Жаңалықтар

Жыл басынан бері 700-ден астам адам жол апатынан көз жұмған

Ішкі істер министрлігі жол жүрісіне қатысушыларды қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады
Жыл басынан бері 700-ден астам адам жол апатынан көз жұмған
Фото: ffins.kz 30.06.2022 09:20 1054

Жол апаттары қайғылы жағдайға әкелетінін естен шығармаған жөн, – деп хабарлайды El.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бері жолда 700-ден астам адам қаза тауып, 7 мыңға жуық азамат жарақат алды. Күн сайын елімізде 10-ға жуық адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақаттарын алады. Кеше бір тәулікте 39 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 11 адам қайтыс болып, 57 адам жарақат алды.

Мәселен, 28 маусымда Жамбыл облысында «Тараз – Алматы» автожолында Lada Granta автокөлігі аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір отбасы қаза тапты. Сол күні Батыс Қазақстан облысында «Орал – Атырау» автожолында Nissan Almera автокөлігі жол апатына ұшырады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жатқызылды. 

Сондай-ақ Қарағанды облысында «Жараспай – Нұра» автожолында Honda Odyssey автокөлігінің жүргізушісі жолдың қарсы жолағына шығып, Volkswagen Golf автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан жүргізуші қаза тауып, 11 адам ауруханаға жатқызылды. 

Сонымен қатар Ақтөбе облысында «Қарабұтақ – Арал» автожолында Mersedes AMG GLS 63 автокөлігінің жүргізушісі жолдың қарсы жолағына шығып, DAF ХF жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан бес адам ауруханаға жатқызылды.

– Зардап шеккендердің көпшілігі – 40 жасқа дейінгі адамдар мен балалар. Бұл біз үшін, еліміздің болашағы үшін орны толмас шығын. Талдау көрсеткендей, жол апаттарының себептері: жылдамдық режимін сақтамау, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы жолаққа шығып кету, аударылу, жаяу жүргіншілерді қағып кету болып отыр. Жолда адам өзінің қауіпсіздігі мен басқалардың қауіпсіздігі үшін жауапты екенін есте ұстаған жөн. Мәселен, тыйым салынған жерден жүгіріп өтудің өзі сізге оңай болып көрінгенімен, оның зардабы қайғылы. Жылдамдық режимін сақтамау – отбасы үшін қатерлі. Сондықтан жылдамдық режимін, автокөліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтау өте маңызды. Бұл апаттың алдын алуға көмектеседі. Апаттың салдары отбасына орны толмас зиян келтіреді. Біз баршаңызды мұқият болуға шақырамыз! Жол қауіпсіздігі әрқашан жолдағы мәдениетке байланысты. Тәртіп өзімізден басталады, – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Атығай Арыстанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға