Жаңалықтар

Жүйелі негізде пара алған: Антикор ТЖД басшыларына қатысты істің мән-жайын түсіндірді

Жүйелі негізде пара алған: Антикор ТЖД басшыларына қатысты істің мән-жайын түсіндірді
Фото: ©El.kz/Нұркен Алишев 15.07.2024 12:52 493

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызметінің төрағасына, Шымкент қаласы және Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Антикор мәліметінше, лауазымды тұлғалар жалпы сомасы 40 млн теңгеден астам бизнес өкілінен жүйелі негізде пара алды деген күдікке ілінді.

Тергеу соты күдікті адамдарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық әрекеті тоқтатылды.
Павлодар облысында «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, - делінген мәліметте.

Күдіктілер аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырумен және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланумен байланысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу бойынша айыпталды.

Шарбақты ауданының аумағында «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың желтоқсаны аралығында технологиялық және отын ағаштары түріндегі іскерлік сүректі заңсыз сату арқылы шамамен 153 млн теңге сомаға орман ағашын ұрлаған, - дейді агенттіктегілер.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары соттың санкциясымен қамауға алынды. Осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын «Семей Орманы» басшылығы сотталған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға