Жаңалықтар

Жылу-энергетика саласы өгей баланың күйін кешіп тұр - депутат

Жылу-энергетика саласы өгей баланың күйін кешіп тұр - депутат
Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметі 21.06.2023 12:52 778

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мархабат Жайымбетов жылу-энергетика саласының проблемаларын атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің айтуынша, көптеген өңірде энергетикалық инфрақұрылымның техникалық жағдайы нашар. Жабдықтар жоғары деңгейде тозған.

Жалпы, Қазақстанда техникалық жылу-электр орталықтары 40-50 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатыр. Елімізде электр желілерінің 66%-і және ұзындығы 14 мың шақырым болатын жылу желілерінің 54%-і тозған. Оның ішінде 2 мың шақырым жеке меншіктегі желілердің 77%-і ескірген. Ал Екібастұз, Арқалық, Риддер, Шемонаиха сияқты қалаларда желілердің толық тозығы жеткен.
Соның салдарынан жыл сайын апат қайталанып тұрады. Бұл халыққа ауыр тиіп жатыр. Оған қоса, жылумен жабдықтау жүйесінде 40%-ке дейінгі жылу ысырап болуда. Соңғы үш жылда жылу ысырабы 3,6 млн Г/кал-ге жеткен. Мемлекетке 14,4 млрд теңге шығын келді деген сөз. Яғни, бұл «далаға кеткен» қаражат.
Әсіресе, көппәтерлі тұрғын үйлерге жұмсалып жатқан энергия зая кетіп жатыр. Тиімділігі төмен. Ол үшін еліміздегі 55 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үйдің 31,1%-ін күрделі жөндеу керек, - дейді депутат.

Сондай-ақ жылу-энергетика бағытында ұзақ мерзiмдi стратегия және саланы дамытудың кешендi, жүйелі жоспары ақсап тұр.

Одан бұрын ортақ жауапкершілік те жоқ. Жылу-энергетика саласы бiрнеше мемлекеттiк органға жүктелген. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» демекші, әрқайсысы жұмысты аяғына дейін тындырмай, бір-біріне сілтеп отыруды әдетке айналдырған. Жылу-энергетика саласы өгей баланың күйін кешіп тұр. Бұлай жалғаса берсе, мәселе күрделене береді. Тығырықтан шығатын жол керек, - дейді мәжілісмен.

Ол үшін жылу-энергетика саласын реттейтін функцияларды бір мемлекеттік органның құзырына беруді қарастыру қажет дейді.

Қолданыстағы заңнамада да жылу энергетикасы саласының барлық аспектілері ескерілмеген. Үкімет «Жылу энергетикасы туралы» арнайы салалық заңды баяғыда әзірлеуі қажет болатын. Бірақ әлі күнге созбақталып келеді, - дейді депутат Жайымбетов.

Сондай-ақ бұл заң жүйеленсе, жылумен жабдықтау саласындағы басқару, құқықтық, тәртіптік мәселелер шешім табатынын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға