Жаңалықтар

Жылдың басты қорытындылары: Елбасымен бейресми сұқбат (видео)

Елбасы қоғамдық маңызды тақырыптарға тоқталды
14.12.2015 11:48 4533

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі Бейсен Құранбек пен «24 KZ» Ерлан Игісінов телеарнасының шеф-редакторы Ерлан Игісіновке бейресми сұқбат беріп, жылдың басты қорытындыларына тоқталып, негізгі мәселелер бойынша өз пікірін білдірді. Назарларыңызға сұқбаттағы Елбасының маңызды ойларын тезистік нұсқада ұсынамыз.

Жылдың басты қорытындылары: Елбасымен бейресми сұқбат (видео)

Жылдың басты қорытындылары туралы

Ең бірінші есте қалатыны – Президенттік сайлау және одан кейінгі 5 институционалды реформаны халыққа жариялау.

Екіншіден – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Бүгін ғана аспаннан салбырап түскен халық емеспіз. Қазақ деген халықтың өзінің тарихы бар. Соның бәрін жинақтап, келешек ұрпақтың жадында қалдыру үшін кеңінен атап өттік.  .

Одан кейінгі – біздің Конституциямыздың 20 жылдығы. Халықтың тұтастығын, бірлігін сақтайтын Қазақстан халқы ассамблеясы деген ұйым бар, оның 20 жылдығы. Осының бәрі үлкен оқиғалар.

Оның үстіне қиын жыл болды. Талай дағдарыстардан өтіп келе жатырмыз: Кеңес Одағы күйреген кезде, Азиядағы дағдарыс кезінде, 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде. Әрине білдік, осындай болатынын, дегенмен мұншалықты қиын болатыны білгеніміз жоқ. Біздің сыртқа шығаратын тауарлар, әсіресе мұнайдың бағасы жылдың басында 115 доллардан бүгін 40 долларға жақындап отыр. Тек қана бұл емес, сыртқа шығаратын металдар, мұнай, газ – барлығының төмендеуі біздің бюджетті 180 миллиардқа кемітті. Бұл ауқымды қаражат. Осыған байланысты не істеу керегімізді анықтап, қиын жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Оның бәрін халыққа айтып отырмыз. Сондықтан, елдің бірлігін сақтап, түсіністікпен қараған жөн. Бүкіл дүниеде болып жатқан жағдай. Бірақ та бізге қатты тиіп жатқаны Ресейдің Еуропамен қайшылығы, оған қазір оның түріктермен шиеленісі қосылды. Одан кейін мына жағымызда Қытай Халық Республикасы бар.

Содан кейін есте қалатын қорытындылардың ішінде біздің Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылдануымыз. Бір жағынан Қазақстанды танып, Қазақстанды өзіңізбен тең деп, осы елдердің қатарына қабылдауы біздің сауда-саттығымызға әсерін тигізеді.

Содан кейін, екінші жартыжылдықта 5 институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 80 заң қабылданды.

Жолдауды орындау үшін 20 миллиард долларды жұмсауды көздеп отырмыз, оның  9 миллиард долларын Қазақстанға дүниежүзілік қаржы орталықтары беріп отыр. Мұндай көмек ешкімге жасалып жатқан жоқ.

Қытай Халық Республикасымен үлкен келісім-шарттарға қол жеткіздік. Лондонға, Парижге барған сапарым, Жапония Премьер-Министрінің Қазақстанға келуі – осының бәрі елге көрсетілген қолдау. Жалғыз емеспіз, дүние жүзінде Қазақстанды сыйлайды, құрметтейді, сенеді. Осы жолдан таймауымыз керек. Осының бәрі – 24 жыл бойы істеген еңбегіміздің нәтижесі.

Ресей мен Түркия арасындағы шиеленіс туралы

Екі ел арасындағы шиеленіс бізді алаңдатады... Ресеймен де, Түркиямен де Қазақстан жақсы қарым-қатынаста. Менің ойымша қазіргі жағдай Ресейге де, Түркияға пайда әкелмейді. Бұдан шығу керек және оның ең дұрыс жолы – келіссөздер және консенсус. Мәселенің шешілуіне Қазақстан да мүдделі.

Теңге құны ортақ валюта мен туралы

Біз қазір бүкіл дүниежүзінің мүшесі болып отырмыз. Экономикамыз ашық. Мынау ғаламдық байланыстың ішінде отырмыз. Ал енді теңгенің құны он мың, жиырма мың теңге бола ма, ол да экономикаға байланысты. Бұл мұнайдың, газдың басқа да біздің сыртқа сататын заттарымыздың бағасының жоғарлауына, төмендеуіне байланысты. Бізде де солай болады. Ресейдің рубліне біз байланыстымыз. Себебі біздің сауда-саттығымыз, базарымыз - Ресей. Сондықтан бұл қаражаттық қарекет.

Кеңес Одағы құлаған кезде өте қиын жағдайда болдық. Бізге рубльдарды бермей, жалақы төлейтін ақшамыз болмай, ол кезде теңге шыққан жоқ әлі. Сондай қиын жағдай болғанда, екі елдің арасында ортақ валюта болса деген ой болған. Қазір ол мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Одан еш қорқудың қажеті жоқ. Ол қорқатын мәселе тәуелсіздіктен айрылып қаламыз деген мәселе ғой. Еуразиялық одақта да біз оған ешқандай бағынбайтын боламыз. Тәуелсіздік күресіндегі ең басты құндылық - саяси тәуелсіздікті ешкімге беретін жағдайымыз жоқ. Ал мынаны істеп отырғанымыз экономикалық жағдай. Экономика болмаса ештеңе болмайды.

Шетелдегі қандастарды қайтару туралы

Бізге қайтып келемін деген ағайынға, қазақтарға әруақытта есік ашық. Жағдайын жасаймыз. Қазір 500 мың адамға бүкіл Еуропа ойбай салып жатыр. Тәуелсіздік жылдарында біз сыртқа әртүрлі жағдаймен кетіп қалған 1 миллион ағайынды қайтардық. Оның ішінде Қазақстанға түскен қиындықтар да болды. Мысалыға, Моңғолиядан, Түркиядан, Ауғанстаннан келгендер орыс тілін білмеді. Оңтүстіктен келгендер барлығы сол жерде қалғысы келеді. Ол жақта онсыз да халқымыз артып отыр.

Кейінгі кездерде мұндай шараны жасаған біз ғана. Бірақ олар бұрынғыша жаппай қабылдағанды қойды, қандай адамдар керек соны алады. Мысалы, мамандығы болуы керек, орта жаста болып еңбегімен елге үлесін қосу керек.

Қандастарымыздың келгеніне қуаныштымыз.

Ертеректе айттым және қазір де айтамын. Біздің халқымыз, қазақстандықтар, қандастарымыз келгенде, оларға қамқорлық жасаса, көкірегінен итермесе.

Рушылдық туралы

Біз ат төбеліндей қазақпыз. Біз түріктер секілді 80 миллион, орыстар сияқты 140 млн адам емеспіз. Еуропаның көптеген елінен азбыз. Әрең дегенде он-он бір миллионға жеткен қазақты қырық руға жіктейтін болсақ, онда ел болмаймыз. Ресейдің тарихында, орыстардың архивында қазақты қалай жаулап алғандығы туралы бәрі жазулы жатыр. Көп тарихшылар да біледі, қазақты руға, жүзге бөліп жаулады. Керісінше, қазақ біріккен Аңырақайда атақты жауына үлкен соққы берді. Қалай жеңді? Басы біріккенде жеңді. «Сен қай жақтансың? Қай рудансың?» деп ешкім сұраған жоқ, бар қазақ бірікті. Абылай ханның жанында әр өңірдің де батырлары болды. Егер біз бұндай дертке ілігетін болсақ, Ливия секілді құрдымға кетеміз. Қазір онда тайпалар соғысып жатыр дейді, ал біздің рулар сол тайпалар секілді болып кетсе не боламыз?»

Ел бірлігі туралы

Кезінде Вьетнамды алпауыт Америка ала алмады. Рухы күшті, бірлігі мықты болатын ол елдің. Біздің де ел болуымыз – бірлігімізге қарай. Рушылдық дертінен келер ұрпақ та ада болуы керек. Бұған, әсіресе, зиялы қауым көбірек зер салуы керек. Мен ағайын-туғаннан алыс жүріңдер деп айтпаймын. Той-томалақта кездесеміз, сол кезде қалжыңдап айтармыз әңгімелерді, бұл жақсы қасиет. Дегенмен, рушылдықта ары қарай бармау керек. Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзді әр ауылдың төріне жазып қойса да болады. Тәуелсіздігімізге өліп-өшіп жеткен халықпыз. Бұндай заман қазақтың басында бұрын-соңды болған емес. Менің айтарым, бізді сырттан алатын жау жоқ. Бірлігіміз болса, қазақ ешкімге де бой бермейді. Біз «арым – жанымның садағасы» дейтін намысқой халықпыз. Сондықтан да бабадан қалған аманатты сақтау үшін бір болуымыз керек

Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы

Қазақ хандығына байланысты 700-ге таяу шара өтті биыл. Біздің тарихымыз бар дегенді жастардың санасына сіңірдік. Біздің кемшілігіміз - тарихимыз қағазға басылмаған. Енді сол қазақтың шын тарихын жазып шығу - зиялы қауымның міндеті.

ЭКСПО туралы

Әлем 270 миллиард долларды биылдың өзінде жасыл технологияға салды. Бұл жаңа бетбұрыс, жаңа өндірістік революция. Сондықтан, ЭКСПО туралы шешіміме еш өкінбеймін.

Ұлттық холдингтер туралы

Ұлттық холдингтерден әзірге бас тарта алмаймыз. Бұл да бізде толықтай жекешелендірудің жүрмегендігінің кесірінен. Сондықтан, бізде компанияларды жеке басқарған секілді квазимемлекеттік басқару керек болды. Бұл жас мемлекет үшін керекті қадамның бірі еді...

Парақорлық туралы

Пара алушы бар, пара беруші бар. Біз пара беруді тоқтатпасақ, олар да ала береді. Барлық жерде жемқорлық бар. Онымен қоғам болып күресу керек. Жемқорлық туралы Заңның жаңа жобасында тіпті сылық алудың да шарттарын жазып қойдық. Біреу сыйлық бере ме, сатып ал оны.

Кадрлық саясат туралы

Менің кадр саясатым мынадай – ол адам бұрынғы қызметінде жетістікке жетті ме, жетпеді ме? Әрине, білімін, моральдық келбетін ескересің. Менің үшін ең қиын мәселе - адам таңдау. Мынаны қазір жұмыстан алып тастасам, бала-шағасы қиналады-ау, ал мынаны қойсам, жұмысты алып кетеді ме деген сұраққа жауап табу. Соның бәрін тауып, өз орнына қою - өте қиын іс.

Астана туралы

Маған ерекше сезім сыйлайтын дүниенің бірі - Астана. Осы Ақорданың орнында батпақ болатын, адамның бойынан асатын қамыш өсіп тұратын. Қазір қалай өзгерді?

Байқоңыр туралы

Протонның зиянды екенін білеміз. Енді ол құлаған жағдайдың өзінде шығынын Ресей толық өтейтіндей етіп міндеттедік. Протоннан болашақта бас тартуды да қарастырдық. Әзірге біз зымыран жасай алмаймыз, Байқоңырды ұстап тұратын кадрларды дайындай алмаймыз. Сондықтан, кезінде орыстармен келісімге келмегенде, Байқоңыр жай Қызылордада бір құм болып қалар еді.

Ресей шығысында космодром жасап жатыр дейді, жасасын да барсын. Онда космодром ашылса да, Байқоңыр жабылмайды.

Қазақтардың етке әуестілігі туралы

Біз қазақтар етсіз қалай өмір сүреміз? Адам оның ағзасы талап еткен дүниені жеу керек. Шарманов ағамыз айтады, жылқының еті, қымызы пайдалы деп. Өзі сексеннен асса да, ширақ әлі. Сондықтан, арнайы диета ұстанбаймын.

Түйсік немесе сезім туралы

Бұрын мемлекеттерді, елдерді басқарып көргеніміз жоқ қой. Бұл біздің тұңғыш тәжірибеміз. Сондықтан, қателіктер де болмай қоймайды. Кейде істі түйсікке тапсырасың, түйсік деген дұрыс емес шығар, сезім.. Мысалы, ұшаққа мініп, бір жерге бару керек, бірақ сезімің барма деп тұрады. Сол кезде ұшпаймын.

Шешім қабылдау туралы

Шешім қабылдауда ә дегенде тәжірибеге сүйенесің, ең қиын мәселе осы. Шешім шығару қателіктерге әкелуі мүмкін, қате жібереміз деп отыруға тағы болмайды. Дүниеде болып жатқан қиындықтар бізді айналып өтсін.


Леспек Орманов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға