Жаңалықтар

Жыл қорытындысы: 2024 жыл Қазақстан үшін несімен есте қалды?

Жыл қорытындысы: 2024 жыл Қазақстан үшін несімен есте қалды?
Фото: коллаж El.kz 25.12.2024 11:15 250

 Мәңгіге тарих қойнауына енетін 2024 жыл Қазақстан халқы үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Қоғамдық және ішкі саяси мәселелерден бастап, экономикалық өзгерістерге дейін айтулы сәттер жетерлік. Ұлу жылы онжылдықтағы ең ірі су тасқындары, волонтерлік қозғалыстың жаңа серпіні, Париждегі Олимпиада жетістіктері, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес сияқты түрлі оқиғалармен есте қалды. 2024 жылы ел есінде қалған оқиғалар жайлы толығырақ El.kz ақпарат агенттігінің шолуынан оқыңыз.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы орны

Елдің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі ретінде Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) және Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етуін айтуға болады. Сонымен қатар, Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордағы үлесі мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ) рөлі де назар аударуға тұрарлық. Бұл - Қазақстанның белсенді сыртқы саясатының айқын көрінісі. Мемлекет өзінің ұлттық мүдделерін қорғай отырып, жаһандық деңгейде диалог құруға ықпал ететін тұжырымдамаларды алға жылжытты. Себебі еліміз аймақта экономикалық жағынан мықты позицияларға ие әрі көпвекторлы саясат жүргізеді. Толығырақ тоқтала кетейік.

4 шілдеде Астанада Қазақстан төрағалығымен әлем көз тіккен алқалы жиын Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) XXIV саммиті өткен болатын. Бұл жиын тура бір жыл бұрын өткен қауымдастыққа мүше мемлекет басшылары кеңесінің заңды жалғасы еді. Ауқымды шараға 16 ел президенті, үкімет басшылары және беделді халықаралық ұйым жетекшілері қатысты. Басқосудың басты жаңалығы Шанхай ынтымақтастық ұйымына Беларусь Республикасының мүшелікке енуі болды. Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары, Астана декларациясын, «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы», «Шанхай ынтымақтастық ұйымын жетілдіру туралы» бастамаларды қабылдады.

ШЫҰ-ға төрағалық ету Еуразиядағы ең ірі экономикалық және саяси ойыншылар қатысатын ұйымның басшылығын қолға алу болса, Түркі мемлекеттері ұйымы Қазақстанның географиялық және экономикалық әлеуетін көрсететін маңызды алаң болды. Бұл шаралар елдің халықаралық беделін нығайтуға септігін тигізді.

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы ретінде 2024 жылды «Түркі мәдениеті жылы» деп жариялап, мәдениет, әдебиет және өнер саласында түркі халықтарының бірлігін нығайтатын іс-шаралар өткізді.

АЭС, Ұлттық құрылтай

Тағы бір саяси әрі әлеуметтік маңызы бар елеулі оқиғалардың бірі ретінде АЭС салу туралы референдумның өткізілуін айтуға болады.

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылу немесе құрылмауын шешетін референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтті. Референдум қорытындысы бойынша мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% құрады.Сөйтіп елдегі тұңғыш атом электр станциясы Алматы облысының Үлкен ауылында салынатын болады.

Атыраудағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен  Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Бұл келелі кеңес те қоғам назарын өзіне аударды. Бас қосуда ел бірлігі, тіл саясаты, мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, жастар арасында еңбексүйгіштік пен техникалық мамандықтарды дәріптеу сияқты құндылықтарды насихаттау қажеттілігі айтылды. Қазақстанның дамуына үлес қосатын ұлттық буржуазияны қалыптастырудың маңыздылығы, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білімге басымдық беру, инновациялық ойлауды дамыту және «Құқықтық тәртіп» пен «Әлеуметтік әділеттілік» қағидаттарына негізделген қоғамдық қатынастарды нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

2024 жылғы қабылданған заңдар мен заңға енгізілген түзетулер қандай?

Жылдың ең маңызды заңнамалық өзгерістерінің бірі ретінде құмар ойындарға және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуді айтуға болады. 15 сәуірде президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға қол қойып, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтті. Ал 22 сәуірде Мәжіліс ойын бизнесі мен лотерея қызметіне қатысты заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Экономикалық салада Мемлекет басшысы экономиканы либерализациялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл қадам елдің нарықтық экономикаға бет бұрып, сыртқы жағдайларға тәуелділігін төмендетуге бағытталды. Сонымен қатар, халықтың шамадан тыс қарыз алуына тосқауыл қою үшін «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырылды.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Жаңа заң бойынша «масс-медиа» ұғымына бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстар да кіреді. Сондай-ақ, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдар күшін жояды. Заң аясында қазақ тіліндегі теле және радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі 2027 жылға қарай кезең-кезеңімен 50%-дан 60%-ға дейін арттырылады. Ал теле және радиоэфирдегі шетелдік бағдарламалардың үлесі 20%-дан 10%-ға дейін қысқарады деп жоспарлануда.

Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерінің әлемдік деңгейде насихатталуы

Жылдың ең ірі мәдени іс-шарасы ретінде Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын атап өтуге болады. Бұл додада 89 елден келген 2000-нан астам қатысушы 21 спорт түрінен сайысқа түсті. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы көш бастап, 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медаль жеңіп алды.

2024 жылы Астана қаласында өткен көшпенділер ойындары Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін әлемдік деңгейде насихаттауға мүмкіндік берді. Аударыспақ, көкпар, саятшылық секілді қазақ спорт түрлеріне ерекше қызығушылық артты деуге болады.

Айта кету керек, Алматыда өткен Be Woman Орталық Азия әйелдер форумы да ерекше оқиғалардың санатына енеді. Бұл форумда әлемге әйгілі спикерлер, оның ішінде Мэй Маск, Ксения Собчак, Татьяна Бакальчук сынды танымал тұлғалар сөз сөйлеп, гендерлік теңдік және әйелдердің ғылым, бизнес, білім салаларындағы рөлі талқыланды.

Жылдың спорттық жаңалығы ретінде ақпанда Астанада алғаш рет өткен Astana Indoor Meeting жеңіл атлетика турнирін атауға болады. Қазақстан мұндай деңгейдегі жарысты ТМД елдері арасында алғаш болып өткізгенін ескерген жөн.

Қазақстан 2024 жылы бірқатар маңызды халықаралық саммитке қатысты. Мәселен, Астана экономикалық форумы мен Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті елдің аймақтық интеграциядағы рөлін көрсетті. «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында Қытаймен серіктестікті күшейтіп, көлік-логистика саласында маңызды келісімдерге қол қойды.

Уақыт белдеуінің ауысуы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» 2024 жылғы 29 ақпаннан бастап 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) уақытты 1 сағатқа артқа ауыстыруды көздейтін өзгерістер енгізілді.

Осылайша, 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне ауысып, сағат тілі бір сағатқа артқа жылжыды.

Жылдың резонанс тудырған сот процесі

Жұрт арасында дүрбелең тудырып, әлем назарын өзіне қаратқан сот процестерінің бірі Қуандық Бишімбаев ісі болды. Оның ашық онлайн форматта ұйымдастырылуы қоғам назарын аударып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдардың қабылдануына ықпал етті. 

2024 жыл осылайша Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуындағы жаңа белестерді көрсетіп, ел тарихында маңызды жылдардың бірі ретінде есте қалды.

2024 жыл Қазақстан үшін экономикалық өсімнің, саяси тұрақтылықтың және мәдени жаңғырудың жылы болды. Елде жүзеге асырылған реформалар мен шаралар мемлекеттің дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы ретінде тарихта қалады. Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы елдің болашағын жарқын етуге септігін тигізіп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға