Жаңалықтар

Жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем ала алатын жұмыскерлер саны артады

Жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем ала алатын жұмыскерлер саны артады
Фото: gov.kz 17.11.2023 06:33 534

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қостанай облысына жұмыс сапары аясында өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еңбекминінің басшысы еңбек ұжымдарымен өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады және зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы айтты. Министр арнайы төлем алуға құқылы жұмыскерлер саны жыл сайын арта түсетінін атап өтті.

Кездесу Рудный қаласында, «Горняк» мәдени-ойын-сауық орталығында өтті. Іс-шараға ҚР Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – Қазақстанның Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Қазақстан алюминийі» Краснооктябрь боксит кен басқармасы» АҚ, «Қостанай минералдары» АҚ, «Агромашхолдинг» АҚ, «Варваринское» АҚ, «Өркен» ЖШС, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС қызметкерлері, жалпы 200-ге жуық адам қатысты.

Светлана Жақыпова өз сөзінде бұл кездесу Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша жүргізілген жұмыстарды түсіндіру үшін өткізіліп жатқанын атап өтті. Осылайша, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді.

«Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, Кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және т.б. ұсынылады», – деді министр.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп арнайы әлеуметтік төлемді енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулер топтамасын әзірледі. Тиісті заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісі қабылдады.

«Арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және соңғы 7 жылда БЖЗҚ-ға кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.

Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі», – деді Светлана Жақыпова.

Министр төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленетінін атап өтті. Арнайы төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс.

«Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнайы төлемдер алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша арнайы төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2025 жылы – 42 мыңнан астам, 2026 жылы – 47 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды», – деп түсіндірді Еңбекминінің басшысы.

Арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру мен өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі екенін айта кету керек.

Сондай-ақ, заңнамалық түзетулер бойынша жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру көзделеді, атап айтқанда:

- өмірді сақтандыру компанияларының алдын алу шараларына жұмсаған шығыстарын төленген сақтандыру сыйлықақысының 6 %-на дейін өтеуі;

- өмірді сақтандыру компанияларының оңалту шараларына жұмсаған шығыстарын төленген сақтандыру сыйлықақысының 6%-на дейін өтеуі;

- өмірді сақтандыру компанияларының зардап шеккен жұмыскерді санаторий-курорттық емделуін 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде төлеуі;

- жазатайым оқиға нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде жұмыскердің кінәсін болдырмау.

Кездесу барысында Светлана Жақыпова Қостанай облысының кәсіпорындары қызметкерлерінің сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп, БАҚ-қа сұхбат берді, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдады.

Сонымен қатар  жұмыс сапары кезінде министр «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ оқу орталығы мен Соколов шахтасына барды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға