Жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын – Смайылов

Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын – Смайылов
Фото: t.me/KZgovernment 27.06.2023 10:46 873

Премьер-министр Әлихан Смайылов жылыту маусымына дайындық барысындағы бірқатар кемшілікке тоқталды. Бұл туралы Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қыстың қамын жаз ойла» деп бекер айтылмаған. Біз осы мәселені маусым айында – әдейі ертерек қарап отырмыз. Жылыту маусымының басталуына дейін уақыт жеткілікті. Жөндеу жұмыстарының бекітілген кестелері бар. Оларды бұзуға болмайды. Қазірдің өзінде біз әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшілікті көріп отырмыз. Мәселен, жүйелі оператор «KEGOC» компаниясы жылу электр орталықтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын бекітті. Бірақ бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр, - деді Смайылов.

Бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары тіпті келесі жылға қалдырылып жатқанын атап өтті.

Атырау жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы 60 күнді құрап отыр. Рудный жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Олардың алдына қатаң түрде қарсы міндет қою керек. Өйткені уәкілетті органдар 27 энергия өндіруші компания үшін көтерме тарифтерді бекітіп берді, - деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу. 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр. Желілерді техникалық тексеру жұмыстары да біткен жоқ.

Уәкілетті орган мен әкімдіктердің арасында үйлестірудің жоқтығынан осындай кемшіліктер орын алып отыр. Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын, - деді Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға