Жаңалықтар

Жыныстық сауаттылық – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы

Жыныстық сауаттылық – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы
Фото: © Pixabay.com 21.11.2023 13:34 2026

Репродуктивті денсаулық дегеніміз – сау бала туу мүмкіндігі. Оны сақтау ер мен әйелге берілген ортақ тапсырма. Әрбір жүктілік отбасының қалауы болуы керек. Сау баланы өмірге әкелу ата-ананың денсаулығына тікелей байланысты. Денсаулықты күту ерте жастан басталады. Осы орайда, «Saulyq life» жобасының жастарға берері көп. Жобаның жетекшісі Қанат Мырхайдаровпен тілдесіп, «Saulyq life»-тың мақсаты мен міндетін, атқарып жатқан жұмыстарын білдік.

«Saulyq life» жобасын ашу идеясы қайдан келді?

– Қазір БАҚ беттерінде жасөспірім қыздардың жүкті болу мәселесі көтеріліп жатыр. Мысалы, өткен жылы бес мыңғы жуық жасөспірім қыз ана атанған. Бұл ретте олардың барлығын репродуктивті денсаулық бойынша сауатты болды ма деген сұрақ туындайды. Бұл кеше ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Бұрыннан маңызды тақырып. Сондықтан «Saulyq life» жобасының өмірге келуіне заңдылық деп қараған дұрыс. Біз жастар арасында репродуктивті денсаулықты сақтау бойынша жұмыс жасаймыз. Репродуктивті денсаулықты қарапайым қазақ тілімен айтқанда – ұрпақ сүю. Ұрпақ сүю – демографиялық ғылым, халықтың санын көбейту, саналы, салиқалы ұрпақты өмірге әкелу.  Күні кеше денсаулық саласына қатысы бар жастарды, еріктілердің басын қосып форум өткіздік. Ерікті десе көпшіліктің көз алдына тек апатты жағдайда бас қосатын немесе қайырымдылық жасаумен айналысатын адамдар елестеуі мүмкін. Денсаулық саласында мұншама адам қалай ерікті болып отыр деп таңқалып жатады.

Шынында да, бұл жобаға еріктілердің қажеттілігі қанша?

– Зерттеулерге жүгінгенде бозбалалардың 73%, қыздардың  92% жыныстық сауаттылыққа қатысты сұрақты ғаламтордан іздейтінін аңғардық. Одан қалғаны өздерінің құрбыларынан сұрайды. Ал құрбы-құрдастары қаншалықты деңгейде сауатты деген сұрақ туындайды. Ата-аналардың 70% жыныстық сауаттылық бойынша ұл-қыздарымен сөйлесуге қарсы болып шықты. Себебі, ұят көреді. Әйтеуір бір ақпарат алу мақсатында жасөспірімдердің интернетке үңілуі заңдылық. Ғаламторда бұл жөнінде қазақша ақпараттар жоқтың қасы. Барлығы орыс тілінде немесе ағылшынша. Осы жайттарды ескере отырып,  жобаны қолға алып, еріктілер қозғалысын құрдық.  Мақсатымыз – қазақ тілінде контент жасау және репродуктивті білімі жеткілікті еріктілерді дайындау. Еріктілер өз кезегінде жасөспірімдерге қажетті ақпаратты жеткізіп отырады. Еріктілерді оқыту үшін кәсіби мамандарды, яғни гинекологтарды, урологтарды, психологтарды шақырдық. Олар маңызды тақырыптарды қозғап, еріктілерге осы бойынша білу керек ақпараттарды жеткізеді.

Сіздерді кім қаржыландырады?

– ҚР Мәдениет және ақпарат министрілгінен қолдау алып отырмыз.

Қоғамда «бұл тақырыпты көтерудің қажеті жоқ» деген сияқты кереғар пікірлер бар. Бұған қалай қарайсыз?

– «Мектепте айтудың қажеті жоқ» деген пікірлерді құлағым шалған. Неге айтпауымыз керек? Керісінше, оларға ерте жастан жыныстық сауаттылық туралы саналарына құйсақ, көп өтпей-ақ нәтижесін көреміз. Менің бір ұл, бір қызым бар. Ұлым 11-де. Онымен ашық әңгімелесуді бастадым. Себебі, осы жастан репродуктивті фунциялары оянады. Егер бала ақпаратты қорыта алатын жасқа жетсе, сөйлесіп басстай берген абзал. Ал қыз баласымен анасы сөйлескен дұрыс. Біздің қоғамда жыныстық сауаттылық туралы сөйлессең пропаганда сияқты саналып кетеді. Бұл ешқандай пропаганда емес. Ол айтылуы керек, қозғалуы керек – маңызды тақырып. Мәселен, дамыған Еуропа елі Нидерландыда жыныстық қатынасқа түсудің орта жасы 21 жас болып есептеледі екен. Ал Қазақстанда қанша деп ойлайсыз? 16 жас. Оған бірден-бір себеп жыныстық сауаттылықтың болмауы. Баламен ең алдымен әке шешесі сөйлесуі керек.  Отбасында ашық қозғалатын тақырып болуы керек.

Жыныстық сауаттылық деп жатырмыз, сондай қандай ақпараттарды айтқан дұрыс?

– Ата-аналардың көбінің түсінігінде жыныстық қатынас туралы әңгіме «Ұлым, сен ересек адамсың. Сен мынаны білуің керек...» деп басталатын сияқты. Шын мәнінде жыныстық сауаттылыққа үйрету пубертат кезеңінен ерте басталады, яғни туғанынан. Жыныстық тәрбие - көпқырлы. Ол: жыныстық органдарды атымен атай алу, өз шекарасын түсініп, тіпті ата-анаға оны бұзуға тыйым салу, «жоқ» деп айта білу, тағысын тағы... Балаға ақпаратты жеткізіп отырғанда, басынан өткен немесе болған жағдайларды мысалға келтіріп айтылса, сіңімді болады. «Әуретті жеіңді көрсетпе» деген тыйымды айтып отырып, міндетті түрде «неге?» деген сұраққа жауап беру керек.

Жүктілік, бедеулік, белсіздік секілді тақырыптар да қозғала ма?

– Міндетті түрде. Іглеріде айтып кеткендей қазір елімізде ерте жүктілік белең алып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүктілікті жоспарлауды 22 жастан бастаған дұрыс дейді. Неге десеңіз,   15-16 жастағы қыздың физиологиясы бала көтеруге дайын емес. Тек қана физиологиясы емес, психолохиясына да үлкен сынақ. Біздің білім беру жүйесі 22 жасты дәл жоғарғы оқу орнын аяқтаумен бірдей етіп қойған. Яғни, бала көтеруге дайын жас ол адамның жоғары білім алып, үлкен өмірге қадам басуымен тікелей байланысты болып отыр.  Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылғы дерегінше, бедеулік себебінің 45 пайызы ерлерге тиесілі. Бұл дегеніміз – ерлердің репродуктивті денсаулығына да назар аудару керегін көрсетеді. Сол назарды біз жасөспірім шағынан аудартуды қолдаймыз. Біздің басты мақсатымыз да сол болып отыр. Мамандар ерлер арасында белсіздіктің белең алуы жастардың сыраға құмарлығынан және жыныстық қатынаста жұқтырған түрлі инфекция салдарынан болып отыр деседі. Сондықтан олар мектепте жыныстық сауаттылықты үйреніп шығуы керек деп дабыл қағып отыр. Айналып келгенде бізздің жоба дені сау ұрпақ үшін жасалып отыр.

Жобаға қанша адам жұмылдырылған?

– Бұл жобаға 350-ге тарта адам жұмылдырылған. Сондай-ақ волонтерлер Telegram-ботты да іске қосқан. Ол арқылы оқушылар жасырын түрде психологтар мен репродуктолог дәрігерлерден өздеріне қажетті кеңестерді ала алады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға