Жаңалықтар

Жыл соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады деп күтілуде

Жыл соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады деп күтілуде
Фото: t.me/KZgovernment 03.09.2024 12:07 964

Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Байбазаровтың сөзінше, жаңа кодекс мемлекеттік шығындарды бақылау мен шектеудің қатаң шараларын қарастырады. Бюджет кірістерін ұлғайту мақсатында салықтық әкімшілендіруді, цифрландыруды жақсарту, көлеңкелі экономиканы азайту, салық базасын ұлғайту және тиімсіз жеңілдіктерді оңтайландыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ ол жергілікті жерлерде инвесторлардың проблемалары «осында және қазір» қағидаты бойынша шешілетінін алға тартты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестиция тарту жөніндегі экожүйені жетілдіру шеңберінде «инвестор жолын» регламенттеу және осы процестегі барлық мемлекеттік органдардың рөлін айқындау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Нұрлан Байбазаров атап өткендей, бюрократиялық кедергілерді еңсеруді және квазимемлекеттік сектор тарапынан жәрдемдесуді қоса алғанда, инвесторларды іздеуден бастап жобаларды аяқтауға дейінгі инвестициялық циклді толық сүйемелдеу қамтамасыз етілетін болады.

Инвестициялық штабқа ұқсас әр өңірде әкімдердің басшылығымен Өңірлік инвестициялық штабтар құрылатын болады, олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Kazakh Invest, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, арнайы экономикалық аймақтың, прокуратура мен салық органдарының өңірлік өкілдері кіреді. Бұл инвесторлардың проблемаларын «осында және қазір» қағидаты бойынша жедел шешуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың өзекті тұжырымдамасында көрініс табады, – деді спикер.

Сонымен қатар инвестиция тарту бойынша таргеттелген жұмыс үшін өңірлер мен жергілікті бизнестің қажеттіліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескеретін Өңірлік инвестициялық бағдарламалар негізінде «инвестицияларға тапсырыстар» қалыптастырылатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға