Қай халықтың, қай ұлттың болмасын өсіп-өркендеуі, дамуы және келешегі оның ұлттық дәстүрлі мәдениетіне тікелей байланысты екені анық. Ерте замандардан бастау алып, ғасырлар асуынан асып, уақыт тезінен өтіп келе жатқан халықтық мәдени мұралардың бір-бірімен сабақтастығы, атадан балаға мұраға қалып, сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқандығы, танылымы мен дамуы, игерілуі, міне, осыншама қасиеттілік халық өнері түрлерінің қай-қайсына да тән әрі ортақ. Бұл аталған дәстүрлі халық өнерінің аса бір ерекше түрі – жыршылық өнер.
Ертеде еліміздің ауызша музыкалық-поэтикалық мәдениетiн танытатын өкiлдер ақын, жырау, әншi және өлеңшi деп бөлiнген. Анықтама бере кетсек, ақын – әншi-ақын, суырып салып айтушы, жырау – эпос тудырушы және орындаушы, әншi, өлеңшi – ән орындаушылар.
Әншiлердің орындауында халық шығармашылығының терме, жыр, толғау сияқты көптеген үлгiлерi дүниеге келдi.
Жыраулық үрдіс халықтық өнер мен дәстүрдің тоғысын анық аңғартатын, өте ерте замандарда өмірге келіп, халықпен біте қайнаса, ұлттың ақыл-ойының бір көрінісі ретінде өмір сүре отырып, біздің дәуірімізге жеткен өнер. Жыраулар жаугершілік замандарда жорыққа қатысып, ел қорғау, азаматтық тақырыптарға арналған өлең-жырлар шығарған. Олардың туындылары адам көңілін дөп басар әсерлілігімен, мірдің оғындай өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, қиыннан қиыстырған көркемдігімен ерекшеленеді. Жыраулық өнердің, жыраулардың көрнекті өкілі ретінде XIV-XV ғасырларда өмір сүрген Сыпыра, Асан қайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет, XVI-XVII ғасырларда өмір сүрген Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жырауларды айтамыз.
Жыраулық өнерді фольклортанушы ғалым Тынысбек Қоңыратбаев жүйелі зерттеп, еңбектер жазды. Ғалымның дерегініне сүйенер болсақ, жыраулық дәстүрге сонау оғыз заманындағы ұзандардың өнері бастау болып, Тоныкөк пен Қорқыттан жалғағанын, сөйтіп, XVIII ғасырға дейін дамыған жыраулық поэзия ары қарай жыршылық өнерге ұласқанын білуімізге болады.
ХIХ ғасырдағы, яғни оның бас кезіндегі қазақтардың қоғамдағы, сондай-ақ танымдық өмiрiнде дәстүрлi саз өнерi ары қарай жалғасып, әр қилы кемелдену сатысына түстi. Бұл жағдайға өзіндік ықпалын тигізген қазақтың кең байтақ жеріндегі күрделi саяси-әлеуметтiк, сонымен қатар, тарихтағы өзгерiстері едi. патриархалды-феодалдық қоғам алғашқы капиталистiк жолдары мен жаңа қарым-қатынастарға ауыса бастады. Халықтың мәдени болмысында ән мен күй жанрлары кеңiнен қарқындауымен қатар, жеке әншiлiк пен жеке аспапты орындаушылық, яғни, күйшiлiк концерттiк түрде, биiк көркемдiк және шеберлiк деңгейiне жоғарылады. Эстетикалық және музыканы қабылдау қабiлеттері мен көзқарастары жаңашыл жолдармен қалыптасып, өнер саңлақтарының дәрежесі көтерiлді. Яғни бақсы, жыраулардың рухани мұрасын ақын, әншi, өлеңшi, күйшi, сал, серiлер кәсiби-авторлық институт сатысына жеткiздi. Сондай-ақ, өнер иелерi – оны шығарушылар, орындаушылар және насихаттаушылар – қазақ өмiрiнде биiк әлеуметтiк мағынада танылып, ерекше сый-құрметке, ұлт сүйiспеншiлiгiне бөлендi. Халқымыздың тұрмысындағы саз бенен күйдiң алатын орыны, маңыздылығы жайында «Туғанда дүние есiгiн ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кiрер денең» деп, данышпан Абай Құнанбайұлы өлеңiнде аталған өнердің кісі жан дүниесiндегi орнын аса жоғары шеберлiкпен сипаттаса, қазақтың бiртуар перзенті Ә.Бөкейханов өзiнiң «Ән, өлең һәм оның құралдары» аталатын зерттеуінде музыка жанры жайында келесідей даналы пiкiр айтыпты: «Жаңа туған бала жылау әнi, солқылдау әнiмен дүнеге амандасады. Адам жан шығар алдында арпалысып «ай-а-ай» деп ән салып дүниемен қоштасады. Осы екi бас ән, ақтық әннiң арасында адам бiрiн көтерiп, бiрiн созып өлең қосып, бiр өлеңдi бiр өлеңге қосарлап, iштен шерiн шығарып, күйiн тарқатады». Мiне, осыдан-ақ, қазақ даласында өнердiң, өлеңнiң, музыкалық мәдениеттiң қаншалықты болғанын бiле аламыз. Өткен дәуiрлерде қазақ жерiнде музыка дәстүрлi ауызекi түрде қалыптасып, дамығанмен, бүгiнгi заманға дейiн жетiп, ата-бабамыздан қалған ұлт мәдениетiнiң рухани мұрасы ретiнде сақталып келедi.
Айтыс – халық тұрмысының шындығын бейнелеуші
Қазақ халқының музыкалық шығармашылығында суырып салма ақындар айтысының орны зор. Айтыс – халық ауыз әдебиетiндегi өзiндiк ерекшелiгi мол күрделi жанрлардың бiрi. Ежелден айтысу – сөз жарысы, пiкiр таласы деген ұғымда қолданылып келген. Айтыс өнерінің туу тарихы, даму жолдары, өзіндік ерекшеліктері оның сан ғасырлар бойы келе жатқанын білдіреді. Халқымыздың айтыс өнеріне қатысты мол мұрасы әлі толық зерттеліп бітпеген. Халық фольклорының терең бір саласы тұрмыс-салт жырлары қаншалықты терең, қаншалықты бай болса, өзіндік ерекшелігі бар айтыс өлеңдері де сондай сырлы, сондай үлкен мәнге ие.
Айтыстың алғашқы бұлақ-бастауы сонау тұрмыс-салт жырлары, жiгiттер мен қыздар арасында хормен орындалатын диалог-өлеңдерден басталып, бiрте-бiрте ақындар айтысына айналған. Ал ақын дегенiмiз – қазақтар мен кейбiр Орталық Азия халықтарының түсiнiгiнде суырып салма және әншi ретiнде танылады.
Айтыста қоғам өмiрiндегi маңызды мәселелер көтерiлiп отырған. Атап айтсақ, ел ішіндегі әлеуметтік жағдайлар, тартыстар, адамдар арасындағы қатынастар, жетістіктер мен кемшіліктер, замана өзгерістері, бейбітшілік, гуманизм, қоршаған орта мәселесін ортаға салған. Жалпы айтқанда айтыста өмірдің барлық саласы сөз болады, өйткені, айтыс – халық тұрмысының шындығын бейнелеуші жыр. Ол суырып салма шеберлiктi, тапқырлықты, жылдамдықты талап етіп, домбыра немесе қобыз сүйемелдеуi негiзiнде айтылады.
Қазақ халқы айтысқа ерте кезден-ақ, кәрі-жас, ер-әйел демей, бүкіл жұртшылық болып қатысып келген. Ондағы жеңу мақсатында айтылған ащы да ауыр айып сөздер күнә деп саналмаған. Өлең жарысында ақын қойылған сұраққа өткiр тiлмен жауап қайтара бiлуi, қарсыласының әжуасын тойтара алуы қажет. Тек ең мазмұнды, тапқыр ақын ғана жеңiске жетедi. Төрелiк айтушылар да, айтысқа түскен ақындар да «сөз тапқанға қолқа жоқ» дейтiн әдiл де көне ұстанымды қолдап келген. Өзінің тапқырлығы мен делебе қоздыратын тартымды сипаттары арқылы айтыс қазақ өмірінің әртүрлі салт-жоралғысымен біте қайнаса дамыған.
Ақындар айтысы – суырып салмалық өнердiң шыңы болып есептеледi. Ақындар айтысы жұрт бас қосқан ойын-сауық, үлкен жиын, жәрмеңке, ас-тойларда өткiзiледi. Арғы түбі көне замандардағы «Бәдік», «Жарапазан», «Жар-жар» және тағы өзге сияқты тұрмыс-салт жырларынан басталып, кейіннен ерекше өнер түріне айналған кең арналы ақындар айтысына келіп ұласатын бұл өнер ең көне жырлармен тұспа-тұс өмірге келуі мүмкін.
Айтыс табиғи сипаты жағынан өзге жарнлардан ерекшеленеді. Ақындар айтысы қарсылас болатын екі ақынның көпшілік алдында бетпе-бет кездесіп, дәл сол сәтте суырып салып айтқан ұйқасты өлеңдерінен құралады. Айтыстың түп мақсаты – қарсыласын қисынды, дәлелді, уәжді сөзбен тізе бүктіріп, ұту. Ғасырлар бойы халық өмірімен біте қайнасқан бұл өнердің танымдық қасиеттері мол, сонымен қатар бірнеше түрі де бар. Атап айтсақ, түре айтыс, сүре айтыс, жұмбақ айтыс, қайым айтыс, қыз бен жiгiт айтысы, мысал айтысы, жазып айтысу. Мұндағы құрылымы жағынан бөлінген түре айтыс пен сүре айтысқа заңғар жазушы, академик Мұхтар Әуезов былай деп анықтама берген. «Түре айтыс көбіне тұрмыс-салт төңірегінде қысқаша жауап қайтару сияқты түре қуалап айтылса, сүре айтысында – ақындар кеңінен көсіліп, түйдек-түйдек мағыналы ой айтып, ұзаққа созылып, өткір әлеуметтік, қоғамға мәнді мәселелер қозғалады. Айтыс қазақ тұрмыс-тіршілігінің «өмірлік мектебі» болған және қазіргі уақытта осы ата-баба дәстүрі қайта жаңару, даму үстінде. Оған дәлел – халықаралық, сондай-ақ, заман ағымына сай өткізіліп жүрген онлайн айтыстар.
Айтыс өнерінің биікке көтерілген кезеңі деп XIX ғасырдан бергі уақытты айтамыз. Жанақ, Орынбай, Шортанбай, Серәлі, Тоғжан, Балта, Сақау, Қалдыбай, Сүйінбай, Тезекбай, Шөже, Түбек, Жамшыбай, Кемпірбай, Құлтума, Майкөт, Жамбыл, Құлмамбет, Ырысбай, Мұрат, Марабай, Сабыр, Ыбырай, Біржан, Жарылқасын, Күдері, Құдайберген, Ақан сері, Нұрғожа, Нұрпейіс, Шашубай, Иса, Доскей, Нартай, Жамбыл және тағы да өзге ақындар айтыс өнерінің байрағын желбіретіп, Кеңес дәуіріне жеткізді. Ал Кеңес дәуірінде айтыс өнерінің дамуына ықпал еткен бірден-бір адам – халық ақыны Манап Көкенов болатын.
Айтыс өнерінен әйелдер қауымының да тыс қалмағаны белгілі. Өзінің көркемдігімен, өнер туындыларына қойылар талаптардың бәріне жауап бере алар келістігімен «Біржан-Сараның» айтысы мәдени мұрамыздағы асыл жауһарлардың біріне айналып отыр. Айтысты дамытуға атсалысқан Айқын, Күйкентай, Манат, Шәріп, Дәме, Бодық, Ұлбике, Рысжан, Шөкей, Тыныштық, Хадиша, Жамал, Сара, Ақбала, Ақсұлу, Тәбия және тағы да өзге қыз есімдері қазақ елінің мақтанышына айналды. Олардың салған сара жолын Кеңес дәуірінде Надежда Лушникова, Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова сынды апаларымыз жалғастырса, ары қарай бүгінгі күннің айтыскер қыздары жыр күмбезін айшықтап көтеріп жүр.
Қазақ фольклорын зерттеушілердің ішінде айтыс поэзиясына Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Әуелбек Қоңыратбаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Мұхамедрахым Жармұхамедов және тағы да көптеген ғалымдар айрықша көңіл бөлді. Сондай-ақ олар суырып салушылық, табан астынан ұтымды сөз, өрнекті ой табушылықты айтыстың басты талаптары ретінде атаған. Айтыскер ақынның шеберлігі де осыған байланысты анықталды. Айтыс кезінде додаға қатысушы өнер иелері бір-біріне қатты ауыр сөздер айтуға дейін барды. Бұл тұрғыдан Мұхтар Әуезов: «әріптесіне қандайлық қатты сөз, ащы сөз, тіпті бас мінеу сияқты айтыстарда болатын тұрпайы сөздер айтса да, ол кінә болып, айып болып саналмайды» деп көрсеткен болатын.