Жаңалықтар

Жыл басынан бері БҚО-да 134 шетел азаматы елден шығарылды

Жыл басынан бері БҚО-да 134 шетел азаматы елден шығарылды
Фото: ҚР ІІМ 19.10.2023 20:36 731

Осы жылдың 9 айында сот шешімімен 134 шетел азаматы Қазақстан Республикасынан шығарылды. Шетелдіктерге сот шешімін орындауға 10 күн уақыт беріледі. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алайда осы уақыт ішінде Өзбекстан Республикасының 33 азаматы, Тәжікстан Республикасының 4 азаматы және Әзірбайжан Республикасының 1 азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан өз бетінше кетпей, сот шешімін орындаудан жалтарған.

Шығару туралы сот шешімін орындау үшін Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері 41 шетел азаматын Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына дейін (Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, “Тәжен” өткізу пункті) алып жүруді ұйымдастырды.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының аумағында материалдық жағдайының қиындығына байланысты өз бетінше туған жеріне кете алмаған, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ Өзбекстан Республикасының 3 азаматы болған. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы реадмиссия туралы келісімге сәйкес көші-қон қызметі Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы елшілігіне жеткізіліп, олардың отанына оралу туралы куәлігі толтырылды. Одан кейін олар Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына (Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, “Тәжен” өткізу пункті) дейін жеткізілді.

Қазақстан Республикасына келетін шетел азаматтарының көп бөлігі келу ережелерін бұзып, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырады. Өз кезегінде, біздің азаматтар шетел азаматтарының келгенін айта бермейді.

Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлерімен Батыс Қазақстан облысы аумағында жүрген шетелдік азаматтарды тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға