Жаңалықтар

Жылан жылы: 2025 жылы қандай өзгерістер күтіп тұр?

Жылан жылы: 2025 жылы қандай өзгерістер күтіп тұр?
Фото: Коллаж El.kz 30.12.2024 10:10 1330

2025 жыл – Қазақстан үшін жаңа кезеңнің бастамасы болмақ. Бұл жылы елімізде әлеуметтік, экономикалық және саяси салаларда айтарлықтай өзгерістер мен жаңалықтар күтілуде. Осы ретте El.kz тілшісі 2025 жылы елімізде болатын өзгерістерге қатысты шолу жасады.

Жол қозғалысы ережесіне қатысты өзгеріс

Президент жол қозғалысы ережесіне қатысты тиісті заңға қол қойды. Енді 2025 жылы сәуір айынан бастап бірқатар шектеулер күшіне енеді.

Орташа жылдамдық есептелінеді

Жол қозғалысы ережесіне енгізілген тағы бір өзгеріс - орташа жылдамдықты есептеу. Орташа жылдамдықты есептеу тәртібі мынадай: трассаның басында және аяқ жағында бейнекамералар бар, бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді, екі камераның уақытымен автоматты түрде көліктің трассамен жүрген орташа жылдамдығы есептеледі, көлік жүргізушісі орташа жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады.

Жылдамдық режимін сағатына 60 шақырымға және одан артық асырғаны үшін 40 АЕК (2024 жылда – 147 680 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал осы құқық бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері 60 АЕК-ке (2024 жылда – 221 520 теңгеге) өседі.

Қазір республикалық маңызы бар жолдарда белгіленген жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды.

Мопедке куәлік пен нөмір алу керек

Бұдан былай мопедтер ғана емес, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және оның ең жоғарғы конструкторлық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын барлық көлік құралдар тіркеуге жатады. Мемлекеттік нөмір де беріледі.

Мопедті басқару үшін «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. «А» және «В» санаттары болса да, мопедті басқару құқығын растау міндеті бар.

2025 жылы 4 сәуірден бастап барлық мопедтің нөмірі, ал иесінде «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт.

Қазақстанда рөлі оң жақтағы таксилер жұмысын тоқтатады

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Яндекс.Такси» мен Indriver өз платформаларында рулі оң жақтағы көліктерді алып тастайды.

Білім беру ұйымдарының әкімшілік және қосалқы персонал қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылы 71 пайызға өсті. Аталған санаттағы қызметкерлердің жалақысын 2025 жылы 100 пайызға арттыру жоспарланған.

«7-20-25» ипотекасында болатын өзгерістер

Өзгерістер Ұлттық Банк басқармасының 2024 жылғы 30 қазандағы қаулысында:

  • 2025 жылы бағдарламаны қаржыландырудың жылдық көлемін 100 млрд теңгеге дейін белгілеу;
  • әскери қызметшілерге негізгі борыш және «7-20-25» бағдарламасы бойынша алынған несие сыйақысы бойынша міндетті әскери қызмет өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейін 60 күнді қоса алғандағы мерзімге кейінге шегеруді енгізу;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалы ауданы отбасының әрбір мүшесіне 15 шаршы метрден кем жатақхана бөлмелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен қауіпті деп танылған тұрғын үйді қоспағанда, Қазақстан Республикасы аумағында соңғы 18 ай ішінде тұрғын үй қарызын алушының (жұбайының) меншігінде үй болмауы тиіс деген талап енгізу;

«Бағдарлама шеңберінде берілетін ипотекалық тұрғын үй заемдарының талаптары өзгеріссіз қалды (ең төменгі бастапқы жарна, несиенің ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, несие беру мерзімі, өңірлер бойынша сатып алынатын тұрғын үйдің шекті құны және т.б.)» деп мәлімдеді Ұлттық банк.

2025 жылы айыппұл өседі

Биыл 1 АЕК 3 692 теңгеге тең. Енді 2025 жылдан бастап ол 240 теңгеге өспек. Осылайша 2025 жылы 1 қаңтардан бастап құқық бұзып, айыппұл арқалағандар қанша теңге төлейтінін есептеп көрейік.

Рәміздерді қорлау

Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті.

2025 жылдан бастап 1 АЕК 3 932 теңге, демек 3 000 АЕК 11 796 000 теңге болады.

Кіреберісте қоқыс «пакетін» қалдыру

Пәтерге кіреберістегі есігінің қасына қоқыс салынған дорбаны қалдырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК айыппұл салынады. Ал бұл әрекетті азамат бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

20 АЕК 78 640 теңгеге тең болса, 30 АЕК 117 960 теңге.

Шулап, тыныштықты бұзу

Елімізде заң бойынша кешкі сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге 20 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін (78 640 – 589 800 теңге) айыппұл салынады.

Түкіру

Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Ал азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Көлік жүргізгенде телефон пайдаланып, белбеу тақпау

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпаны және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 2025 жылы 19 660 теңге.

Құжатсыз көлік жүргізу

Жүргізу құқығы жоқ жүргізушінің көлікті басқаруы 20 АЕК, яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 196 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.

Автобуста жолақы төлемеу

Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 2 АЕК, яғни 7 864 теңге айыппұл салынады.

Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады.

Кәмелетке толмағандардың түнде жүруі

Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, онда заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, онда баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады.

Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл салу көзделген.

Жолды кесіп өту

Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін (қате жерден өту және т.б.) 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін айыппұл 10 АЕК-ке (39 320 теңге) дейін өседі.

Жылдамдықты асыру

Көлік жылдамдығын асырғаны үшін:

- сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК (19 660 теңге).

- сағатына 20-40 шақырымға асырғаны үшін 10 АЕК (39 320 теңге).

- сағатына 40 шақырымнан асырғаны үшін айыппұл қазірдің өзінде 20 АЕК (78 640 теңге).

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайталағаны үшін 30 АЕК (117 960 теңге) айыппұл қарастырылған.

Қоғамдық орында балағат сөз айту

2023 жылғы наурыз айынан бастап заңға қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК, яғни бұл 78 640 теңге немесе 30 тәулікке қамауға алынады.

ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша отбасында және тұрмыста балағат сөз айтқаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Зейнетақы мөлшеріндегі өзгерістер

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мөлшері өседі. Нақтырақ айтсақ, ол азаматтардың жасына және еңбек өтіліне қарай 8,5%-ға артады. Ал базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің төменгі шегіне қарай өзгереді. Мәселен: ең төменгі зейнетақы – 95 131 теңге, ал ең жоғарғы зейнетақы көлемі – 213 046 теңге болады. Бұл еліміздегі барлық, яғни 2 млн 400 мың зейнеткердің барлығына қатысты. 

2025 жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасына төлейтін қаражаты 2,5 процентке ұлғаяды. Тиісінше, салық мөлшері де өседі. Зейнет жасындағы қызметкерлер 1 және 2 топтағы мүгедектіктері бар азаматтар, әскери қызметкерлер және 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін туған азаматтар салықтан босатылады.

2025 жылы әлеуметтік төлемдер өседі

Мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік жәрдемақы:

I топтағы мүгедек: 101 702 теңге.

II топтағы мүгедек: 81 362 теңге.

III топтағы мүгедек: 55 474 теңге.

Мүгедек балаларға (7 жасқа дейін) – 74 428 теңге.

Мүгедек балаларға (7-18 жас) – 74 428-101 702 теңге (топқа байланысты).

2025 жылғы жәрдемақының мөлшері

Баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы

Бірінші, екінші және үшінші баланың тууына – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;

Төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге.

Баланың бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша әлеуметік жәрдемақы

Жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты өзгеріп отырады. 2025 жылғы есеп бойынша төленетін жәрдемақы:

Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 649 теңге;

Екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;

Үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 867 теңге;

Төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.

Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы

Төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;

Бес балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;

Алты балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;

Жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;

Сегіз және одан көп баланың әрбіріне 28,06 АЕК-ге 4 АЕК (15 728 теңге) қосылып отырады.

2025 жылы кімдердің жалақысы өседі

Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 2025 жылдан бастап 17 пайызға артады.

Білім беру ұйымдарының әкімшілік және қосалқы персонал қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылы 71 пайызға өсті. Аталған санаттағы қызметкерлердің жалақысын 2025 жылы 100 пайызға арттыру жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға