Жаңалықтар

Жылу энергетикасы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік артады

Жылу энергетикасы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік артады
Фото: t.me/KZgovernment 03.04.2024 11:44 589

Мәжіліс депутаттары жылу энергетикасы туралы және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бүгінгі таңда Қазақстанда «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң жоқ екенін еске салды. Бұл заңнамадағы олқылықтар және стратегиялық мақсаттар мен даму жоспарларының жоқтығы, саланың инвестициялық тартымдылығының болмауы, кәсіпорындардың тиімсіздігі көптеген проблеманың жинақталуына әкелген.

Құжат жылу энергетикасы саласындағы саясатқа құзыреттілік пен жауапкершілікті қайта бөлуге бағытталған норманы қамтиды. Сонымен қатар Энергетика министрлігіне жылу энергиясын тасымалдау функциясы бекітілетін болады. Қазіргі уақытта бұл функция Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жүктелген. Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне жауапты болады, - деді министр.

Заң жобасы бойынша енді жылу желілерін бақылау Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне жүктеледі. Бұған дейін бұл құзырет жергілікті атқарушы органдарда болды.

Заң жобасында жылу энергетикасын дамытуды жоспарлаудың жаңа құралдары көрсетілген. Атап айтқанда, аумақтарды дамыту, тұрғын үй салу жоспарлары мен бағдарламаларымен, халық санының серпінімен, өнеркәсіпті дамытумен және басқа да факторлармен өзара байланысты жылу энергетикасының жоспарлы үдемелі дамуын қамтамасыз етуге арналған.

Жылумен жабдықтауды дамыту схемалары елді мекендердің техникалық бөлігі бойынша дамуын ескере отырып, жылумен жабдықтау жүйелерінің дамуын ғана емес, осы мәселенің экономикалық жағын да ескеретін болады, - деді Сәтқалиев.

Инновациялардың ішінде:

жылу энергетикасы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті арттыру;

бүкіл салаға мониторинг жүргізу;

тариф белгілеу қағидаттарын айқындау;

энергия тиімділігін арттыру, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне (жылу сорғылары, биоотындағы қазандықтар, артық жылу) экономикалық және техникалық орындылық жағдайында ЖЭК енгізуді дамытуға ынталандыру жоспарланған.

Құжат сонымен қатар электр энергиясын бірыңғай сатып алушының және теңгерімдеуші нарықтың тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Ілеспе заң жобасының маңызды аспектісі мемлекеттік органның бақылау функцияларын күшейту болып табылады. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама, атап айтқанда, Кәсіпкерлік кодекс бизнестің мүдделерін қорғау мақсатында бақылау функцияларын шектейді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, елдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін осы аса маңызды салада бақылаудың болмауы ірі апаттардың туындауына себеп болуы мүмкін, Екібастұз, Риддер, Теміртау қалаларындағы және басқа да қалалардағы жағдай бұған тікелей дәлел, - деп атап өтті энергетика министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға