулардағы өрнектермен тұтасып, өте күрделі бір пейзажды бейнелейді. Мұндай өрнектерді кесте мен қол тігісінен, әр түрлі маталардың гүлдерінен, сырға, тана, қапсырмалардан тағы басқа көптеген мүліктердің бедерлі гүлдерінен шілтерлеп тоқылған заттардан кездестіруге болады. 

«Жіліншік». Малдың жілік сүйектерінің негізінде туған атау. Бірақ ертеректе қазақ тілінде «жіліншік» деген сөз бір буын, бір бөлек, бір түйін деген ұғымдарды да білдірген. Мысалы, домалақтамай, ұзыннан шумақталып жиналған кесте жіпті «бір жіліншік кесте жіп әкелдім» де те айтатын. Сол сияқты ұзынша келіп, қағаз қапқа салған, жемістен істеген шайды да бұрын «жіліншік шай» десе, кейде «бір жіліншік сабын ала кел» деп те сәлем айтатын. Осыған орай «жіліншік» өрнегіне ұзынша келген, кейде қатар екі сызық бейнесінен құралатын буында өрнектер жатады.

«Иректер». «Ирек», «ирек су» өрнектері кейде түзу сызықтардың сынықтары, кейде доғал сынықтардың ұштасуы арқылы жасалады. Ондай сызықтар бірнеше қатар сызықтар түрінде қатарласа келеді. Кейде бір иректің іші екінші ирекке қарсы келіп, төртбұрыштар мен «сағатбау», «саты» тәріздес өрнектер жүйесін түзейді. Мұндай мәнерлер кейде көп иректі «таңдай» өрнектерін жасайды. Қазақ шеберлерінің қол істерінде киімдердің шет-шетінде, жағасында, тақия жиегінде, «су» өрнектерінің ішінде, сақина-білезіктерде, шидің, сырмақтың шеттерінде, кебеже, жүкаяқ, табақтардың ернеулерінде, тігістерінде көп кездеседі. Омаралин Түсіпжан деген шебер: «Ирек өрнектері адамның өмірін, өмір жолын меңзейді. Өмір жолы дегеніміз шынында да ирек-ирек қой».

              «Бір қисық жол дүние бұраңдаған,

              Басқа дәулет бақ қайтса құралмаған...» -

деген өлең жолдары да бар. 

«Қабырға» өрнегі көбінесе кестеде, қолмен көркемдеп тігуде, ағаш бетіне бедер түсіру сияқты істерде қолданылады. Өрнектің түрі малдың қабырғасына ұқсас, кейде таңдайланып, кейде жарыса қиғаш қатарланып келеді.

«Қостұмарша» немесе «тұмарша» өрнегі. Мұнда төбесінен түйістірген екі тұмарша қосылады да екі геометриялық үш бұрыш жасалады.

«Қармақ» - кәдімгі балық аулайтын қармақ түріндегі ою-өрнектер. «Қармақта» 2-3, кейде одан да көп тармақ болады. Оны кейде «зәкіртаңба» деп те атайды.


Айжан ЕСЕНАЛИНА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға