Жылан жылында қазақ спорты несімен есте қалды?
Тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Биыл Қазақстан спортында бәрі де болды. Жетістікке жетіп қуанғанымыз да, жеңіліп, жігеріміздің құм болғаны кезі де аз емес.
Ендеше, бір жылдағы жетістіктігіміз бен кемшілігімізге көз жүгіртіп көрсек.
Қысқы Азия ойындары
Жылан жылы отандық спорт үшін Қытайдың Харбин мен Ябули қалаларында өткен қысқы Азия ойындарымен басталды. Шыны керек, осы жолы Қазақстанның қысқы Азиада тарихындағы ең нашар нәтижесі ресми түрде тіркелді. Бұған дейін ел спортшылары мұндай төмен көрсеткіш көрсетпеген еді. Әлемдік деңгейдегі жағдайымыз белгілі ғой, бірақ сары құрлықта қысқы спорт түрлерінен бұған дейін тәуірлеу өнер көрсететінбіз.
Азия ойындарындағы Қазақстанның медаль көрсеткіштері:
- 1996 жыл: 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль – жалпыкомандалық есепте 2-орын
- 1999 жыл: 10 алтын, 8 күміс, 7 қола – 3-орын
- 2003 жыл: 7 алтын, 7 күміс, 6 қола – 4-орын
- 2007 жыл: 6 алтын, 6 күміс, 6 қола – 4-орын
- 2011 жыл: 32 алтын, 21 күміс, 17 қола – 1-орын
- 2017 жыл: 9 алтын, 11 күміс, 12 қола – 4-орын
2025 жылғы Азия ойындарындағы жағдай:
Қазақстан құрамасы соңғы жарыс күнін 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медальмен аяқтады.
Бұл көрсеткіш 2007 жылғы Азия ойындарындағы нәтижеден (6 алтын медаль) төмен болып отыр. Келесі жылы Миланда қысқы Олимпиада ойындары өтетінін ескерсек, спортқа жауапты шенеуніктер Қытайдағы осы нәтижеден сабақ алуы тиіс еді. Енді оны екі айдан соң көреміз.
Футбол: үміт оты қайта жанды
Футболдан әлем чемпионатына іріктеу кезеңін ұлттық құрама наурыз айында Әли Әлиевтің жетекшілігімен бастады. Алайда Уэльс, Бельгия және Солтүстік Македонияға қарсы ойындарда сүріндік. Жалғыз жеңіс Лихтенштейнге матчта қарсы тіркелді.
Шыны керек, 2022 жылы бас бапкер болып Магомед Адиев тағайындалған соң құраманың ойынына қан жүгіре бастап еді. Ұлттар лигасының С дивизионында өз тобында көш бастаған Қазақстан тарихта тұңғыш рет Еуропа біріншілігіне тікелей жолдама алу үшін соңына дейін таласты. Құрама іріктеуден өте алмаса да, футболдың даму кезеңі басталғандай көрініп еді. Бірақ былтыр жазда келген ресейлік танымал бапкер Станислав Черчесов те, биыл жыл басында тізгінді алған отандық жас маман Әли Әлиев те футболшылардың көзіндегі отты жаға алған жоқ.
Есесіне қыркүйекте Талғат Байсуфинов құрамаға уақытша бас бапкер болғалы жағдай біршама түзелді. Талғат Маруаұлы келген бойда шәкірттері сырт алаңда азулы Солтүстік Македониямен тең түсіп, өзіндік сенсация жасады. Дәл осы ойында аяқдоп шеберлерінің бойынан соңғы сәтке дейін күресу деген ұмтылысты көрдік. Лихтенштейнмен өз алаңымыздағы ойында фавориттің кім екені онсыз да белгілі еді. Сондықтан бұл матчқа қарап қандай да бір нәтиже шығаруға асыққан жоқпыз. Десек те Бельгиямен қорытынды матчта бас бапкер жігіттердің жүрегіне жететін сөздер тапқанына куә болдық. Үш ойында бес ұпай жинау командалық рухтың оянғанын көрсетті. Әрине, бар болғаны сегіз ұпаймен әлем біріншілігіне іріктеуден өту мүмкін емес. Бірақ бұл ойындар жанкүйерлердің отандық футболға деген өше бастаған үмітін қайта жаққандай болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Қайраттың» тарихи маусымы
2025 жылды «Қайрат» клубының жылы деп айтуға толық негіз бар. Алдымен жылдың басында алматылық ұжымның жас шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың Лондонның «Челси» клубына ауысатыны ресми хабарланды. Сәтпаев «ақсүйектер» сапын 2026 жылы – 18 жасқа толғанда толықтырады. Дастан әзірге шетелдік беделді ұжыммен келісімшартқа отырған «Қайрат» академиясының алғашқы түлегі, бірақ соңғысы емес деп сенеміз.
Сонан соң алматылық «Қайрат» өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Еурокубокқа жолдама алған төрт қазақстандық клубтың ішінде іріктеуден сүрінбей өткен жалғыз команда да осы – «Қайрат».
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Осы кезеңдегі ең басты оқиға – Қазақстанға әлемдік гранд «Реал Мадридтің» келуі. Бұл отандық футбол үшін айтулы оқиғаға айналды. Бұл отандық футболға ғана емес, туризмге де назар аударған жайттың бірі деп айтуға болады. Бұдан бөлек «Қайрат» Чемпиондар лигасының финалисі «Интерге» лайықты қарсылық көрсетіп, енді келесі жылы Англия алыбы «Арсеналмен» кездеседі. Айтпақшы, «Қайрат» футболмен қомақты қаражат табуға болатынын да көрсетіп берді. Клуб басшысы Қайрат Боранбаевтың сөзінше, алматылық ұжым Чемпиондар лигасындағы өнері үшін 35 миллион еуро табыс тапқан.
Футболды жекешелендіру және инвестициялар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін футбол клубтарын жекешелендіру процесі нақты іске аса бастады. Бұл салаға ірі бизнес өкілдері келіп, ұзақ мерзімді инвестиция салуға дайын екенін көрсетті.
Алғаш болып «Қайсар» клубы жеке басқаруға өтті. Клубты TAU Group Ltd иесі Исламғали Қозбақов қолға алды. «Қызыл-Жарға» инвестор ретінде Сергей Кан келсе, «Жеңіске» Kaspi.kz акционері Михаил Ломтадзе қаржы құйды. Қарағандының «Шахтерін» аукцион арқылы Тимур Турловтың компаниясы сатып алып, футбол академиясының құрылысы басталғанын хабарлаған.
Кәсіпкерлердің клубтарға құятын инвестиция көлемі де айтарлықтай:
– «Жеңіс» – 16 млрд теңге;
– «Қайсар» – 12 млрд теңге;
– «Қызыл-Жар» – жылына кемі 1 млрд теңге;
– «Шахтер» – 18,5 млрд теңге.
Бұл қазақстандық футбол үшін жаңа экономикалық дәуірдің басталғанын білдірсе керек.
Инфрақұрылым: стадиондар салынып жатыр
Футбол инфрақұрылымында да ілгерілеу бар. Қызылордада УЕФА стандарттарына толық сай 11 мың орындық жаңа стадион пайдалануға берілді. Қазақстан кубогының финалы да осы аренада өтті.
Ал Астанада 3600 орындық жаңа стадион 2026 жылдың наурызында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Өскеменде – 4500, Қарағандыда 12 000 орындық стадион құрылысы 2026 жылы басталмақ. Алматыда да 35 мың адамдық стадион бой көтереді, оның құрылысы 2026 жылы басталуы тиіс. Ал қазіргі Орталық стадион қайта жаңғыртылады.
Бокс: алтынға толы жыл
Қазақстанның нөмірі бірінші спорты саналатын бокста 2025 жыл тарихи кезең болды. Алғаш рет екі бірдей әлем чемпионаты өтті. World Boxing ұйымы ұйымдастырған тұңғыш біріншілікте Қазақстан құрамасы жеті алтынмен жалпы есепте топ жарды. Осылайша, жаңа ұйымның алғашқы аламанында басты бәсекелесіміз Өзбекстанның алдын орап кеттік.
Ерлер арасында Санжар Тәшкенбай, Махмұд және Төрехан Сабырхандар, Айбек Оралбай чемпион атанса, әйелдерден Наталья Богданова да жеңіске жетті. Ал Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева бір жылда екі мәрте әлем чемпионы атанды. Бұған дейін олар ІВА-дің ұйымдастыруымен Сербияда өткен біріншілікте қарсылас шақ келтірмеген. Назым Қызайбай да сол Сербияда үш дүркін әлем чемпионы атанып, есімін қазақ боксы тарихына алтын әріппен жазды.
Желтоқсанда Дубайда өткен IBA әлем чемпионатында да отандастарымыз үш алтынмен екінші орын алды. Умар Кремлев ұйымдастыратын біріншілікте ресейлік былғары қолғап шеберлерінің алтынды топырлатып алатынын болжап едік, бірақ Қазақстанның Өзбекстан боксшыларын артқа тастауы көршілердің өздері үшін де күтпеген жағдай болған секілді. Естеріңізде болса, 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында өзбекстандық боксшылар бес алтын алып, жалпыкомандалық есепте көш бастаған. Сол жылы отандық спортшылар елге төрт алтынмен оралды. Одан қалды Париж олимпиадасында да көршілеріміз бес бірдей жеңімпаз шығарып, қарсыластарынан қара үзген еді. Сол Парижде топ жарған үш боксшысы Дубайға да барды, алайда Хасанбой Дусматов пен Асадхужа Муйдинхужаев чемпион атанғанымен, Абдумалик Халоков күмісті қанағат тұтты. Ал Қайрат Сәтжанов шәкірттерінің арасынан Сәкен Бибосынов екі дүркін чемпион атағына қол жеткізсе, бұған дейін үш рет қола жүлдегер болған Абылайхан Жүсіпов тұңғыш рет алтын медаль иеленді. Бұдан бөлек Оразбек Асылқұловтың да үздік шыққанына куә болдық.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Головкин – Даңқ залында
Қазақстандық аңыз спортшы Геннадий Головкин 2026 жылы Халықаралық бокс даңқ залына енгізіледі. Ол – бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық былғары қолғап шебері. Бұған дейін мұндай марапатқа посткеңестік елдерден тек ағайынды Кличколар мен Костя Цзю лайық деп танылған.
42 жеңіс, бір тең, екі жеңіліс, бірнеше әлем чемпиондық белбеу – Головкиннің мұрасы қазақ спорты үшін баға жетпес құндылық. Айтпақшы, Головкин World Boxing ұйымының басшысы болып сайланды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
ХХІ ғасырдағы тұңғыш алтын
Қазақтың оң жамбасына келетін спорт десек те, талай жыл бойы күресте есеміз кетіп жүрген. Грек-рим күресінде соңғы рет 26 жыл бұрын Мхитар Манукян топ жарған еді. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы арман болған алтынды биыл Айдос Сұлтанғали сыйлады. Хорватияда өткен әлем чемпионатында ол финалда өзбек балуанын бір минутта таза жеңіп, XXI ғасырдағы алғашқы алтынды ел қоржынына салды. Негізі Айдос бұған дейінгі екі әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанған. 2018 жылы Будапештте және 2022 жылы Белградта өткен додада үшінші орынмен шектеліп еді, енді сол қола жүлделерін алтынға айырбастады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Рыбакина әлемдік элитаға қайта оралды
Былтыр жарақаттан көз ашпай, жолы болмай қойған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина биыл WTA Finals турнирінде топ жарып, маусымды жақсы нотада аяқтады. Қорытынды турнир финалында ол әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңіп, 5,2 млн доллар сыйақы мен 1500 рейтингілік ұпай иеленді. Нәтижесінде Елена жылды әлемнің бесінші ракеткасы ретінде аяқтап отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлімханұлының басы дауға қалды
Бокстағы ең өкінішті жайт деп Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына ілігуін айтуға болады. Жерлесіміз үшінші титулына таласады деп күтіп отырғанда аяқ астынан оның сынамасынан мельдоний анықталып, кубалық Эрисланди Ларамен жекпе-жегі өтпей қалды. Бірақ боксшының өзі ереже бұзбағанын алға тартып, B сынамасын ашуды талап етті. Енді бәрі қаңтарда белгілі болады.
Қорытынды
2025 жыл Қазақстан спортына үлкен табыстармен қатар, жүйелі кемшіліктерді де көрсетіп берді. Алдағы жыл осы сабақтардан қорытынды шығаратын кезең болмақ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

