Жаңалықтар

Журналист әрі тележүргізушінің бір күні

Журналист әрі тележүргізушінің бір күні
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 28.06.2023 11:00 2452

28 маусым – журналистер күні. Мереке қарсаңында кәсіби журналист, тележүргізуші Ердана Ержанұлының жұмыс орнына барып, сұхбаттасып қайттық.

Ердана – Алматы облысы Талғар қаласының тумасы. Тележүргізушінің журналистика саласына деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүрген кезден басталған. Ердана жастайынан іс-шараларды жүргізіп, дикторларға еліктегенді жақсы көретін. Кейін Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде екі шет тілі бойынша білім алып, магистратураны «Болашақ» бағдарламасымен  Ұлыбританиядағы Кардифф университетінде оқыған.

Мансаптық жолын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы қызметінен бастаған.

Кардифф университетін тәмамдағаннан кейін 3 айдай жұмыссыз жүріп қалдым. Пандемия кезінде жаңадан қызметкерлерді қабылдайтын жұмыс орындары өте аз болды. Содан «Қазақстан Ғарыш Сапары»  компаниясына мүлде тәжірибесіз келіп, арнайы конкурстан өтіп, баспасөз хатшысы болып қызметке орналасамын. Аталмыш компанияда небәрі 2 ай жұмыс істедім. Десе де бұл қызмет орным журналистиканың ғарышына деген сапардың бастау алатын Байқоңыры секілді болды, - деді тілші.

Журналист әрі тележүргізушінің бір күні
©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ

Журналист әрі тележүргізушінің бір күні
©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ

Кейіннен журналист «Жетінші арнадағы» «Оян, Qazaqstan!» таңғы хабары енді құрылып жатқан кезінде қызметкерлерді жұмысқа шақыру туралы хабарламаны байқап қалады. Сөйтіп, ол түйіндемесін жолдап, жұмысқа орналасады.

«Оян, Qazaqstan!» мен үшін үлкен мектеп болды. Себебі бұл хабарға келгенге дейін телеарнадағы тәжірибем мүлде болған жоқ. Сол жерде қызмет еткен аға буын маған Қазақстандағы телевизияның кішігірім мектебін жасап берді. Бастапқыда 3-4 айдай сюжеттер дайындап жүрдім. Ол түсірілімдерімнің барлығы жақсы шықты деп айта алмаймын. Тіпті 20 дубльдан стенд ап жасаған кездерім де болған, - дейді тележүргізуші.

Таңғы хабарда тілшілік қызмет атқарып жүрген Ердана жақын арада жүргізуші болып кетемін деп ойламаған.

О баста хабарға жүргізушілер сайланғанымен, қажет болған жағдайда дайындық кезеңіне олардың орнына уақытша шығып жүрдім. Сол бірнеше ай дайындық барысында жүргізуші ретінде пісіп-жетіле бастадым. Негізінен мені эфирге шығару басшылықтың ойында болмаған. Десе де ол маған алғашқы эфир тізгінін беріп көруді жөн санады. Бірінші хабардан-ақ бұрынғы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен сұхбаттастым. Сол эфирдегі қимылым жасанды, сөзім жаттанды сияқты болып көрінді. Кейіннен продюсер, жетекшілеріміздің нұсқауымен түзеліп, жақсы деңгейге дейін көтерілдім, - деді ол.

Ердана Ержанұлы «Жетінші арнадағы» таңғы хабарда 1 жыл 3 ай көлемінде қызмет етеді. Содан 2022 жылдың маусым айынан бастап «Оян!» таңғы хабары «Хабар» телеарнасынан жүргізіле бастайды. Тележүргізуші сол сәттен бастап аталмыш хабарда аянбай еңбек етіп келеді.

Тілшілердің жұмысының қиындығы мен қызығы қатар жүреді десек мүлде қателеспейміз. Мұны біз Ердананың қызметінен байқадық. Журналистің нақты бір жұмыс режимі белгіленбеген. Шамамен бір апта тілшілік, бір апта жүргізушілік қызметін атқарады.

Журналист әрі тележүргізушінің бір күні
©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ

Тележүргізушінің тілшілік аптасындағы жұмысы таңғы 10:00-дегі жиналыстан басталады.

Жиналыста апта бойы не түсіріп, қандай материал дайындайтынымыз туралы жоспарымызбен бөлісеміз. Сосын күннің ыңғайына қарай түрлі түсірілімдерге шығамыз. Кейін 3-4 сағат кодировкамен айналысамыз, оны 2-3 сағаттай отырып монтаждаймыз. Сөйтіп, жұмыстан шыққанша сағат 19:00 болады. Бұл ең бір стандартты жұмыс уақыты, - деді Ердана.

Журналист таңғы хабарда қызмет еткеннен кейін түсірілімдерге кешкі 17:00-18:00 аралығында шығатын кездері болады. Таңғы уақытқа материал дайындау үшін кешкі 02:00-03:00-ге дейін жұмыс істейді.

Ал эфирге шығатын күндері тілшіні үйінен таңғы 03:30-04:00 аралығында жұмысқа қызметтік көлікпен алып кетеді.

Журналист әрі тележүргізушінің бір күні
Видеодан кадр

Эфир жүргізетін күні түнгі 02:00-де ұйқыдан тұрып, шашымды жуып, тамақтанамын. Кейін сағат 05:00-ге қарай Қазмедиа орталығына жетіп, бет әрлеу бөлмесіне барамын. Хабар басталғанға дейін киімімді киіп, бет, тіл жаттығуларын жасаймын, сценарийді бір қарап аламын. Содан сағат 07:00-10:00 аралығында эфир жүргіземіз, - деді ол.

Журналист әрі тележүргізушінің бір күні
©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ

Журналист әрі тележүргізушінің бір күні
©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ

Одан кейінгі 10:00 мен 11:00-ге дейінгі уақыт аралығында үзіліс болады. Журналист киімін ауыстырып, тамақтанып, демалып алғаннан кейін шамамен түскі 14:00-17:00-де ертеңгі эфирдің дайындығына кіріседі.

Кешкі сағат 20:00-де әріптестеріммен байланыс жасап, эфирге деген жоспарымызды тағы бір қарастырып шығамыз. Келген қонақтардың отыратын орнын, эфирге қажетті заттардың барлығын алдын ала ойластырамыз, - дейді тілші.

Ердана кешкі сағат 21:00-ден бастап өз бетімен эфирге дайындалады. Егер қонақтар көптеп келетін болса, сол дайындық уақыты түнгі 02:00-ге дейін созылады. Осылайша тілші тек қана 1-2 сағаттық ұйқымен таңғы эфирге кірісіп кетеді.

Кейде шаршағаннан құр сүлдерің қалатын апталар болады. Бірақ көрермендердің ыстық ықыласы мен келген қонақтың жымиып отырғаны шаршағаныңды лезде ұмыттырып жібереді, - дейді Ердана.

Ердана Ержанұлының тіл үйренуге бала кезінен бері қызыққан.

Кішкентай кезімде үйде ата-анам телефонмен шет тілінде сөйлесетін еді. Мен оларға қарап еліктеп, қызығатынмын. Ағылшын тілінен сабақ берген мұғалімдерім де ерекше білімді еді. Соның ықпалымен тіл үйренуге ашық болдым, - деді тілші.

Тележүргізуші 5 тілді, оның ішінде қазақ, орыс, ағылшын, жапон, қытай тілін жақсы меңгерген. Бүгінде ол француз тілін үйреніп жатыр.  

Алда 2024 жылы Парижде олимпиада болады. Оған біздің арнамыздың атынан барып келгім келеді. Сол үшін де бір жыл бұрын француз тілін оқуға деген тыңғылықты дайындығымды бастап кеттім, - деді.

Ердана өте талантты, талабы мол кәсіби маман. Ол жүргізуші, тілшілік қызметінен бөлек бос уақытында аудармамен айналысады. Қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі мәтіндерді жазбаша аударады.

Сөз соңында тележүргізушіге «заманауи тілші қандай болуы керек?» деген сұрақты қойдық. Ердана журналистер барынша бесаспап, әмбебап маман болуы қажет деп есептейтінін айтып жеткізді.

Журналист әрі тележүргізушінің бір күні
©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ

Егер тілші өзі мәтінін жазып, сюжет түсіріп, монтаждап, дыбыстап тәуелсіз жұмыс істей алса, онда ол таптырмас маманға айналады. Сондықтан төртінші билік өкілі жан-жақты жұмыс істей білуі керек. Сонымен қатар тіл үйрену журналистерге болашаққа, түрлі мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Ешқашан жаңа нәрсені үйренуден, білуден қашпау қажет, - деді ол.

Сондай-ақ Ердана Ержанұлы тілшілер адамдармен барынша жақсы қарым-қатынаста болуы керек деген ойын жеткізді.

Адам камерадағы жақсы қалпын, камерадан тыс уақытта да сақтай білуі тиіс. Өйткені жасандылық қай кезде де болсын байқалып тұрады. Иә, тілшілер мүмкін кейбіреулерге еліктейтін шығар. Десе де журналистің өз қолтаңбасы болуы қажет. Аталған қасиеттерді өз бойына қамтыған мамандар міндетті түрде жетістіктерге жетеді, - деп сөзін аяқтады журналист.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға