Жаңалықтар

Жүргізуші куәлігіне емтихандарды тапсыру ережелері өзгертілді

Жүргізуші куәлігіне емтихандарды тапсыру ережелері өзгертілді
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 14.08.2023 11:43 1088

Жүргізуші куәлігіне емтихандарды тапсыру ережелері антикордың мониторингінен кейін өзгертілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ІІМ-мен бірлесіп арнайы ХҚКО қызметіне мониторинг жүргізді. Оған бірнеше жыл бойы көлік құралдарын заңсыз ресімдеумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істер себеп болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында автокөліктерді заңсыз тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру шарттары анықталды.

Ақпараттық жүйелердің осалдығы, процестерді жеткіліксіз цифрландыруы, автокөлікті тіркеу рәсімінің жетілдірілмегендігі, емтихандарды қабылдау рәсімінің құқықтық олқылықтары, автомектептерде атүсті оқыту – осы факторлардың барлығы заңсыз делдалдық қызметтердің пайда болуына ықпал етті, - делінген мәліметте.

Мониторинг нәтижелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі уәкілетті мемлекеттік органдардың атына 22 ұсыныс жолданып, олардың жартысынан көбі орындалған.

Мәселен, ІІМ өзінің барлық аумақтық бөлімшелерінде автокөлік құралдарының дерекқорын түзетуге қолжетімділікті жапты, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар ішкі істер министрінің бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру рәсімі де күшейтілді. Яғни емтихан алушылардың міндетті биометриясы мен тестілеудің барлық процесін бейнетіркеу енгізілді, емтихандарды қайта тапсыру регламенті өзгертілді.

Пилоттық режимде арнайы ХҚКО мен ІІМ-де жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды. Жүйеде автомобильдердің деректерін, міндетті төлемдер мен алымдарды, айыппұлдарды автоматты цифрлық салыстыру тетіктері көзделген, кез келген түзетулер үшін мүмкіндіктер алынып тасталды.

Сонымен қатар, арнайы ХҚКО қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне жатқызу ұсынылды. Заң жобасы ҚР Парламентінде қаралуда, - делінген.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мамандандырылған ХҚКО-ларда құжаттарды ресімдеуге көмек ұсынатын тұлғалар әлі де болуы мүмкін. «Көмекшілердің» заңсыз қызметтеріне жүгінбеуіңізді сұраймыз. Егер сіз осындай фактілерге тап болсаңыз, онда Антикорға 1424 қысқа нөмірі бойынша дереу хабарлаңыз, - дейді агенттік өкілдері.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға