Жаңалықтар

«Журналист – мәртебелі мамандық». Тоқаев БАҚ өкілдерін марапаттады

«Журналист – мәртебелі мамандық». Тоқаев БАҚ өкілдерін марапаттады
Фото: Ақорда 27.06.2024 12:01 303

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттап жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз.

Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай.

Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады, - деді президент.

Тоқаев өз сөзінде еліміз дамудың жаңа сатысына қадам басқанын алға тартып, соңғы 5 жылдың ішінде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылғанын айтты.

Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Бір сөзбен, саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады.

Ең маңызды бастаманың бірі – Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Осы шешімнің саяси мән-мағынасы ерекше, бұл – мемлекет басқару ісінде жаңа стандарт қалыптастыратын маңызды қадам деп айтты.

Реформалар, өзгерістер әлі де жалғаса береді. Ең бастысы, бұл өзгерістер – халықтың таңдауы. Сондықтан біз ешқашан кері қайтпаймыз, тек алға қарай жүреміз. Біз экономикалық дамудың нақты бағытын айқындадық. Бір сөзбен, озық ел болу үшін ауқымды жұмысты қолға алдық, - деді ол. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға