«Жылына бір-екі бала шетел асуы мүмкін»: елімізде жетімді бауырына басу процесі қалай жүзеге асады?
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Жетімді бауырға басу - бір күнде қабылданатын шешім емес. Мемлекет пен қоғам соңғы уақытта осы жолдың әр кезеңіне басқаша мән бере бастады. Кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіліп, баланы қолына алғысы келген отбасыларды сүйемелдеу күшейді.
3 мың бала отбасымен қауышты
Қазақстанда баланы асырап алу жүйесі кейінгі жылдары құрылымдық кезеңнен өтіп жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, шамамен 3 мың жетім мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала отбасыларға орналастырылды.
Бұл нәтиже бір реттік шешімдердің жиынтығы емес. Мемлекеттік саясатта интернаттағы күтім біртіндеп шетке ысырылып, отбасылық тәрбиені негізгі модель ретінде бекіту жүріп жатыр. Кейінгі он жылда интернат мекемелерінің саны 24 пайызға қысқарып, ондағы балалар саны 54 пайызға азайды. Бұл динамика инфрақұрылымды оңтайландырудан гөрі, баланы әлеуметтендіру тәсілінің өзгергенін көрсетеді.
Саясаттың іске асуы кадрлық шешімдермен де бекітілді. Қамқоршылық органдарының штаты үш еседен аса кеңейтіліп, әрбір баланың жағдайына көңіл бөлуге мүмкіндік беретін ресурс қалыптасты. Мұндай модель жаппай бақылаудан гөрі, нақты жағдайға бейімделген жұмысқа негізделген.
2025 жылдан бастап бақылау архитектурасы күшейтілді. Қамқоршылар мен заңды өкілдер жыл сайынғы міндетті сәйкестік бағалауынан өтеді. Бағалау табыс тұрақтылығын, денсаулық жағдайын, тұрғын үй талаптарын және құқықтық адалдықты қамтиды. Бұл талаптар декларативті сипатта емес: сәйкессіздік анықталған жағдайда, қамқоршылық дереу тоқтатылады.
Осылайша мемлекет баланы отбасына орналастыру сәтін саясаттың соңғы нүктесі емес, баланың қауіпсіздігін ұзақ мерзім бойы қамтамасыз ететін процесс ретінде қарай бастады.
ТМД елдеріндегі ахуал қандай
Кейінгі он бес жылда ТМД елдерінде сәбилер үйінің саны үш еседен астам қысқарды. 2010 жылы 300-ден аса мекеме болса, 2024 жылға қарай олардың саны 80-ге де жетпейді. Бұл көрші елдердің балаларды интернатта емес, отбасылық ортада тәрбиелеуге біртіндеп бет бұрғанын көрсетеді.
Қазақстан осы бағытта белсенді саясат жүргізіп отырған елдердің бірі. Кейінгі жылдары сәбилер үйінің саны қысқарып, ондағы балалар саны екі еседен астам азайды. Бұл - ең кішкентай балаларды институционалдық күтімнен алыстату әрекетінің нақты нәтижесі.
Алайда жүйеде маңызды қайшылық сақталып отыр. Мекемелер саны азайғанымен, сәбилер үйіне жыл сайын түсетін балалар саны төмендеген жоқ. Бұл олардың біртіндеп тұрақты мекемеден уақытша әлеуметтік қолдау тетігіне айналып бара жатқанын аңғартады.
Тағы бір алаңдататын жайт - асырап алу қарқынының бәсеңдеуі. Кейінгі жылдары сәбилер үйінен асырап алатын бала саны азайып, керісінше, денсаулығында немесе дамуында күрделі мәселесі бар тәрбиеленушілер үлесі артқан. Яғни мекемелерде балама отбасын табу ең қиын балалар шоғырланып қалып отыр.
Бала асырап алу қаншалықты қиын?
«Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасының басшысы Фарида Рахметова бала асырап алу процесінің негізгі кезеңдері мен қойылатын талаптарды түсіндірді.
Оның айтуынша, баланы отбасына қабылдауға ниетті әрбір отбасы ең алдымен арнайы кеңес алуы тиіс. Одан кейін асырап алушы ата-аналар мектебінен өту міндетті. Бұл оқу курсы 2,5–3 айға созылады және баланы тәрбиесіне алғысы келетін барлық ата-ана үшін заңмен белгіленген талап саналады.
Асырап алушы ата-аналар мектебі еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Оқытуды тек Ұлттық бала асырап алу агенттігі ғана емес, сонымен қатар балалар үйлерінің мамандары да жүргізеді. Мәселен, мұндай курстар Шымкент, Қарағанды және басқа да өңірлердегі балалар үйі базасында ұйымдастырылады.
«Арнайы оқуды аяқтаған соң сертификатты алып, құжаттарды жинап, Egov порталы арқылы барлығын тіркейсіз. Ол жерде құжаттардың ешқандай қиындығы жоқ. Мысалы, кім баланы бауырына баса алмайды? Көпшілік арасында «баспанаң болмаса, баланы қолға ала алмайсың" деген жаңсақ пікір бар. Ондай емес. Егер, сіз жалдамалы пәтерде тұрсаңыз, сол жалдамалы пәтердің келісімшартын көрсету арқылы да сіз баланы қабылдай аласыз. Ең бастысы, үйдегі әр адамға 15 шаршы метрден болуы тиіс. Сонымен қатар үйге кіретін кіріс болуы керек, яғни, үйге кіретін табыс болуы керек. Оған қоса, наркологиялық диспансер мен психоневрологиялық диспансерде есепте болмауыңыз тиіс. Кез келген адам жұмысқа тұратын кезде де осы құжаттарды дайындайды», - дейді Фарида Рахметова.
Құжат тапсырғаннан кейінгі кезең қалай өтеді?
Қажетті құжаттардың барлығы жиналған соң, үміткерлер eGov порталы арқылы үйден шықпай-ақ «асырап алушы ретінде кезекке тұру» қызметін таңдап, барлық құжатты онлайн түрде тіркей алады.
Осыдан кейін 10 жұмыс күні ішінде өтінімдер жергілікті қамқоршылық органына жолданады. Ондағы мамандар құжаттарды қарап, үміткер отбасымен байланысқа шығады. Кейін баланы қабылдауға жағдайдың бар-жоғын анықтау үшін тұрғын үй жағдайы тексеріледі. Яғни, отбасының баланы қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиелеуге мүмкіндігі бар ма - осыған баса назар аударылады.
«Арнайы комиссия келіп, актісін жасап, әрі қарай арнайы база «Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар банкіне» кіруге мүмкіндік береді. Сіз оның ішінен Қазақстан бойынша мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалардың анкетасын көре аласыз. Ол жерде баланың суреті, аты, жынысы, ұлты болады. Бауырларының бар-жоғы және диагнозы болса толық мәлімет көрсетіледі. Сіз сайттан өзіңізге ұнаған баламен танысып, кездескім келеді десеңіз, сол жерде тікелей жолдама аласыз. Жолдамада көрсетілген күні мен уақытында баламен барып, кездесу керек. Әрі қарай шешім қабылдауға да уақыт беріледі. Яғни, қарап отырсаңыз, шын ниетпен баланы қабылдаймын дейтін адамға ешқандай қиындығы жоқ», - дейді Фарида Рахметова.
Шетелдіктер бала асырауға қалай рұқсат алады?
Қазақстан мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан балаларды шетел азаматтары да асырап ала алады. Алайда бұл мүмкіндік барлық мемлекеттерге бірдей берілмейді. Фарида Рахметованың айтуынша, бала асырап алу құқығы берілетін елдердің арнайы бекітілген классификаторы бар. Яғни, шетелдіктердің барлығы бірдей Қазақстаннан бала асырап ала алмайды.
«Қай кезде шетелдіктерге бала беріледі? Бағана айтып өткен, «Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар банкі» деген бар, сол жерде егер баладан 500-ден артық бас тартса, ол шетелдіктерге беріледі. Әдетте қазақстандықтар баланың анкетасымен танысқаннан кейін шығатын кезде «бас тарту» деген белгіні басып шығады немесе жолдама алуы керек. Көбінесе балалардың диагнозы болады. Қазір қарқынды түрде шетел асып жатыр деп айта алмаймын. Жылына бір немесе екі бала ғана кетуі мүмкін», - дейді Фарида Рахметова.
Кәсіби қабылдаушы отбасы институты не үшін енгізілді?
Елімізде кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізуге бірқатар объективті себеп әсер еткен. Бұл шешім қабылданбас бұрын сала мамандары шетелдік тәжірибені жан-жақты зерттеген. Халықаралық тәжірибеде бұл модель foster family (фостерлік отбасы) деп аталады және ол дамыған елдердің барлығында дерлік қолданыста.
Аталған институттың негізгі мақсаты - баланы интернат немесе басқа да мекемеге орналастырмай, арнайы дайындықтан өткен кәсіби отбасының қамқорлығына беру. Мамандардың айтуынша, мекемеде тәрбиеленген баланың психикасына кері әсер ететін факторлар аз емес. Бұл жөнінде халықаралық және отандық зерттеулер де жеткілікті. Сол себепті баланың өмірінің алғашқы кезеңінен бастап отбасылық ортада болуы оның психологиялық және әлеуметтік дамуы үшін аса маңызды.
Кәсіби қабылдаушы отбасыларға бірқатар нақты талап қойылады. Мұндай отбасы болу үшін үміткер 30 жастан 63 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Тұрғын үй жағдайына, жұмысына және денсаулық жағдайына қойылатын талаптар асырап алушы отбасыларға қойылатын талаптармен бірдей.
«Кәсіби қабылдаушы отбасына түсетін балалар – мекемедегі балалар емес. Бала күтпеген жерден ата-анасының қамқорлығынсыз қалатын болса, оны бірден мекемеге жеткізбей, кәсіби қабылдаушы отбасына орналастырылады. Сол кезде міндетті түрде ата-анасы және туыстарымен жұмыс жүргізіледі. Егер ағайын, туыс-туғаны баланы алып кетуге ниет танытпаса, қабылдаушы отбасымен келіссөз жүреді», - дейді Фарида Рахметова.
Алайда бұл институттың басты ерекшелігі - міндетті кәсіби дайындық. Кәсіби қабылдаушы отбасы болғысы келетін азаматтар арнайы оқудан өтіп, балалармен жұмыс істеуге психологиялық әрі әлеуметтік тұрғыдан дайындалуы қажет.
Сонымен қатар бір кәсіби қабылдаушы отбасына төрт баладан артық орналастырылмайды. Бұл талап әр баланың жеке қажеттіліктеріне жеткілікті көңіл бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Маманның пікірінше, кәсіби қабылдаушы отбасы институты - балаларды интернаттық жүйеден біртіндеп шығарып, отбасылық тәрбие моделін күшейтуге бағытталған маңызды қадам.

