Жаңалықтар

Қазақ журналистикасындағы бейнелеудің негізгі үш әдісі

Қазақстандағы БАҚ-тың басын біріктіретін коммуникацияның ерекше типі
09.09.2017 11:20 7381

Журналистикада үш негізгі бейнелеу әдісі бар екенін айтып өткен жөн. Олар: фактілі, талдамалы және көрнекілік-үлгілік. Бұлар субъектінің объектіні тану мүмкіндіктерін кеңінен қарастыруға жол ашады: әдепкі сезіну түйсіктерінен бастап абстрактілі, теориялық түйсінуге дейінгі (оның ішінде көркем образды ашу да бар) аралықты қамтиды. Алғашқы екеуі бір-бірінен кейіптеу нысанына тереңдей ену дәрежесімен айқындалса, үшінші әдіс журналистиканы көркем әдебиетпен жақындастырып, публицистикалық (кей ретте көркем де) типтендіру деңгейімен ерекшеленеді. Мұндай типтегі материалдар оқырманды шындықты білуге үндеп қана қоймай, бейнеленген оқиғаның эмоциональдық қырын да ашып көрсете алады.
Кейінгі кездері жаңа технологиялық үдерістермен еркін ақпарат алмасу барысында пайда бола бастаған жарияланымдардың жаңа пішіндері арнайы жанр ретінде мойындалмаса да, олардың өзіндік мазмұндық-формалық белгілері қалыптаса бастады: болжам, түйткіл, мониторинг, компромат, парламенттік репортаж, журналистік зерттеу, эксперимент, ақпараттық кескін, эпитафия, рейтинг, ойын, езутартар, жасырын жарнама, презентация, азанама, т.с.с. Бұлар да публицистиканың сипатты ерекшеліктерін құрайды. Дәл осы тұста, теледидар, баспасөз болмаған заманда,  алғашқы қазақтың бұқаралық ақпарат құралдарының негізі қашан қаланды, неден басталды, өзекті тақырыптары қандай болды деген сауал туындайды. Бұл туралы мынадай деректер келтіре кетуге болады.

Алғашқы қазақ газеттерінің тілін зерттеуші Б.Әбілқасымов: «Біздіңше, алғашқы баспасөзіміздің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы рөлі әңгіме болғанда, ең алдымен, олардың әдеби тілдің бұрын болмаған стильдерін дамытудағы атқарған қызметі тұрғысынан сөз етуіміз керек сияқты» – деп жазады. Баспасөз бетінен көркем әдебиет стиліне жататын туындыларды да, саяси – қоғамдық публицистиканы да, ғылыми стильде жазылған материалдарды да, іс қағаздар үлгілерін де кездестіруге болады. Сондықтан, қазақ тілінде шыққан алғашқы газеттер аталған стильдердің қай-қайсысының да, соның ішінде ресми стильдің де қазақ тілінде қалыптасып, ары қарай дамуына ықпал еткені сөзсіз.

Профессор Б.Кенжебаев 1888 жыл мен 1928 жылдар арасында қазақ даласында 65 шамалы газеттер мен журналдар шығып тұрғандығынан хабардар етеді. Қазақ мерзімді баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Айқап», «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Қазақстан» газеттерінде жарияланған материалдардың мазмұндалған библиографиялары 1961, 1963 жылдары жарық көрді. Сондай-ақ, алғашқы қазақ басылымдарының редакторларына арналған еңбектер Б.Кенжебаев, Қ.Бейсембаев, Х.Бекхожин, Ә.Жиреншин, Т.Кәкішев, З.Тұрарбеков, Қ.Ыдырысов, З.Бисенғалиевтар жүргізген ғылыми зерттеулер нәтижесінде дүниеге келді. Зерттеуші Ө.Әбдімановтың «Қазақ» газеті туралы зерттеуі осы қатарды толықтырған еңбектердің бірі екенін айту керек . «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінің мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші, алғашқы қазақ газеттерінің осы күнгі әліпбиге түсірілген нұсқалары, «Айқап» және «Қазақ» газеттерінің энциклопедиялық басылымдары жарыққа шықты.
Қазақ публицистикасы негізін қалауына себепкер болған алғашқы қазақ газеттері «Дала уәлаятының газеті» (1870-1888 жж.), «Түркістан уәлаятының газеті» (1888-1902 жж.) Ташкент, Омбы қалаларында басылып шығып тұрғаны белгілі.

Аталған бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктіретін қасиеттің енді бірі олардың коммуникацияның ерекше типі (дискурс) болуында. Яғни, хабарды кімнің қабылдайтындығы, қанша адам қабылдайтындығы, қалай қабылдайтындығы белгісіз күйінде қалуымен де ақпарат құралдары ерекшеленіп тұрады.
Газет, теле, радио каналдарының жеке және ұжымдық субъектілер болуы оларды жарыққа шығарушылардың ортақтығына тікелей байланысты. Қолымызға тиіп отырған жаңа мәліметтер бойынша, Қазақстан аумағында бүгінгі таңда газет-журналдар, телеканалдар, радиоканалдардың бәрін қоса есептегенде жалпы саны 356 бұқаралық ақпарат құралдары қызмет атқаруда. Әрине, бұл көрсеткіш тағы да нақтылай түсуді қажет етеді. Соның ішінде газеттер туралы мәліметтерге көңіл аударғанда, олардың саны мен түрлерінде, типтерінде бірқатар сапалық та, сандық та өзгешеліктер пайда болғанын аңғардық. Айталық, газеттердің мемлекеттік және мемлекеттік емес түрлері пайда болған. Бірақ, мемлекеттік емес қазақ газеттері саны мен сапалық көрсеткіші жағынан әлі де өз деңгейлеріне жете алмай жатқанын аңғару қиынға түспейді, сонымен бірге мәліметтер әлі де нақтылай түсуді керек ететіндіктен, біз оларды жіктеп, бөліп жатпадық. Сонымен, Қазақстан территориясында қазір шығып тұрған басылымдар мыналар: «Алматы ақшамы», «Ана тілі», «Атамекен», «Байланыс» (орысша//қазақша), «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Жетісу», «Заң газеті», «Йени хаят», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ елі», «Қазақ үні», «Қазақстан мұғалімі», «Сақшы»/ На страже» (қазақша-орысша), «Түркістан», «Ұлан», «Шалқар», «Ақ босаға», «Әр жерде» (қазақша-орысша-ағылшынша), «Голос/Әділет» (орысша-қазақша), «Дат», «Еңбек таңы/Заря труда» (қазақша-орысша), «Жұма/Пятница» (қазақша-орысша), «Заман-Қазақстан», «Қазақ батырлары», «Қылмыс пен жаза», «Фермер», «Айналайын» (орысша), «Біз/Мы» (орысша), т.б.

Ашық қоғамдық жүйеге көшу кезіне тән газет саны үнемі көбейіп отыруы әрі газет лексикасы өзгерісінің де өте жылдам жүретіндігі себепті тілдік фактілер жинау кезінде басылымдардың бәрін қамту мүмкін болмады. Сондықтан жұмысымызда газетке тән типологиялық лексика түрлері барынша мол, жиі кездесетін әрі әдеби тілдің барлық нормалары сақталып, талғампаз қауым көңілінен шығатын, қазіргі заманғы ақпарат құралдарының дүниежүзілік даму тенденциясы мен деңгейінен қалыс қалмаған ден саналатын республикалық, халықаралық деңгейдегі газеттер тілі, сондай-ақ, тарихи деректер көзі ретінде алғашқы газеттер мен ұлттық тұңғыш басылым  «Қазақ» газетінің тілдік материалдары сарапқа салынды. Жалпы газет атаулының лексикалық құрылымы мен жүйесіне ғылыми тұрғыдан баға беру үшін қоғамдық-әлеуметтік ортаның жоғары, орта және төменгі деңгейлерін ескеру, яғни әлеуметтік фактордың газет тілін қалыптастырудағы маңызы назардан тыс қалмауы керек. Бұл фактор көбінесе басылымдардың таралымына да ықпал етіп отырады. Сондай-ақ, қаржы көзін табудың жолына, оқырман қауымның барынша көп бөлігін қамтуға бағытталған, қажеттіліктен туындаған тенденциялар қазіргі газеттердің басты стратегиялық бағытын айқындап, кей тұста бұрынғы типін өзгертуге дейін итермелеп отырғаны да қамтылды.

Сонымен бірге, газет лексикасының құрылымы мен жүйесіне тән ерекшеліктерді тану: оның құрылысына (айдар, тақырып, жанр, кейбір мәтіндік ерекшеліктеріне) тоқталу, сондай-ақ газет лексикасының типтерін – қоғамдық-саяси лексика, бағалауыштық лексика, бейтарап сөздер қатарын анықтау, оларға тән тілдік қабаттарға тарихи-семантикалық талдаулар жасау; газеттің типтік лексика түрлеріне тән басты белгілерін анықтау; соның нәтижесінде газеттің әдеби тілді дамытудағы, сөздік қатарды толықтырудағы, әдеби тіл тазалығы жолындағы, терминжасам мен сөзжасам саласындағы, тіл мәдениеті көрсеткіштері тұрғысындағы жетістіктері мен кемшіліктерін санамалау арқылы мүмкін болғанын айта кеткен жөн.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға