Ашық дереккөзден

Журналист Диас Ахметшәріп өмірден озды

22.05.2025 20:47
Белгілі спорт журналисі Диас Ахметшәріп қайтыс болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Ол «Qazsport» телеарнасының тұңғыш директоры болды. Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосының репортері болып бастап, ұзақ жылдар бойы «Qazaqstan» телеарнасы мен «Хабар» агенттігінде спорт журналисі қызметін атқарған.
 
Марқұм мамыр айының басында Ақтау қаласында іс-сапарда жүргенде инсульт алып, кейін комаға түскен. Дәрігерлер оның жағдайы өте ауыр екенін айтқан еді.
 
Диас Ахметшәріп Ақтауға ІІМ жанындағы нашақорлыққа қарсы құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің жұмысы аясында, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің өкілдерімен бірге барған. 2-4 мамыр аралығында кеңес мүшелері – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, танымал спортшылар, медиа тұлғалар, сарапшылар, танымал блогерлер мен қоғам қайраткерлері өңірде есірткіге қарсы іс-шараларға қатысып, нашақорлықтың алдын алу бағытында әдістемелік және практикалық көмек көрсетті.