Зират басынан жер сататындар жазаланады

Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаты Андрей Лукиннің сауалына жауап беріп, бейітке арналған жер телімдерінің сатылмайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың сауалында бейітке арналған жер телімдерін заңсыз беріп, сатқандарға жаза тағайындау қажеттігі көтерілген болатын.
Үкімет бейітке арналған жер телімдерін заңсыз беріп сатқандар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін қарастырып, заңнамалық актілерге қажетті түзетулер енгізуді пысықтайды, — деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.
Сонымен қатар, Премьер-министр әр марқұмға 6 шаршы метр жер мемлекеттен тегін берілетінін мәлімдеді.
Жер кодексінің 109-бабының 3-тармағына сәйкес, жалпы қолданыстағы жер қорынан қайтыс болған адамға немесе тұрақты мекенжайы жоқ марқұмға жерлеу үшін 6 шаршы метрден кем болмайтын жер телімі тегін беріледі, — деді Олжас Бектенов.
Жауапта, сондай-ақ, діни рәсімдермен байланысты қызметтердің әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер қатарына жатпайтыны және олардың бағасын мемлекет реттемейтіні айтылған.
Бұл қызметтер нарығында лицензиялау механизмдері жоқ болғандықтан, бейіт аумағында көрсетілетін қызметтердің бағасын қызмет көрсетушілер өздері белгілейді, — делінген жауапта.
Бейітке арналған бос жер телімдерін анықтау үшін Жария кадастрлық картаны қолдануға болады.
Жылжымайтын мүлік пен жермен байланысты мәмілелерді жасау үшін Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрынан бос және иесі бар жер телімдерін онлайн көруге болады, — деп жазылған Премьер-министрдің жауабында.
