Жаңалықтар

Жыл соңына дейін смартфондағы мемлекеттік қызметтер саны көбейеді

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ «Мемлекеттік қызметтерді смартфондау» атты баспасөз конференциясында айтылды
Жыл соңына дейін смартфондағы мемлекеттік қызметтер саны көбейеді
Фото: ОКҚ 17.11.2022 16:01 1681

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ «Мемлекеттік қызметтерді смартфондау» атты баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды El.kz.

Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы рейтингісінде Үкіметті электронды дамыту бойынша 193 мемлекеттің ішінде 28-ші орынды иеленді. Ал онлайн қызмет көрсету бойынша 8 орында. Отырыста «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин мемлекеттік қызметтерді смартфондаудың маңызына тоқталды.

«EGov Mobile мобильді қосымшасының пайда болуымен тұрғындар қызметке тек компьютерден ғана емес, телефон арқылы да жүгіне алады. Азаматтарға мемлекеттік қызметке жүгініп, өзінің деректеріне қол жеткіу үшін смартфонды қолдануға ыңғайлы екені белгілі. Сондықтан Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірігіп мемлекеттік қызметтерді смартфондауға басымдық берудеміз», - деді ол.

Оның айтуынша, EGov Mobile қосымшасы іске қосылғаннан бері 33,9 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал 2022 жылы оның саны 11 миллионды құрады.

«Мемлекет басшының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін EGov Mobile қосымшасы 100 пайыз мемлекеттік қызметті қамтуы тиіс. 2022 жылдың соңында оны 80 пайызға дейін жеткізу көзделген», - деді Ростислав Коняшкин.

EGov Mobile қосымшасында 20 цифрлы құжат бар. 2022 жылдың соңына дейін тағы да нотариаттық сенімхат сынды бірқатар құжаттар енгізілетін болады. Ал «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Арай Уразова EGov Mobile қосымшасының бір бөліміне тоқтала кетті.

«EGov Mobile қосымшасының ыңғайлы бөлімінің бірі – Өмірлік жағдайлар. Күнделікті өмірде кездесетін жағдайлар осы бөлімде орналасқан. Мысалы отбасын құру. Ол үшін қажетті ақпаратты аталған бөлімнен алуға болады», - деді ол.

Арай Уразова сөзінше, EGov Mobile қосымшасында Өмірлік жағдайлар бөлімінде 140 өмірлік жағдай тіркелген. Одан бөлек қазақстандықтарға EGov Mobile қосымшасында бірнеше мемлекеттік қызмет түрі ұсынылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға