Жуырда "Адель" қазақстандық фильмі жарық көреді
Осы аптада, яғни 15 қазан күні, «Адель» атты қазақстандық фильм үлкен экранда жарық көреді. Танымал "Свадьба на троих" комедиясының режиссері Асқар Бисембиннің кезекті туындысы көрермендерді бейжай қалдырмайды деп болжануда.
Фильм Адель есімді тәуелсіз, бірбеткей қыз бен Бекжан есімді танымал композитордың арасындағы махаббат хикаясы туралы баяндайды. Қос ғашықтар рөлдерін әнші әрі актриса Әсел Садвакасова мен актер Берик Айтжанов сомдады. Сонымен қатар, Әсел Садвакасова туындының бас продюссері қызметін атқарып, Берик Айтжанов өзінің имиджін түбегейлі өзгерткен болатын. «Біз Асқармен(режиссер) бір жыл бұрын танысқан болатынбыз. Фильмде кіммен бірге серіктес болу керек деп ойлап жүргенде, Асқармен кездесіп, әнгіме соққанбыз. Екеуміздің болашақ фильм туралы ойымыз бір жерден шығып, туындыны бірге түсіруге келістік» - деді Әсел.
«Адель» фильміне екі саундтрек жазылып қойды. Оларды қазақ эстрадасының жұлдыздары Дильназ Ахмадиева мен Қайрат Нұртас орындайды
«Бұл фильмде мен басты рольде ойнаймын. Адель екеуміз өте ұқсаймыз. Тек ол менен гөрі әлді қайда еркіндірек. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, болашаққа үлкен жоспар құрмайды. Бұл, мүмкін, дұрыс та шығар, бірақ қазіргі кезде олай өмір сүру қиынға соғады. Ал мен болсам болашақта неге қол жеткізгім келетінімді меңзеп, соған қарай ұмтыламын.
Киноны ең басынан мелодрама етіп түсіргім келді. Коммерциялық жағынан комедия түсірген ұтымдырақ болғанымен, қалауымды орындадым. Берик екеуміздің кейіпкерлеріміз бізге қатты ұқсайды. Фильмде ол дарынды композитор, ал мен оның музасымын. Қоса айтарым, Асқар секілді режиссермен жұмыс істегеніме өте қуаныштымын. Туындымыз көрермендердің ықыласына бөлінеді деген үміттеміз.
Өз басым сынға дайынмын. Себебі мен кәсіпқой актриса емеспін, маған бұл жақтан білім мен тәжірибе жетіңкіремейді. Бірақ уақыт өте келе бәрі өз орнына келеді деп ойлаймын. Менің түсінгенімше, біздің ұрпаққа жігерлілік тән, Бізге бір нәрсе қатты ұнап, көзіміздегі жанарымызды жақса, соған жетпейінше тынбаймыз», - дейді актриса Әсел Садвакасова.
Берік Айтжанов туралы айтатын болсақ, бұл актердің бағы 2009 жылы түсірілген «Ағайынды» фильміндегі жұмысынан кейін жанды. Сонымен қатар, Берік «Жаужурек Мың бала», «Возвращение в А», «Ликвидатор», «Голос степей», «Аманат» секілді отандық киноларда рөл сомдаған.
- Кинода ойнаған, театрда өнер көрсеткеннен қиынырақ. Себебі экранға шыққан нәрсені сен ешқашан өзгертіп, кері түсіре алмайсын. Ол пленкада мәңгі бақи сақталып калады. Ал театрда спектакль жақсы өтсе, келесі қойылымға сен өзгертулер енгізіп, алға қарай дами алатын мүмкіндігің бар, - дейді актер Берік Айтжанов