ortcom

«Жылауға болады». Берік Уәли Семейде 25 жыл бойы бірде-бір мәдени ошақ салынбағанын айтты

11.11.2025 12:54

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласының мәдени және қала инфрақұрылымын дамыту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.  

Берік Уәли атап өткендей, Семей қаласы 25 жыл бойы облыс орталығы мәртебесінен айырылып келгендіктен, көптеген салаларда проблемалық жағдайлар қалыптасқан. Соның ішінде мәдениет саласы да қалыс қалған.

Семей қаласында соңғы салынған мәдени нысан – Абай театры. Содан бері бірде-бір мәдени ошақ салынбаған. Бұл – өте аянышты жағдай. 25 жыл бойы бірде-бір нысан, кинотеатр салынбады дегенге жылауға болады, – деді Берік Уәли.

Алайда бұл олқылықтарды толтыру мақсатында облыс әкімдігі Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы аясында «Абайға құрмет» атты жаңа акцияны бастағанын хабарлады.

Біз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсыныс беріп, барлық әріптес әкімдермен сөйлестік, олар қолдау білдіріп отыр. Жаңа ғимараттар салынады, оларды «Smart city» деп аталатын жаңа ықшам аудан ретінде дамытуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті әкім.

Сонымен қатар қаладағы инфрақұрылым тапшылығына байланысты жаңа аудандарды дамыту қажет болған.

Қаланың бір бөлігінде жылу жетіспейді, бір жерінде электр энергиясы тапшылығы бар, кей жерлерде жер сатылып кеткен. Сондықтан қаланың шетінен 1100 гектар жерге жаңа ықшам аудан салу туралы шешім қабылдадық. Оны «Smart city» болашақ қаласы деп атадық. 17 мамыр күні халыққа таныстырдым, жылы қабылдады, – деді Берік Уәли.