Жаңалықтар

Жыл басынан бері 11 мыңға жуық қандасқа қызмет көрсетілді

Жыл басынан бері 11 мыңға жуық қандасқа қызмет көрсетілді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 06.11.2024 02:33 362

Жыл басынан бері ҚР Үкіметі айқындаған қоныстандыру өңірлеріне тұрақты тұруға өз еркімен көшіп келген 10,9 мың қандас пен қоныс аударушы бейімдеу және интеграциялық қызметтердің 25 түрімен қамтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қоныс аударушылар мен қандастарға ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік, медициналық әрі білім беру қызметтері көрсетіледі, бұл олардың қоныстану аумақтарында бейімделуі мен интеграциялануына және жаңа тұрғылықты жерінде орнықтыруына ықпал етеді. Осы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша аталған қызметтермен 8 719 қандас және 2 161 қоныс аударушы қамтылды.

Бейімдеу және интеграциялық қызметтер тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына ерікті түрде қоныс аударудың мемлекеттік шараларына қатысуға ниет білдірушілер өтініш білдірген сәттен бастап көрсетіледі. Мансап орталығының қызметкері қоныс аудару аумақтарына қоныс аудару шарттары және қажетті құжаттар тізімі бойынша алғашқы кеңес береді.

Қоныс аудару өңірін айқындау алдында қоныс аударушыға не қандасқа: өңірлік квотаға енгізу туралы, уақытша орналастыру орталықтарының қызметтері, бейімдеу және интеграциялық қызметтер мен басқа да қолдау шаралары туралы барлық қажетті ақпарат беріледі.

Құжаттарды қабылдау «Қандас» немесе «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйелері арқылы электрондық форматта жүргізіледі. Қоныс аударушымен және/немесе қандаспен бірлесіп бейімделу және интеграциялау жөніндегі жеке жоспар қалыптастырылады, оған сәйкес жаңа тұрғылықты жеріне көшу және жайластыру өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға