Жаңалықтар

Журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері анықталды

Журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері анықталды
Фото: parlam.kz 26.06.2024 01:22 572

Мәжілісте журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының қорытындысы жарияланып, арнаулы аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл жеті номинация бойынша 17 адам үздік деп танылды. Жеңімпаздарға сыйлықты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тапсырды.

Палата спикері алдымен «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары мен барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Соңғы жылдары журналистердің қызметін, сөз бостандығын қамтамасыз ету жолында көп шаруа атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының негізгі өзегі де сол. Соның бірден-бір көрінісі – осы Мәжіліс алаңы. Бүгінгі таңда БАҚ – бұл ақпаратты халыққа жеткізудің ең маңызды, объективті және жедел арнасы. Ал журналистер қауымын депутаттардың елді дамыту жолындағы нағыз одақтастары деуге болады, – деді Ерлан Қошанов.

Палата спикері Президент тапсырмасы бойынша әзірленген «Масс-медиа туралы» жаңа заңды депутаттар журналистермен бірге жазғанын және олардың көптеген ұсыныс-пікірін ескергенін атап өтті. Жаңа заң бұқаралық ақпарат құралдарының мүдделерін қорғайды және отандық медиа саласын жетілдіруге мол мүмкіндік береді. Оның жұмысына журналистер арасынан шыққан ең белсенді депутаттар қатысты. Олар әрқашан өз әріптестерімен байланыста және Мәжілістің ашықтығы үшін көп жұмыс істейді.

Cалтанатты жиында «Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясымен «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Юридическая газета» басылымының тілшісі Линара Сактаганова марапаталды.  

«Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясы бойынша «Хабар» телеарнасының тілшісі Алина Біржанова, «Almaty»  телерадиокомпаниясының журналисі Өмір Әнуарбек , «Еуразия» бірінші арнасы» телеарнасының тілшісі Жанел Қайнетден үздік деп танылды.

«Үздік бейне-сурет материалы үшін» номинациясы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің фототілшісі Виктор Федюнинге, «МИР» телеарнасының телеоператоры Марат Кураковқа табысталды.

«Үздік интернет және радио материалы үшін» номинациясын «BAQ.KZ» ақпарат агенттігінің тілшісі Гүлжан Раманқұлова, «NS» радиосынан Ербол Бегимбетов, «BES.media» желілік басылымының журналисі Дамир Байманов алды.

«Арнайы репортаж» номинациясы бойынша «24.kz»  телеарнасы «Мәжіліс live» бағдарламасының жүргізушісі  Анна Шолгина, «Abai.live» Youtube арнасының жүргізуші-редакторы Абай Тленшиев, «Zakon.kz» сайтының тілшісі Андрей Губенко марапатталды.

«Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында «Qazaqstan» Ұлттық арнасы «Apta» бағдарламасының жетекшісі Жайна Жаксылықова мен «Время» газетінің бас рекдакторы Лев Тараков жеңіске жетті.

«Парламент сөзі» арнайы сыйлығы номинациясы «Tengrinews.kz» желілік басылымы мен «Jibek joly» телеарнасының ұжымына табысталды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға