Жаңалықтар

Жүсіпбек Аймауытов ашқан кешеннің орнына белгітас қойылды

Жүсіпбек Аймауытов ашқан кешеннің орнына белгітас қойылды
Фото: Видеодан кадр 01.09.2024 19:48 738

Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов Баянауыл ауданында «Мәдени кіндік» атты рухани тәрбие және білім беру кешенін ашуға ұйытқы болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақ даласын жұт жайлап, жетім-жесір көбейгенде Жүсіпбектің айтуымен елдің бас көтерер азаматтары балаларды Қызылтау өңіріне жинапты. Мәдени кіндікте әуелі мектеп ғимараты, кейін қыздар мен ер балалардың жатақханасы, кітапхана мен азық-түлік сақтайтын бірнеше қойма салынған екен. Биыл Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толды. Осыған орай «Мәдени кіндік» орналасқан жерге белгітас қойылды.

Жүсіпбек Аймауытов Семей губерниялық оқу бөлімінде қызмет ете жүріп, Баянауыл аумағында мектеп ашу туралы идея тастайды. Бұл Кеңес үкіметі орнап, медреселердің жаппай жабылған кезі болатын. Қолында малы бар ауқатты адамдардың көмегімен оқу қалашығы пайда болады. Іргесі 2 жылда қаланып, 10 жылға жуық қызмет еткен оқу ордасының түлектері білімдерін Орынборда жалғастырады.

1922 жылдың жазында бірінші оқу басталған екен, 1929 жылға дейін істеп, 1928 жылы Жүсіпбек Аймауытов Алаш Орда мүшесі ретінде ұсталғаннан кейін осы кісі Алаш идеясын оқытып жатыр деген желеумен бұл жердің мектебінің бірте-бірте мәні жоғалып, мұғалімдердің барлығы қудалауға түскеннен кейін ол кісі кетіп қалғанда дәрежесі бірте-бірте төмендеп, әуелі бастауыш мектепке түскен, - дейді Баянауыл ауданының тұрғыны Рамазан Нұрғалиев.

Рамазан Нұрғалиевтің айтуынша, оқу кешені көп ұзамай жұмысын біржолата тоқтатады. Бос қалған ғимараттар сиыр, қой фермаларына айналады. Ал 1954 жылы онда тың игеруге келген бригадалар қоныстанады. 

«Мәдени кіндік» оқу қалашығына белгітас қою туралы ұсыныс Жүсіпбек Аймауытовтың 130 жылдығында түскен. Жүсіпбек оқуларына келген ғалымдар тарихи жерді аралайды. Ал Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері макетін жасайды.

Бұл бізге өте бір сондай тамаша жаңалық болды деп ойлаймын. Мұны басында біз естігенбіз. Дегенмен де қай жер екенін білгеніміз жоқ. Енді жаңа бізге көрсетіп отырса, мектептің орны, жаңағы барлық мына дөмбешіктердің барлығы жатақхана, әкімшілік, жертөле, қоймада болған екен ғой. Соның бәрін қолдан істеген, сол жерге тамақтарын қойған ғой. Барлығы реттеп істелген, көрдіңіз бе? Оның өзі – тарихи құндылық, - дейді Ж. Аймауытов атындағы жалпы орта білім беру мектебі директорының орынбасары Салтанат Сәрсенбайқызы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға