Жаңалықтар

Жыл басынан бері 10,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Жыл басынан бері 10,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Фото: Әлеуметтік желіден 14.07.2023 15:45 1018

2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 10 488 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 117,6 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (56%) Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 9,7% – Ресейден, 7,8% – Моңғолиядан, 4,6% – Түрікменстаннан және 2,6% басқа елдерден.

Осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 65,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 25,8%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7%-ы жоғары білімді, 37,1%-ы орта кәсіби білімді, 38,8%-ы жалпы орта білімді.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 032 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 565 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 293 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 565 адам біржолғы субсидия алды, ал 257 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде бір жолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 1 984 өтініш (656 отбасы) қабылданды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға