Жаңалықтар

Әзірбайжанда Қазақстанның Мәдениет күндері мен Кино күндері өтеді

Әзірбайжанда Қазақстанның Мәдениет күндері мен Кино күндері өтеді
04.04.2019 06:44 3798

«Қазақстан мен Әзірбайжанның мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы қарқынды даму үстінде және бұл екіжақты қарым-қатынаста ерекше орынға ие. Әрине, мұның маңызды факторы ретінде екі елге ортақ түркі түп-тамыры, ортақ тарих, мәдениет пен салт-дәстүрді айтуға болады. Біз – бауырлас ұлтпыз».

Бұл туралы Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісі Бейбіт Исабаев сұхбатында айтады.

Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде мемлекеттің барлық өңірлерінде тұрып жатқан 130 мыңға жуық әзірбайжандардың туған үйіне айналған. «Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі ретінде Әзірбайжан диаспорасы қазақстандық қоғамның нығаюына үлкен үлес қосуда. Әзірбайжан халқының өкілдері тұрып жатқан Қазақстандағы барлық өңірлерде олардың ана тілі мен дәстүрлерін сақтауы үшін қолайлы жағдай жасалған. Қазақстанда «Әзірбайжан мәдени орталықтарының одағы» жұмыс істеуде. Оның құрамына 10 облыстық және 2 қалалық Әзірбайжан ұлттық бірлестіктері кіреді. Олардың басшылары – елге танымал тұлғалар», - дейді елші.

2010 жылдан бастап ел астанасы Нұр-Сұлтанда Л. Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінің жанында Әзірбайжан көшбасшысы Гейдар Алиев атындағы орталық өз жұмысын бастады. Ал 2011 жылдан бері Баку мемлекеттік университеті жанында даңқты қазақ ақыны, философ, жазушы – Абай Құнанбайұлы атындағы орталық жемісті жұмыс жасауда. Осылайша Әзірбайжан жастары қазақ әдебиетімен, қазақ жазушылары және ақындардың еңбектерімен етене жақын танысуда.

«Сонымен қатар, Елшілік жанында «Достар клубы» жұмыс істейді, ол арқылы әзірбайжан қоғамы заманауи Қазақстан, оның жетістіктері мен маңызды халықаралық бастамалары туралы толыққанды ақпарат ала алады. «Достар клубы» тұрақты түрде өткізіледі. Өткен жылы біз үш тақырыптық кездесу өткізгенбіз, биыл да бірқатар кездесулерді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, Елшіліктің қызметіне белсенді араласатын әрі Қазақстан-Әзірбайжан мәдени-гуманитарлық қатынасын дамытуда маңызды рөл атқаратын Гейдар Алиев атындағы «Әзірбайжан-Қазақстан» республикалық достық қоғамымен тығыз ынтымақтастық орнатылуда. Былтырғы жылы біз Достық қоғамының 25 жылдық мерейтойын бірлесе атап өттік» - дейді елші.

Бейбіт Исабаев атап өткендей, өткен төрт жылдағыдай, ағымдағы жылға жоспарланған мәдени шаралар кестесі толы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. «Елшілік ақпан айында «Назарбаев Университеті» автономды білім беру ұйымымен бірлесе отыра Жастар жылына бағытталған тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырды. Бұған Әзірбайжанның жетекші білім беру мекемелерінің өкілдері, Бакудегі халықаралық мектептердің басшылық құрамы, сонымен қатар дипломатиялық өкілдіктер және халықаралық ұйымдар басшыларының жұбайлары қатысты. Қатысушылар «Назарбаев Университетінің» үлгісінде Қазақстанның білім беру жүйесі, қазақстандық оқу орындарын әлемдік білім беру кеңістігіне айналдыру үдерісі, сонымен қатар елде білім алу үшін қазақстандық және шетел жастарына жасалған жағдайлар мен мүмкіндіктермен танысты.

Жуырда наурыз айының ортасында Әзірбайжан Ұлттық консерваториясының қолдауымен танымал қазақстандық композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов және Қазақстан Халық әртісі Нұржамал Үсенбаевамен кездесу ұйымдастырдық. Оның барысында Қазақстанның өнер қайраткерлері Әзірбайжан халқын өздерінің шығармашылықтарымен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті.

Екі елді мәдени байланыстырудың маңызды оқиғасы ретінде Мәдениет күндерін өткізу шарасын айтуға болады. Әзірбайжандағы Қазақстанның мәдениет күндерін биылғы жылы өткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл мәселе пысықталу үстінде. Біз өз кезегімізде Қазақстандағы Әзірбайжан мәдениетінің күндерін өткізуді көздеп отырмыз», - деді елші.

Бұған қоса, оның айтуынша Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу қарсаңында 10 сәуір күні Бакуде қазақстандық танымал Mezzo тобының концерті өтеді: «X Factor Қазақстан жобасының триумфаторлары саналатын дарынды топтың жас солистері Әзірбайжан мемлекеттік филармониясында алғаш рет өнер көрсетеді, мұнда олар есімдері әлемге мәшһүр әншілердің әндерін орындайды. Әзірбайжан – бұл топтың өнер көрсеткен бесінші мемлекеті болып саналады. Оған дейін олар гастрольдік сапармен АҚШ, Ұлыбритания, Египет және Украинада концерт берген болатын. Бұл концерт Қазақстан елшілігі және Әзірбайжан Мәдениет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылмақ».

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру шеңберінде сәуір айының ортасында Әзірбайжанға қазақстандық ғылыми экспедициясы келеді деп күтілуде.Экспедиция бағдарламасына сәйкес Әзірбайжан ғылым саласының зиялыларымен кездесулер және Нахчыван,Бейлаган, Барда және Гянджа секілді тарихи қалаларға сапар жасау жоспары қарастырылған.

«Ағымдағы жылдың ортасында Бакуде Қазақстандық кино күндерін өткізуді де жоспарлап отырмыз. Бұл шара шеңберінде Әзірбайжан көрермендерін заманауи қазақстандық фильмдер мен қазақстандық киноиндустрияның даму үрдістерімен таныстырмақ ниеттеміз. Өзіңіз білетіндей, соңғы жылдары Елшілік қазақ мемлекетінің құрылу кезеңдеріне және тарихи тұлғалар, ғылым, әдебиет және мәдениет саласында аянбай еңбек еткен танымал қайраткерлерге арналған кітаптар топтамасын әзірбайжан тілінде жариялау бойынша жобаны іске асыруда.

Осы орайда, былтырғы жылдың соңында аталмыш жоба аясында әзірбайжан тілінде «Алаш» партиясының қозғалысына арналған ғылыми мақалалар жиынтығы жарыққа шыққандығын айта кетейін. Сонымен қатар XX ғасырдың басында өмір сүрген танымал әзірбайжан ақыны және драматург Гусейн Джавид туралы қазақ тілінде және латын қаріпімен жазылған кітап жарық көрді. Бұл кітапты Қазақстан Елшілігі және Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әзірлеген болатын. Біз мұндай жобаны жалғастыруға ниеттіміз және үстіміздегі жылдың екінші жартысында кезекті кітаптың таныстырылымы болады деп ойлаймын», - дейді елші.

«Жалпы айтсақ, бірлесе өткізген және жоспарланған іс-шаралардың көлемі біздің бауырлас мемлекеттеріміздің ынтымақтастығының жоғары деңгейде екендігінің дәлелі болып саналады. Мұндай позивтивтік серпінді сақтап, бұл мәселеге қажетті назар аударуды жалғастыра беруіміз керек деп ойлаймын. Мәдени-гуманитарлық саладағы екі жақты қатынасты ары қарай дамыту үшін бізде айтарлықтай қомақты әлеует бар, - деп қорытындылады сұхбатын Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға