Жаңалықтар

Жыл қорытындысы-2023. Қой ұрлағанды қинаған, гүл сатушыны қорлаған қызметкерлер

Жыл қорытындысы-2023. Қой ұрлағанды қинаған, гүл сатушыны қорлаған қызметкерлер
Фото: Коллаж El.kz 27.12.2023 11:38 7611

Полицияның міндеті – халықтың қорғаны болу. Дамыған елдерде осындай құндылық бар. Бізде өкінішке қарай, кейде полицияның ағат кетіп жататын тұсын жиі байқаймыз. Оған бірінші кезекте «алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, жемқорлық себепші екені жасырын емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің дерегінше, жемқорлық үшін жауапқа тартылған азаматтардың 57 пайызы полиция қызметкерлері екен. 2023 жыл құқық қорғаушылар үшін шулы оқиғаларға толы жыл болды.  Біз осылардың бір парасын тізбелеп көрдік.

Полиция бастығы қыз зорласа, халық оған қалай сенеді?

Полиция иммиджін түсірген биылғы жылдың ең шулы оқиғасының бірі 13 қарашада тіркелді. Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Көштібаев 27 жастағы қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалған.

11 қараша күні 27 жастағы алматылық бойжеткен сүйіктісімен Талдықорғандағы жалдамалы пәтерде кездеседі. Бірақ түнгі 02:00 шамасында сүйіктісімен сөзге келісіп қалады. Артынша, полиция қызметкерлерін шақырған. Таңда полиция бөліміне түсінік беруге барады. «Екеуінің арасында кикілжің болған. Жігіт қашып кеткен бе, ол жағы түсініксіз.

Полицейлер қызды учаскеге алып келген. Сол кезде полиция бастығы қызды көріп қалады. Бойы ұзын әдемі қыз. «Не істеп жүрсің?» - дейді. Учаскелік инспектор алып келгенін айтады. «Онда жүр, біздің кабинетте сөйлесейік», - деп шақырып алады.

Кабинетінде: «Сендей әдемі қызға протокол толтырғызбаймын», - деп, қызды жыныстық қарым-қатынасқа мәжбүрлеп, тиісе бастаған», - дейді жергілікті журналист Сандуғаш Дүйсенова.

Олқыз жігіті бар екенін айтқан, бірақ оған көнбей, күшке салған деп отыр. Екі айға қамауға алынған Марат Күштібаев бірнеше жыл Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы болған. 2019 жылы қарамағындағы қызметкерлерді балағаттады деп қызметінен кеткен. Бірақ көп ұзамай, Талғар ауданының полиция басқармасының бастығы болады. Сол кезде Bek Air ұшағы апатқа ұшырағанда, Күштібаев оқиға орнында жүрген. Кейін Іле ауданының, 2022 жылы Талдықорған қаласы полиция басқармасына келеді.

Полиция бастығы пара алды деп ұсталды

Шымкент қаласында пара алды деген күдікпен көші-қон полициясы басқармасының бастығы ұсталды. Ресми мәліметке сәйкес, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қалалық полицияның өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері еңбек демалысында жүрген көші-қон полициясы басқармасының бастығын ұстады.

Ол 1000 доллар көлемінде ақшалай сыйақы алды деген күдікке ілінді. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық мән-жай сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады, - делінген ресми хабарламада.

Екі полиция 14 жастағы қызды зорлаған

Алматыда екі полиция капитаны 14 жастағы қыз баланы зорлады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл ақпаратты 11 желтоқсанда ішкі істер министрі Ержан Сәденов растады.

«Өкінішке қарай, ондай оқиға болды. Полицейлер осындай қылмыс жасаған. Бірден тәртіптік комиссия құрылып, бұл адамдар жұмыстан шығарылды. Қылмыстық іс бойынша олар қамауға алынды» деді Сәденов мәжіліс кулуарында.

Министрдің сөзінше, полицейлер «бұл қылмысты қызметте жүріп жасаған».

Бұған дейін «НЕМолчи.kz» қорының басшысы Дина Тәңсәрі екі полицейдің 14 жастағы қызды зорлағаны жайлы хабарлап, министрліктен ақпарат сұраған. Оқиға Қонаев қаласында болған. Тәңсәрінің ақпаратынша, біреуі – кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспектор, екіншісі – полицияның ғимараттарды күзету бойынша қызметкері.

8 өңірде 11 полиция қызметкері есірткі сатып тұрған жерінен ұсталған

Қазыбек Исаның сөзінше, биыл күзетші иттердің өзі 260 есірткі қылмысын ашып, 6 тоннадай есірткі тәркілеген. Иттер есірткіні табады, полиция оны айналымға қайтадан сатады.

Биылдың өзінде еліміздің 8 өңірінде 11 полиция қызметкері, арасында басшылары да бар, есірткіні сатып, өткізіп жатқанда ұсталған. Бұл полиция қызметкерлері тәркіленген есірткіні қайтадан айналымға сатып жатыр деп айыпталуда. Бұл не масқара? Қазақ «ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса, не себеді» дейді. Тәркіленген есірткі күшейтілген режимде қорғалып, ерекше тәртіппен жойылуы тиіс емес пе? Сонда біз қасқырға қой бақтырғандай, есіркімен күресуді кімдерге сеніп тапсырғанбыз? - деді депутат.

Тәркіленген есірткіні жоюды бұдан да қатаң күшейту керек, полицияның өзіне бақылау қажет деп білеміз. Мемлекет, қоғам болып аса қауіпті дертпен күресіп жатқанда, полицияның мұндай қылмысы жайлы не дейсіз? Құқық қорғау органы қызметкерлерінің қылмысы жайлы ресми статистика бар ма? Онымен күресуде не істеп жатсыздар? Бұдан кейін өзі қылмыс жасайтын полицияға ел қалай сенеді? Есірткі сатқан полицияға есті адам сене ме? - деп депутат өз сауалын ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдады.

Министр депутаттың бұл ақпаратын растады.

Бүгінде тәркіленген есірткінің 1 грамын ғана экспертизаға аламыз. Қалғанының бәрін жоямыз. Бүгінгі күнде «екінші рет айналымға енгізу» деген сөз жоқ, - деді ІІМ басшысы.

Ержан Саденов есірткі қылмысымен айналысқан қылмыскерлердің барлығын сатқын деп атады.

Олар ішкі істер саласының мыңдаған адамының жұмысына, беделіне кір келтіргендер. Сол себепті оларды қылмыскерлер деп санаймын. Тікелей бастықтары, командирлері қарамаған. Өзіңіз білесіз, Ішкі істер министрлігі деген – үлкен армия. Мұны жоюға, күресуге тырысамыз. Мұндай болмауы керек, - деп жауап берді министр.

Қоршауды сындырып шығып, қарауылға шабуыл жасаған полицей

Түркістанда мал ұрлады деген күдіктілерді полиция ғимаратында қинаған тәртіп сақшыларына сот үкімі шықты. Алайда онымен келіспеген сотталушылар судья үкімді оқып жатқан кезде қоршауды сындырып шығып, қарауылға шабуыл жасады.

Түркістан облысында алты полиция қызметкері сотталды. Түркістан қалалық сотының судьясы бес полицейге төрт жылға үкім кессе, тағы бір тәртіп сақшысына 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Барлығы шенінен айырылды. Бұдан бөлек жәбірленушілерге моральдық шығын өтеуге міндеттелді.

Еске салайық, Сауран аудандық полиция бөлімінің алты қызметкеріне екі тұрғынды «мал ұрлығы қылмысын мойындату үшін ұрып-соқты» деген айып тағылған болатын. Бұл жағдай өткен жылдың 8-ші ақпаны күні болған.

Түркістан қалалық сотының судьясы Абай Бекботаевтың айтуынша, сотталғандар жазаны қылмыстық - атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейтін болады. 

ҚР Қылмыстық кодексінің 146-шы бабының 2-ші бөлігі, 1-2-ші тармақтарында және 414-ші бабының 1-ші бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Үш жылға құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, - деді ол.

2022 жылдың басында Сауран аудандық тәртіп сақшылары қос тұрғынды 2 қой ұрлады деген күдікпен құрықтаған еді. Сол кездегі полиция қызметкерлері тергеу барысында күдіктілерді ұрып-соғып, басына пакет кигізіп қинағаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Осыдан бастап тексеріс жүргізіліп, сезіктілердің ұрлыққа қатысы жоқ екені дәлелденді. Кейін жәбірленушінің бірі өзін қорлаған 6 полицейдің үстінен арыз жазған. Қылмыстық іс тіркеліп, қызметтік тексеруден кейін полицейлер жұмыстарынан босатылды.
1 жылға созылған сот процесі аяқталып, кінәлі деп танылған бұрынғы 4 полиция қызметкері 4 жылға, ал 2-еуі 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын өтеп шыққан соң 3 жылға дейін құқық қорғау органдарынада жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар олар жәбірленушінің біріне 3 млн, екіншісіне 2,5 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді.

Шымкентте гүл сатушыны қорлаған бұрынғы полиция қызметкері екені анықталды

Осы жылдың 8 мамырында ер адам флористі қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен.
Тұран АПБ-ның 102 арнасына жанжал туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барған. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.
Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат осыжылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.

Бірінші видеода ақ футболка киген адам үстелден қайшыны алып, гүл сатушыға тап берген. Бұл жайт 8 тамыз күні болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға