Жаңалықтар

Жылқылар үшін қолайлы жайылым ұйымдастырылу керек – депутат

Жылқылар үшін қолайлы жайылым ұйымдастырылу керек – депутат
Фото: gov.kz 14.02.2024 18:05 1173

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов табында жүрген жылқылардың өлу оқиғаларына байланысты Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Ол қазіргі кезде еліміздің бірнеше облыстарында (Ақмола, Қарағанды, Павлодар) жайылымдарды мұз басуына байланысты табында жүрген жылқы малының өлу оқиғалары орын алып отырғанын айтты.

Жауын аралас қардан кейін Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Қостанай, Ұлытау, Солтүстік-Қазақстан облыстарында да қысқы жайылымдардағы жағдай нашарлап кетті. Былтырғы жылдың қуаңшылығына байланысты көптеген өңірлерде егіндік жерлер ғана емес, шөп оратын жерлерде зиян шекті. Сондықтан бүгінгі күні жем-шөптің мүлдем аздығынан жылқыларды үй маңында ұстау қиын болып тұр, - дейді ол.  

Депутат қалыптасқан жағдайға мына мәселелер назарда болса дейді:

Біріншіден: Ауа райының экстремалды қолайсыздығы жағдайында қыстау өткізу үшін облыс және аудан көлемдерінде жедел штаб құру. Тез арада шаруашылықтар мен малдың барлық түрлері бойынша шынайы ақпаратты нақтылау керек.

Екіншіден: Қажет болған жағдайда жергілікті аумақ бойынша Төтенше жағдай жариялау.

Үшіншіден: Өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы, ал қажет болған жағдайда «Азық-түлік корпорациясының» АҚ-ның жемшөп қорларындағы жем-шөпті де пайдалануды ұйымдастыру.

Төртіншіден: Жем-шөп қоры жеткілікті көлемдегі шаруа қожалықтарынан мал азығын ауылдарға жеткізу мен пайдалануды ұйымдастыру.

Бесіншіден: Жылқыларды қолайлы жайылымдарға, соның ішінде орман қорындағы жайылымдарға ауыстыруды ұйымдастыру.

Алтыншы: Қажет болған жағдайда жайылымдардағы мұз бетін бұзу үшін механикалық өңдеуді ұйымдастыру. Басқа да шараларды жасау.

Мал шаруашылығындағы жүйелі шара ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы орындармен бірлесіп жайылымдық жерлерді үстірт және түбегейлі жақсартуды кеңінен жүзеге асыруды ескере отырып еліміздің жем-шөп базасын жақсартудың кешенді бағдарламасын даярлауды сұраймыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға