1998 жылы Франция құрамасымен әлем чемпионы атанған Зинедин Зиданның ұлы Лука Зидан спорттық азаматтығын ауыстырып, енді Алжир ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетеді. Бұл туралы Алжир футбол федерациясының ресми сайты хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
27 жастағы қақпашы – қазір Испанияның Сегундасында өнер көрсететін «Гранада» клубының ойыншысы. Лука – мадридтік «Реалдың» түлегі. Бұған дейін ол «Расинг» (Сантандер), «Райо Вальекано», «Эйбар» клубтарында және Францияның жасөспірімдер мен жастар құрамаларында ойнаған.
Енді Алжир құрамасының бас бапкері Владимир Петкович Лука Зиданды қазан айында Сомали және Угандаға қарсы өтетін матчтарға шақыра алады.
Айта кетейік, Зинедин Зиданның басқа үш ұлы да кәсіби футболшы. 30 жастағы Энцо (жартылай қорғаушы) мансабын аяқтаған. 23 жастағы Тео (жартылай қорғаушы) «Кордоба» клубында ойнайды, ал 19 жастағы Эльяс (қорғаушы) «Бетис» сапында өнер көрсетіп жүр.

